Қазақ елі биыл Наурыз мейрамын он күн бойы тойлады. «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Көрісу күнінен басталған мереке Тазалық күнімен түйінделді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Табиғат-ана да мейірім танытып, Ұлы даланың түкпір-түкпірінде сартап болған қасат қардың бауыры жылып, көбесі сөгілді. Осы айдың орта тұсынан басталған жаймашуақ күннің өзі мейрамның ерекше екенін паш етіп тұрғандай әсер қалдырды.
Жақсылықтың жаршысы
Атам қазақ ежелден Ұлыстың ұлы күнін жақсылықтың жаршысы жетті, мейірбандықтың жылы лебі есті деп, Наурыз мейрамының мәртебесін көтере думандатқан. Наурыз – күн мен түннің теңелетін, Самарқанның көк тасы жібитін күн. Кебеженің аузы ашылатын, сүрінің соңы асылатын, қазан оттан түспейтін, алғашқы уыз қатырылатын күн. Жер-ана бусанып, тіршілік атаулының тамырына қан жүгіретін күн.
Наурыз төл басы деп те тап басып, тамаша айтылған. Наурыз көже, оған салынатын тіл үйірер қазы-қарта, жал-жая, құйрық-бауыр, құрт пен ірімшік – бәрі де мал сүмесі. Төрт түлікті тең өсірген халқымыз аузыңды аққа тигізер сиырды – Зеңгі баба, мінсең көлік, ішсең сусын, желден жүйрік жылқыны – Қамбар ата, «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» делінетін қой түлігін Шопан ата, нар жолында жүк қалмайды делінетін түйені Ойсыл қара деп тектен-текке мақал-мәтелге айналдырмаған. Ас арқауы, береке бастауы – алыс ауылдардағы бейнеткеш еңбекші қауымның «Қой қоздап, қорада шу» деп бір серпіліп қалатын кезі де осы көктем.
Наурызға байланысты бар ырым-жоралғы, үміт пен сенім пейілдің кеңдігін, ниеттің тазалығын білдіреді. Бұл күндері араз адамдар татуласып, бір-бірінің алашақ-берешегін кешірісіп, жан жарастырып, көңіл жақындастыратын жақсы дәстүр бар. Арада реніш, жүректе дақ, көңілде сызат қалмасын деп, шытынаған, кетілген ыдысты сындыратын ырым содан шыққан. Құдайын ұмытқан адамға дауа жоқ, әйтпесе осы кезеңде ешкім ұрлық-қарлық жасамауға, дау-жанжал тудырмауға, елдің тыныштығын алмауға тиіс.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Мемлекет басшысының көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырмасына сәйкес дайындалған Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасы бойынша ұйымдастырылған биылғы Наурызнаманың бұрынғы мереке форматынан айырмашылығы көп болды. Жаңа мазмұндағы мейрам көпшіліктің көңілінен шықты. Халқымыз тұтастығы мен ынтымақтастығын көрсетіп, бір ұлт ретінде Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтті. Сөзіміз дәйекті болсын, енді жер-жерде Наурыз қалай тойланғанына аз-кем шолу жасап көрелік. Жалпы, он күн ішінде Қазақстанда он мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Наурыз түсінігінің жаңа мазмұны
Жаңа тұжырымдамаға сәйкес 14 наурыз Көрісу күні – Амал мерекесі ретінде белгіленді. Бұған дейін Амал мерекесін еліміздің батыс өңірі кең көлемде тойлап келгені мәлім. Әсіресе батыс өңірінің тұрғындары, маңғыстаулықтар Отпан тауға жиналып, айрықша атап өтеді. Биыл бұл дәстүр жалғасын тауып қана қоймай, барша өңірде кең көлемде көрініс тапты. Алматы секілді үлкен шаһарларда көшеге шыққандар көрісу рәсімін бар сән-салтанатымен орындады. Қызылордада ерікті жастар қарттар үйіне барып, үлкендерге құрмет білдіріп, ән мен жырдан шашу шашты. Түркістанда ауқымды концерт ұйымдастырылып, онда Амал мерекесінің шығу тарихы түсіндірілді. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп.
Көрісу күнінің жалпыхалықтық сипат алуы Наурыз түсінігінің жаңғырғанын айғақтайды. Филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығайдың пікіріне сүйенсек, бұрын Амал мерекесін кең шалқар қазақ жұрты түгел тойлаған. Кейін кеңес өкіметі тұсында, керітартпа саясаттың кесірінен, тасада, ұмыт қала бастаған. Айтпақшы, көрісу салты бізде ғана емес, парсыларда да кездеседі. Қазақстандағы Иран елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Әли Әкбар Талеби Матиннің айтуынша, осы күні жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, амандасып, олардың бата-тілегін алады.
