Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдеріне, мұсылман мемлекеттерінің елшілеріне, мүфтият жанындағы Ақсақалдар, Сарапшылар мен Жастар кеңестерінің мүшелеріне, сонымен бірге журналистерге ауызашар берілді.
«Рамазан – бірлік пен береке айы» атауымен өткен рухани кеште ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашар дастарқанының қадірлі қонақтарын қасиетті аймен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
«Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай.
Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат», деген ҚМДБ төрағасы осы қасиетті айда ораза ұстағандарға ауыз аштырудың да үлкен сауапты амал екенін атап өтті.
Өз кезегінде рухани кештің құрметті қонақтары Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс айтып, Діни басқарманың руханият саласындағы ауқымды істеріне тілектестігін білдірді. Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти арнайы дұға жасады. Сондай-ақ ауызашар қонақтарына Рамазан сыйлығы табыс етілді.
Ораза – қайырымдылық амалдары көп жасалатын кезең. Құдайдың сауабын алам деуші иманды азаматтар бұл сәтті қалт жібермей, қолында барымен бөлісіп, ізгі іс жасауды үдете түседі. Өйткені хадисте айтылғандай, Рамазанда жасалған нәпіл амалға парыздың, парыз амалға жетпіс парыздың сауабы беріледі екен. Осыған орай ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Рамазан айының алғашқы аптасында және Наурызнама аясында республика бойынша Қайырымдылық күніне орай 5055 отбасына азық-түлік себеттері таратылды.
Соның ішінде Астана қаласында 1250 отбасы қайырымдылық көмек алып, қуанышқа кенелді. Сондай-ақ 3 мүгедектер үйіне, 2 балалар үйіне және 2 қарттар үйіне қайырымдылық көмек көрсетілді. Одан бөлек мүфтият тарапынан 15000 отбасына ауызашар дастарқаны жайылды. Айта кетсек, мұндай ізгі амалдардың, яғни жұртшылыққа беріліп жатқан көмектердің жария түрде жасалуының еш сөкеттігі жоқ. Керісінше, басқаларға үлгі болуы, ел ішінде жаппай таралуы үшін оны көпшілікке көрсетудің де пайдасы мол.