Теңіз барда тіршілік бар. Кіші Аралдағы су кейінгі жылдары жағалаудан 500-700 метрге дейін алыстаса да, теңіз жағасындағы ағайын атакәсіптен қол үзген жоқ.
Теңізге жақын ауылдың жігіттері ата мен әке ескен қайықпен несібесін тауып келеді. Өйткені «Арал әлі де оралады» деген үміт пен сенім біржолата өшпеді. Иә, елдегі жігіттер балық аулайды. Әсіресе, теңіз маңына жақын Қаратерең, Жаңақұрылыс, Бөген, Қарашалаң, Аманөткел, Қамбаш ауылдары. Қыр жақтан Ақбасты мен Ақеспедегі ағайын да мұны ұмытпады. Кәсіп қылып, пұл тауып жүр.
Айтпағымыз басқа. Біздегі дария мен теңізге түсіріп жүрген қайықтың көбін ауыл жігіттері өздері соғады. Осыдан бірнеше жыл бұрын аралдық кәсіпкер Жансерік Нысанбаевтың қайық істей бастағанын естідік. Пластиктен арнайы қалыпқа құйып шығарыпты. Металл қайықтай емес, жүзгенде қауіпсіз. Төңкерілсе де суға батпайды.
– Әу баста құрылыс саласына қатты қызықтым. Бала кезде сурет салуға, түрлі бейнеде мүсін жасауға бейім болдым. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнында жүріп, Ақтөбе қаласында түрлі жұмыстың басын шалдық. Бір жағынан, ата-анаға салмақ салғым келмеді. Оқу ақысын өзім табам деген ниетпен қаладағы жиһаз сататын дүкенге жұмысқа орналастым. Жиһаз құрастыра жүріп, қолым әбден машықтанды. Атам Сенбі, өз әкем Темірбай да ағаш пен темірден түйін түйген ұста болған. Бөлек ұстаханасы болды, сол жерден шықпайтынмын. Содан шығар, бұл өнерді үйрену қиындық тудырмады. Ақыры, ойлана келе 2009 жылы бар қаражатымды жиып, станок сатып алдым. Арал қаласынан жалға ғимарат алып, өзімізше жиһаз цехін аштық. Нәтиже жаман болған жоқ, өнімдеріміз елге ұнады. Жеке тұрғындардан бөлек, мекемелер де тапсырыс бере бастады, – дейді кәсіпкер.
2012 жылы Жансерік өз күшімен бос жерге ғимарат салып, цехті үлкейтті. Екі жылдан соң «Даму» қоры» арқылы «Halyk Вank»-тен төмен пайызбен несие алып, жаңа әрі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарын түгендеді.
– Кәсіпкер жергілікті жерге нағыз қажет затты есепке алуы керек. Өзім «аралдықтардың басты тіршілігі не?» деген сұрақпен бас қатырдым. Әрине, біздің ел туралы айтсақ, алдымен еске түсетіні – балық пен тұз. Расымен, кейінгі жылдары аудан көлемінде балықшылық кәсіп жанданды. Теңізден бөлек, өзен мен көлден ауланған балықты өзіміздегі зауытта өңдеп, экспортқа шығарып жүрміз. Ал енді балықшыға суға түсіп аулау үшін қайық керек емес пе? Мұны біздің жігіттер ағаштан соғып алады немесе сырттан сатып әкеледі. Ойлана келе осы керекті дүниені өзімізден шығаруға бел будым, – дейді ол.
Ақпараттық заман дамуына ілескен Жансерік қайықтың технологиясын интернет арқылы үйренген. Алғаш істеген жұмысы сәтсіз болғанмен, тыңғылықты зерттеудің арқасында жобасы сәтті шыққан.
Қайық жасаудың шебері интернет арқылы бірнеше қалып үлгісін қолдан істеп, әбден сынақтан өткізген. Әзірге ол қайықтың үш түрін шығарып жатыр – «Прогресс-4», «Тримаран-410», «Касатка-520». Барлығы да шыныталшықты шайырдан, яғни пластик өнімнен құйылады. Керекті шикізатын Еуропадан алдырады. Төзімділігі темір мен алюминийден екі есе артық әрі тот баспайды, шірімейді. Сондай-ақ кәсіпкер тапсырыспен 4-5 метрлік құс қайықты да істей береді. Айына 5-6 қайық дайындалады.
– Бұл жоба 2016 жылы басталды. Талай сынақ пен ұйқысыз түндерді бастан кешірсек те, ең алғаш істеген қайықтың қуанышы әлі есімде. Қазір цехте тәжірибелі, өз ісіне жетік 8 адам жұмыс істейді. Барлығы – осы елдің азаматы. Айлығы да тұрақты. Ғимараттың тарлығына байланысты цехті кеңейту, алдағы уақытта айына 10 қайыққа дейін шығару ойымызда бар. Әрі биыл құрылыс материалдарын шығаратын цехті іске қоспақпын. Ол цехтің жұмысына қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп қойдым. Бүгінде кәсіп ашам десең, жобаң жаңашыл болса, мемлекеттен қолдау көп. Қайық пен жиһаз өндірісінен бөлек, енді Аралдан құрылысқа қажетті өнім шығатын күн алыс емес. Жалпы, еліміз сатып алушы емес, өндірушіге айналса деймін. Сол үшін осындай қадам жасадық, – дейді аралдық кәсіпкер.
Кәсіпкер ауыл мен аудан мектептерінде «Технология» пәні бойынша шеберханалар жұмысын күшейту керектігін айтады. Осыған қатысты арнайы жеке үйірмелер ашып, мектеп шәкірттері арасынан құрылыс пен техникаға ынтасы барларды оқытып, тәрбиелеген абзал. «Ондай мүмкіндік туса, балаларға білгенімнің бәрін үйретер едім» дейді Жансерік.
Әдепкіде Жансеріктің қайықтары Каспий теңізі, Балқаш пен Алакөлде жүзді. Ал жергілікті балықшылар екі-үш жылдан бері қызығушылық танытып келеді. Тапсырысты да жиілеткен. Себебі сапасы мықты, бағасы қолжетімді. Алдағы уақытта ол Ресей мен Грузия мемлекетінің нарығына шығуды жоспарлап отыр. Өйткені ол жақтан да қызығушылық танытқандар жетерлік.
Ең қызығы, цехтегі жігіттер әр қайыққа иесінің атын әсемдеп жазып, қалауынша бояп береді. Айтпақшы, былтыр наурыз айында Шымкентте әр өңірдің өнімі қойылған көрме өткен еді. Қызылорда облысынан барған жергілікті өнімдер ішінде Аралдан шығатын қайыққа қызыққандар көп болған деседі. Иә, өзен мен теңізге керек өнім өзімізден болса, неге қуанбасқа?!