• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Наурыз, 2024

Әлемнің қолөнер шеберлері Астанада

95 рет
көрсетілді

Наурыз мерекесіне орай Астанадағы ЭКСПО халық­ара­лық көрме орталығында жәрмеңке өтіп жатыр. 21-23 нау­рыз аралығында елорда тұрғындары мен қонақ­тарына есі­гін айқара ашатын «Наурыз базары» ха­лықаралық жәр­меңкесінде жергілікті қолөнер шебер­лері мен іс­мер­лер. Түркия, Иран, Әзербайжан, Тәжікстан, Өз­бек­стан, Қыр­ғызстан, Түрікменстан, Ресейдің Баш­құрт­стан, Татарста­нынан келген шеберлер де өз бұйымдарын ұсынады.

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев бас қалада Наурыз мейрамын жалпыхалықтық сипатта мерекелеуге барлық жағдай жасалып, бірнеше орында түрлі ойын-сауық іс-шаралары өтіп жатқанын айтты. «Биыл әз Наурыз мейрамына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен айрықша мән беріліп, жоғары деңгейде аталып өтілуде. Он күн бойы тойланатын ұлық мерекемізге орай Астанада халықаралық жәрмеңке ашылды. Мұнда Өзбекстаннан келген қолөнер шеберлері өзіндік өрнегімен дараланатын ыдыс-аяқ бұйымдарын ұсынса, Иранның темірден түйін түйетін шеберлері өздерінің мыстан құйылған дүниелерін әкелді. Түркиядан келген шеберлер қыштан қашаған құмыра сынды құнды жәдігерлерімен тамашалаушыларды таңғалдырды. Бұрын-соңды елімізде Наурыз мерекесіне орай түркітілдес халықтардың жәрмеңкесі өткен жоқ. Мәдениет және ақпарат министрлігінің шақыртуымен келген шеберлердің бұйымдарын жергілікті тұрғындар тек көріп, көзайым болумен шектелмейді, сатып алуына да мүмкіндігі бар. ЭКСПО халықаралық көрме орталығындағы жәрмеңкені тамашалаушылар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Жастардың сурет салуына мүмкіндік бар, шетелден келген қолөнер шеберлерімен тәжірибе алмасып, шеберлік сабағын да алады», деді М.Жаңабаев.

«Астанада өтіп жатқан көрмеге көнеден келе жатқан қолөнер бұйымы саналатын мыстан әдіптелген құман, құмыра сынды ыдыстарды әкелдім. Темірден бұйым жасау өнерімен менің атам, оның әкесі – ұлы бабам шұғылданған екен. Қазақстанға алғаш келуім, алған әсерім ерекше. Бұған дейін әлемнің 30-ға жуық елінде бұйымдарымды көрмеге ұсындым. Еңбегім еленіп, ЮНЕСКО-ның арнайы сыйлығымен марапатталдым», деді Ираннан келген шебер Нәсір Лүтфи.

Түркиялық құмыра жасаушы Ахмет Ташүнжі қыштан қашап, отқа күйдіріп жасаған бұйымдары әлемде өте жоғары бағаланатынын айтты. 2019 жылы Италияда қолөнер шеберлерінің арасында өткен байқауда Ахметтің  қыш құмырасы 35 елдің арасынан үздік деп танылған. Түркияның Измир қаласында тұратын шебер қыштан бұйым жасау ерекше дамығанын, бәсекелестік жоғары екенін жеткізді. Тіпті қымбат  құмырасы 3 мың долларға сатылғанын да мақтанышпен айтты. «Қазақстанның жерін басқанда өзімнің топырағымда жүргендей әсерде боламын. Мүмкін бауырлас ел болғандығымыздан шығар. Еуропа елдерінің көрмелеріне бұйымдарымды апарамын. Атажұрттан халықаралық жәрмеңкеге шақырту келгенде ерекше қуандым», деді Ахмет Ташүнжі. Қырғызстаннан келген ісмер  Нұрия Исакова Талас шаһарында тұрады екен. Қолөнер бұйымдарының ішінде әйел затына арналған киімдерді кесіп-пішіп, тоқуды кәсіп етіп келе жатқанына 40 жылдың жүзі болыпты. Әжесінен, анасынан үйренген ісмерлік өнерді өрістету мақсатында жастарды да оқытатынын айтты. «Қазақстанда Шығыс халықтарының төл мерекесі саналатын әз Наурызды мерекелеу жоғары деңгейде өтіп жатқаны қуантты», деді Нұрия Исакова.

Астанадағы игі шарада тек қолөнер шеберлері ғана емес, отандық азық-түлік өндірушілер де өз өнімдерін ұсынып, жәрмеңкенің көрігін қыздырды. Әр өңірден фермерлер 200 тоннадан астам азық-түлік әкелген. Оның ішінде ет-сүт өнімдері, жеміс-жидек, балы, балық өнімдері бар.