• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 19 Наурыз, 2024

Жамевю

80 рет
көрсетілді

Сіз дежавюдің не екенін біле­сіз. Ол кезде бұрын-соң­ды бол­маған оқиға болған секілді, бірінші рет келіп тұр­ған же­ріңізге бұрын келген секілді сезімде боласыз. Ең қызығы, осыған қарама-қарсы «жамевю» деген де бар екен.

Бұл құбылыста әбден таныс болып қалған нәрсе мүлдем жат әрі шындыққа жанаспайтын болып көріне бастайды. Кейде адам бұрын автоматты түрде жасаған ісінің қа­лай орындалатынын ұмытып қалады. Күнде көріп жүрген танысы бір қарағанда «бөгдеге» айналады. Мысалы, ғалымдар жүргізушілер кенеттен тоқтап, жол жиегіне шығуға мәжбүр болған жағдайларды зерттеген. Сөйтсе, олар бір сәтте көлікті қалай басқаруды ұмытып қалғанын сезінген екен.

Жамевюдің жайын ұғу мақса­тында ғалымдар эксперимент те жасаған. 94 адамға «жүрек» сөзін үздіксіз жаза беруді тапсырған. Сон­дай-ақ қолдың ауруы немесе зерігу сезімі пайда болған кезде ғана тоқтауға рұқсат етілген. Нәти­жесінде, қатысушылардың шамамен 70 пайызы сөздің жазылуын ұмытып қалып, алғаш қалам ұстап тұрғандай күйге түскен. Бұл туралы зерттеушілер «Memory» журналына шығарды. Айта кету керек, мұндай зерттеуді алғаш рет психолог Маргарет Флой Уошберн 1907 жылы жүргізген. Оның шәкірт­терінің бірі үш минут бойы бір сөзге қарап, бір сәтте сөздің мағынасын жоғалтып, не екенін ұмытып қалған.

Әлі толық зерттелмеген, құпияға толы бұл күй – кейбір әрекеттер автоматты түрде жасалып, жиі қай­таланғанда болады. Адамды бірден мәнсіздік басып, іс-әрекеті бақылаудан шығып кетеді. Мұны кейбір ғалымдар: «Адам өзінің өмірде шын мәнінде бар екенін тексеру үшін сол күйге түседі» дейді.

Қызық. Тұрмыстың түрмесіне түскен біздің заманның адамдарын ағзамыздың өзі ойландырғысы келетін секілді.