• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Халық 19 Наурыз, 2024

Перзентханадағы мереке

89 рет
көрсетілді

Жыл басталғалы бері табиғаты дүркін-дүркін тосын мінез танытқан Алматыда да аяздың беті қайтып, жұрт мереке, думандардың лебін сезе бастады. Күн шұғыласына шомыла бастаған оңтүстік мегаполис үшін биылғы Наурыз шынында да ерекше басталды.

Жұрттың жақсылықты, жы­лылық пен сұлулықты са­ғын­ғаны сезіледі. Барлық ұйым, барша ұжымда көктем ме­ре­келерін айта жүрерліктей атап өтуге деген ұмтылыс бар. Жаңадан үрдіске ене бас­­таған әрбір атаулы күнге мән сыйлауға деген әдемі құл­шыныс бар.

Дегенмен осылардың ішін­дегі ең үлкен сый – дүниеге мейрам күндері келіп жатқан сәбилер. Мысалы, Алматыдағы №4 қалалық перзентханада Шаңырақ күні он бала дүниеге келсе, оның төртеуі – ұл, ал алтауы қыз екен.

Отбасылық құндылықтарды ұлықтауға арналған мерекеде перзентхана ұжымы да қарап қалмай, қол-аяғын енді бауырына жинаған аналарды сәбилі болуымен құттықтап, «Наурыз – базар» естелік сыйлықтарын тапсырды. Сыйлықтарға қоса, перзентхана ұжымы жас ана­ларға өнерден шашу шашып, дастарқан жайып, дәстүрлі ұлттық тағамдарын ортаға қойды.

Осынау ерекше сәтке БАҚ өкілдері де қосылып, нәрес­телерін мейірлене, құшағына құшырлана басқан аналармен дидарласып, әсерлі сәттеріне куә болды.

Айтқандай, Шаңырақ күнін­де шаңырағына төртінші бала­сымен оралғалы отырған 31 жастағы Эрика: «Бұл мерекеде үлкен мән, нышан бар. Нау­рыз қарсаңында босанып, әсі­ресе қызымның дүниеге ке­луі отбасылық құндылықтар күнімен тұспа-тұс келгенін жақсы ырымға баладым. Қазір қандай қуанышқа кенеліп отыр­ғанымды сөзбен жеткізу қиын. Ана болу – үлкен бақыт. Бізді елден ерекше, салтанатты түр­де құттықтап, сый-сияпат ұсын­ған перзентхана ұжымы қуантты. Барша отандастарымызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын және баршаңызға зор денсау­лық, бейбітшілік, өркендеу, әр үйге амандық пен отбасының татулығын тілеймін!», деді.

 

АЛМАТЫ