• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Басылым 27 Наурыз, 2024

Басқа басылымдардан: Мұнай өндіру болжамы өзгермейді

81 рет
көрсетілді

Қазақстан билігі ОПЕК+ келісімі бойынша өндіруді қысқарту жө­ніндегі міндеттемелеріне байланыс­ты биылға мұнай өндіру болжамын қайта қарауды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

«Болжам өзгермейді. Ерікті міндеттемелер (ОПЕК+ шеңберінде) бірінші және екінші тоқсанда сол қалпында қалады, оның соңында біз мұнай нарығындағы баға конъюнк­турасын және сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қарастырамыз. Бұл көлемді жалпы алғанда келесі кезеңде өтеуге мүмкіндігіміз бар», деді A.Сәтқалиев.

Бұған дейін Энергетика министрлігі осы жылдың соңында елімізде мұнай өндіру болжамы 90,3 миллион тонна болатынын хабарлаған. 2024 жылдың наурызында бірқатар ОПЕК+ елі бастапқыда бірінші тоқсанға жоспарланған мұнай өндіруді қосымша ерікті қысқарту шараларын ұзарту туралы жазды. Сондай-ақ Қазақстан мұнай өндіруді қосымша ерікті қысқарту мерзімін екінші тоқсанға дейін ұзартты.

 

Анталия дипломатиялық форумына қатысты

Анталияда (Түркия) өткен «Дип­ломатияны күйзеліс кезінде ілге­рілету» тақырыбына арналған форумға 100-ден астам мемлекет басшылары және үкімет, сыртқы істер министрлері, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылық топтардың өкілдері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған күрделі жаһандық геосаяси жағдайда дипломатияны күшейту қажеттігін айтып, бұл мәселені шешудегі форумның маңызды рөлін атап өтті.

Форумға Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты. «Түркі әлеміндегі институттандыру: ХХІ ғасырдағы Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ)» тақырыбына арналған панельдік сессияда Мұрат Нұртілеу Қазақстанның түркі әлеміндегі шешуші рөліне тоқталып, оның ТМҰ-ның бастамашысы және негізін қалаушы мүшесі ретіндегі мәртебесін, сондай-ақ ұйым аясындағы интеграцияны ілгерілетудегі белсенділігі туралы айтты.

 

Алматыда В5+1 форумы өтті

Орталық Азияның бес республикасы мен Америка Құрама Штаттары бар елдер тобы Алматыда бірінші B5+1 форумын өткізу арқылы алға маңызды қадам жасады.

Орталық Азия аймағындағы мем­лекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуды мақсат тұтатын Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы (CIPE) В5+1 тобын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Бұл жаңа бизнес-платформа халықаралық және жергілікті компанияларға жаһандық бизнес пен сауда мүмкіндіктерінен пайда табуға көмектесу, сонымен қатар алты елдің үкіметтеріне тікелей шетелдік инвес­тицияларды көбірек тартуға көмектесу үшін жасалған. Форумның алғашқы күні «Орталық Азияға көзқарас» деген тақырыппен өтті.

 

Венчурлық капитал өркендеп келеді

«RISE Research» серіктестері «EA Group» және «BGlobal Ventures», сондай-ақ «Crunchbase және» үкіметтік ұйымдармен бірлесіп жүргізген кешенді зерттеудің соңғы нәтижелері Қазақстандағы және Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы венчурлық капи­талдың өркендеп жатқанын көр­сетті.

Зерттеулерге сүйенсек, кейінгі бес жылда венчурлық капиталды қаржыландыру көлемі бес еседен астам өскен Қазақстандағы венчурлық капитал нарығы айтарлықтай ұлғайды. Өткен жылы аймақтағы венчурлық мәмілелердің жалпы көлемі 110 миллион доллардан асты.

 

Моңғолияға локомотивтер жіберіледі

Қазақстан Моңғолияға локомотивтер жеткізе бастады. Бірінші партиямен Моңғолияға әрқайсының құны 4 миллион доллардан асатын төрт локомотив жіберілді.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, қазақстандық локомотивтерге қазірдің өзінде Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Молдова, Әзербайжан және Түрікменстан сынды алты мемлекет тапсырыс берген. Моңғолия Қазақстаннан локомотив сатып алған сегізінші ел болып отыр.

Өткен жылы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы шамамен 133 миллион доллар болды. Қазақстанның Моңғолияға экспорты басым – 124,3 миллион доллар, ал Моңғолиядан 8,7 миллион долларды құрайтын импорт келді.