Талдықорғанда 20 жастағы студент кісі қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиға 7 мамырда футбол матчын бірге көріп отырған жастар арасындағы жанжалдан кейін болған. Анасының айтуынша, 17 жастағы мектеп оқушысы ұлына пышақ сұққан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, марқұм Жәңгір Нұрланұлы сол күні достарымен футбол көруге барған. Пәтерде шамамен он шақты адам болған. Кейін жастар арасында жанжал туындап, соңы қайғылы жағдайға ұласқан.
Марқұмның анасы күдікті Жәңгірге алты тұстан пышақ сұққанын айтқан.
Алматыдағы студенттің өлімі: Қайғылы оқиғаға әділетсіз бағалау себеп болды ма?
Аталған дерекке қатысты Жетісу облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізіліп жатыр. Заңнамаға сәйкес қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер кешені жүзеге асырылып жатыр. Тергеу барысы Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған», делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жария етпеген.
Еске сала кетейік, Қызылордадағы «Болашақ» медициналық колледжі жатақханасында бірінші курс студенті қаза тапты. Марқұмның туыстары оның өліміне жүйелі буллинг себеп болғанын айтып отыр.
Бұған дейін Талдықорғанда ер адам танысын пышақтап өлтіргені туралы жазғанбыз.