• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Таным 22 Наурыз, 2024

Ұлт тарихындағы ұлу жылы

1353 рет
көрсетілді

Күнтізбелік есеп бойынша Ұлу жылы күллі ғаламның қақпасын ашып кірді. Бұл жыл туралы халқымыздың ауызекі фольклорында: «Аяңдап бесінші жыл ұлу келер, Сыпайы көңіліңе жылу келер, Маусымда берекесін мол ғып беріп, Көңілді жабырқатпай түзу келер» дейтін бір шумақ бар. Осыған қарағанда, жаңа жыл – жарқын күндердің бастауы, жақсылық пен жайлылықтың бекем тұрағы, береке мен бірліктің тұнық бұлағы болар деген үміт мол.

Танымал этнограф Биқұмар Кәмалашұлы 2003 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты көлемді туындысында: «Ұлу жылын адамзат баласы жайлы жылдардың бірі деп санаған. Бұл жылдың жазы жауынды-шашынды, қысы қарлы-ызғарлы болады. Кей жылдары тым жайсыздық танытатында кезі бар» депті. Осы орайда, ақын Бейімбет Майлинның 1917 жылы жазған «Ұлу» атты өлеңіндегі: «Ұлу келіп көтерді елдің обалын, Мал жұтатып, сынын алды қораның, Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты, Атышулы былтырғы өткен қояның» дегені жоғарыдағы этнографтардың пайымымен үндесіп тұр.

Атап айтқанда ұлттымыздың өткен тарихында ұлу жылы орын алған елеулі оқиғалар баршылық. Мысалы, қазақ күнтізбесін зерттеуші һәм педагогика ғылымдарының кандидаты Мыңбай Өтежанұлы (1921-1983) біздің жыл санауымыздың 584 жылы ежелгі түркі қағандарының бірінің Қытай императорына жазған хаты сақталған дейді. Ол хаттағы: «Ұлу жылы тоғызыншы айдың оны күні жазылды» деген деректі алға тартады. Сонымен қатар ғалым ХІ ғасырда ұйғырлар тарапынан жазылып қазіргі таңда қытай архивінде сақталған тағы бір жазбада: «Ұлу жылы шақшапұт айының екінші жаңасы...» мәтін барын айтады (Исқақов М.Ө. Халық календары: - Алматы: Қазақстан, 1980. 256-б).

Бұрынғы қазақтар қолданып келген тіпті бертінде Шәкәрім Құдайбердіұлы мен ескі әбжаттық танымның білгірі Ақжан Машанилар жазып қалдырған көшпелілердің бес мүшелдік жыл санау есебіне негіздей отырып, өткен тарихтың қойнауына сіңіп кеткен, сөйте тұра қазақ тарихында ұлу жылдары орын алған оқиғаларды таныстырсақ:

1460 жылы қазақ билеушілері Керей мен Жәнібек Моғолстанның Есенбұға ханымен одақтасып, ойраттардың шабуылын тойтарады. 1556 жылы Бұйдаш хан Ноғай Ордасының шығыс жақ бөлігін Қазақ хандығы құрамына қосып алады. 1580 жылы атақты Хақназар хан шаһит кетіп, Қазақ Ордасының билігі Шығай сұлтанның қолына өтеді. 1604 жылы Есім хан ойраттарға ойсырата соққы береді. 1628 жылы қазақ тарихында «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағын дүниеге әкелген Есім дүние салады. 1652 жылы ойрат тайпасы хошауыттардың тұтқиыл шабуылынан Салқам Жәңгір шаһит кетіп, Батыр сұлтан билікке келеді. 1724 жылы ұлы жүздің сұлтаны Әбілқайыр қара қырғыздармен шешуші шайқаста жеңіске жетеді. 1748 жылы Нұралы Әбілқайырұлы Ресей патшайымы Елизаветаның шешімімен кіші орданың ханы болады. 1760 жылы қазақ-қырғыз соғысында қазақтар жеңіске жетеді. 1856 жылы Жанқожа Нұрмұхамедұлы хиуалықтарға қарсы көтеріліс бастайды. 1868 жылы Орал және Торғай облыстарында патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы қазақ руларының ықпалды көсемдері Сейіл Түркебайұлы мен Беркін Оспанұлы көтеріліс бас­тайды. 1904 жылы 6 маусымда ресейлік патша үкіметі «Қазақ даласындағы артық жерлерді пайдалану» туралы жарлық шығарып, Қазақстанға шаруаларды қоныс аударту, жерге орналастыру жөніндегі басқарма құрды. 1916 жылы Ресей үкіметі бұратаналарды тыл жұмысына алу туралы патша жарлығын шығарып, оған қарсы қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілістер басталады. 1928 жылы жаппай латын графикасы негізінде қазақ алфавиті енгізіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің 27 тамыздағы «Аса ірі бай шаруашылықтар мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару» туралы декрет қабылдап, нәтижесінде 657 бай жер аударылады. Олардан 145 мың ірі қара мал тартып алынып, ауылшаруашылық құралдары 877 колхозға, 24491 жеке шаруашылыққа бөлініп беріледі. 1940 жылы 10 қарашада қазақ тілі орыс графикасы негізінде жаңа алфавитке көшеді.