Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері АҚШ-тың Аризона штатының Феникс және Флоренс қалаларында өткен «Үздік жауынгер-2024» жарыстарында үздік атанды.
Сержант Мұхиадин Сұмағұл мен 2-сыныпты сержант Орынбек Сандыбеков «Үздік жауынгер-2024» жарысында бақ сынаған 40 қатысушының ішіндегі бірден-бір шетелдік болды.
Ұлттық ұланның, Қарулы күштердің және АҚШ-тың басқа да күштік құрылымдары арнайы бөлімшелерінің әскери қызметшілері қатысқан жарыста біздің десантшылар жауынгерлік дайындыққа байланысты барлық кезеңдерде үздік нәтижелер көрсетті. Әскери қызметшілер М.Сұмағұл мен О.Сандыбеков дене дайындығы, америкалық үлгідегі атыс қаруын бөлшектеу, құрастыру, оларды жауынгерлік күйге келтіру, тапаншадан, автоматтан және пулеметтен ату жөніндегі нормативтерді сәтті орындады.
Жарыс бағдарламасында, сондай-ақ радиостансаны баптау және байланысқа шығу, түнгі және күндізгі уақытта жергілікті жерді бағдарлау, алғашқы медициналық көмек көрсету, жаралыларды алып шығу секілді тапсырмалар да болды.
20 шақырымдық марш кезінде қолындағы қару-жарақпен және 16 килограмдық затпен 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының сержанты М.Сұмағұл бір сағат 59 минутта межелі қашықтықты еңсеріп, жеңіске жетті.
– Жарысты ұйымдастырушылар байқау тарихында мұндай жағдай әлі болған жоқ деп мәлімдеді. Біздің десантшымыздың жетістігін аты аңызға айналған кениялық жүгіруші Олимпиада чемпионы Элиуд Кипчогенің рекордымен салыстырды, – деп нақтылады Қазақстан Қарулы күштерінің Бас сержанты, сержант Темірбек Халықов.
2-сыныпты сержант О.Сандыбеков те жауынгерлік дайындық пәндерінде үздік нәтижеге жетіп, маршта екінші орыннан көрінді.