• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс 24 Наурыз, 2024

Ақтаулық полицейлер тұрғынды соққыға жығып, ұрлықты мойындауға мәжбүрлеген

1763 рет
көрсетілді

Ақтау қаласында жергілікті тұрғын қалалық полиция басқармасы қызметкерлері соққыға жыққанын айтты, оны ұрлық жасағанын мойындауға мәжбүрлеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Лада» басылымы жазғандай, жәбірленуші 22 наурызда жұмысқа барар кезде көлігін оталдыра алмаған. Мәселе генератордың істен шығып, ауыстыруды қажет ететіндігінде болған.

Ер адам 20 жылдан бері білетін досы Викторға жүгінуді жөн көрді. Оның 21-шағынаудандағы өндірістік базасында генераторлар болған. Ашық тұрған базаға келген ол автоэлектриктен тексеріп, дұрысын таңдау үшін төрт құрылғыны алып кетеді. Виктормен хабарласа алмағандықтан, оған ескерту мүмкін болмайды. Көп ұзамай Виктордың ағасы базаға келіп, генераторлардың жоғалғанын біліп, полицияға хабарлаған.

Осы уақытта ер адам көлігін жөндеп, қалған генераторларды жүксалғышқа салып, үйіне қарай бет алады. Бір сағаттан кейін жұмысқа келе жатқанда оны жол полициясы тоқтатып, оның қылмыс жасағаны туралы қоңырау түскенін айтады. Олар полиция басқармасына баруды ұсынған.

Ер адамды полиция қызметкері Бауыржан күтіп алып, көлікті басқарма аумағына әкелуді талап еткен. Күдікті Викторға телефон соғып, мән-жайды түсіндірмек болған, бірақ Бауыржан оның жеңінен ұстап, ғимараттың ішіне, үшінші қабаттағы кеңсеге сүйреп апарып, телефонды тартып алған.

Ер адамның айтуынша, сол кезде тағы екі тәртіп сақшысы келіп, балағат сөздер айтып, генераторларды ұрлағанын мойындауды талап еткен. Ер адамды тыңдамастан, үш полицей оның бетінен, денесінен және аяғынан ұрып-соға бастаған.

Ер адам прокуратураға шағым түсіретінін айтқан. Бұл полицейлерді одан сайын ашуландырып, оны қаттырақ ұра бастаған. Көп ұзамай оларға ұрлық расталмағаны туралы қоңырау келіп, Виктор арыз жазудан бас тартқан.

Содан кейін Бауыржан жәбірленушіден кешірім сұрап, прокуратураға шағымданбауды өтінеді. Алайда жәбірленуші полиция бөлімшесі ғимаратынан шыға сала, қадағалау органына дереу арызданған.

Облыстық көпсалалы ауруханада оған кеуде, бас және бет аймағындағы жұмсақ тіндердің көгеруі, сонымен қатар жабық бассүйек-ми жарақаты және ми шайқалу диагнозы қойылған.

Lada.kz ресми пікір алу үшін Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметіне жүгінген. Ведомствода аталған факт бойынша прокуратурада қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Мән-жай анықталып жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа мәлімет жарияланбайды», деп жауап берді облыстық полиция департаменті өкілдері.