Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Журналистер одағының Шығыстағы филиалы өкілдерінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында садақ атудан ашық турнир өтті. Облыс орталығында өткен жарысқа елуден аса журналист қатысты.
Арғысы – Абай облысының Көкпекті ауданы, берісі – Самар, Ұлан, Катонқарағай аудандарынан келген сөз мергендерінің сұрмергендері анықталды. Қалай дегенмен, топтың арасында керіп тұрып садақ ату қанымызда бар екен. Кейбіреулер садақты сонда ғана қолға алып, сәл жаттығып, жарыс сызығына тұрды. Сөйте тұра жүлдеге ілінді.
Журналистер арасында тұңғыш өтіп тұрған сайыс әуелі ардагер журналист Уәлихан Тоқпатаевтың бата беруімен басталды. Ол жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жеңіс тіледі.
– Бабаларымыз ақ білектің күшімен садақ тартып, жаугершілік заманда ұлан-ғайыр атырапты кейінгі ұрпағына аманат етіп қалдырды. Ендігі тілеріміз сол, ел аман болсын! Бұл жебені бұрындары ел мен жерді жаудан қорғау үшін қолданса, бүгінде көшпелілер ойынында тек сәнге тартып жүрейік! – деді ардагер қаламгер Уәлихан Тоқпатаев.
Сайыста ерлермен қатар, нәзік жанды қыздар да бақ сынасты. Қорытындысында атқан жебелері нысанаға дөп тиіп, бірінші орынға жайғасқан – облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Дидар Ерболатқызы. 2-орынды «Рудный Алтай» газетінің фототілшісі Аяужан Өтеулинова еншілесе, 3-орынды тағы да «Менің өлкем» газетінің журналисі Қымбат Мухамадиева қанжығалады. Ал ерлер арасында облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Ынтымақ Толқын 1-орынды жебесіне ілді. 2-орын осы газеттің бас редакторы Серік Әбілханға, 3-орын Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газетінің редакторы Дархан Бердібекке бұйырды.
Сайыс соңында ұйымдастырушылар салтанатты шараға қолдау көрсеткен, демеушілік еткен азаматтарға алғысын айтты.
ӨСКЕМЕН