«Адамдар арасындағы мейірімділікті, жақындықты арттыруға бағытталған көрісу салты осы аталған он күндік мереке ішінде орындалады. Қазақстанның батыс өңірлерінде ғана атап өтілетін бұл мерекенің қайта жаңғырып, биылдан бастап бүкіл ел көлемінде маңыз бен мәртебеге ие болып жатқаны қуанышты жағдай», дейді Әли Әкбар Талеби.
Өмірлік ұстанымға айналуға тиіс
Қайырымдылық, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, Шаңырақ күндері де еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтті. Мәселен, «Қазақстан халқына қоры» жиырма мың балаға жазғы лагерьге жолдама сыйлады.
Қарапайым азаматтар да аянып қалмады. Астанада еріктілер көшелерге шығып, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне бауырсақ пен ыстық шай таратты. Қызылордада көпбалалы және осал топ санатындағы 134 отбасы баспаналы болып, жаңа қонысқа қол жеткізді. Талдықорғанда 200-дей отбасына азық-түлік қораптары үлестірілді.
Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні аясында, Алматыдағы театрдың бірінде 200 жас домбырашы күй тартып, ұлттық музыка жанашырларын тәнті етті. Шығыс Қазақстан облысында ерекше «Бауырсақ Party» акциясы өтті. Абай облысында «Ұлттық қолөнер – бабалар мұрасы» атты қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Талдықорғанда наурыз көже жасаудың әдіс-тәсілі үйретілді.
Шаңырақ күні отау көтергендердің қарасы қалың. Өңірлерде талай жыл отбасылық өмірдің ыстығы мен суығын бірге бастан өткерген ата-әжелеріміз жас жұбайларға үлгі-өнеге боларлық тәлімді әңгімелер айтып, ақ батасын, ақыл-кеңестерін берді.
Наурызнаманың кезекті күні ұлттық киімге арналғаны мәлім. Бұл күн де халқымыздың тарихы мен мәдениетін айшықтайтын іс-шараларға толы болды. Қоғам осы рәсімге ерекше қолдау білдіргенін айта кеткен жөн. Ұлттық киіммен жұмысқа барған, көшеде киіп жүрген адамдар көп кездесті. Тұрғындар қазақы қамзол, оюлы шапандарын киіп, мерекелік шерулер өткізді. Ұлттық киімдердің сән фестивалі ұйымдастырылды. Ұлттық киім күнінен әлемге танымал жұлдыздарымыз да қалыс қалған жоқ. Димаш Құдайберген атақты испан опера әншісі Пласидо Домингоға шапан сыйлады.
Өлкетанушы Ерлан Күзекбай Наурызнама аясындағы Ұлттық киім, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күндері науқандық іс-шараға айналмағаны жөн деп біледі. Оның пайымдауынша, мұның бәрі бір күнмен шектелмей, халқымыздың күнделікті өмірлік болмысына айналуы қажет.
«Осы салт-дәстүрлердің барлығы бір күндік насихат емес, халқымыздың өмір бойы ұстанып өтетін қағидасы болуы керек. Жоғалтқан мұраларымызды, салт-дәстүрімізді қалпына келтіру, жаңаша ұлттық тәрбиелік бастамаларға жол ашып, әр адамның жүрегіне терең бойлата беру негізгі мұратымыз болуға тиіс. Мұның бәрі еліміздің күнделікті ұстанатын ұлттық идеологиясына айналуы қажет», дейді Е.Күзекбай.
Жаңару күні еліміздің түкпір-түкпірінде көктемгі ағаш егу дәстүрі жалғасын тапты. Қарапайым тұрғындардан бастап, түрлі мекемелер игі іс-шараға атсалысып, тал отырғызды. Мәселен, бір Алматы облысында ғана он алты мыңға жуық көшет егілді.
Жалпыхалықтық мейрам
Ұлттық спорт күні де қазақстандықтарға тың серпін бергені анық. Жер-жерде бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ атудан түрлі жарыс ұйымдастырылды. Солардың ішіндегі атап өтерлігі, Қазақстан мен АҚШ құрамалары көкпар тартысты.
Астанадағы «Арғымақ» кешенінде ауқымды мерекелік шара өтті. Осы орайда, Дүниежүзілік көшпелілер ойнының биыл Қазақстанда жалауын желбірететінін ескерсек, Ұлттық спорт күнін айрықша тойлаудың өзіндік символдық мәні бар.
Ынтымақ күні де халқымыздың бірлігі мен тұтастығын насихаттауға бағытталған түрлі іс-шараға толы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға барған жұмыс сапарында барша халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Президент әз Наурыздың күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналғанын айрықша атап өтті.
Сондай-ақ осы күні ірі телеарналарда телемарафондар ұйымдастырылды. Онда түрлі сала мамандары жаңарған Наурызнама мейрамына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Ынтымақ және Жыл басы ретінде аталған 21–22 наурыз күндері өткен іс-шаралардың бәрін теріп жазбай-ақ қоялық. Бастысы – мейрамды халқымыз ерекше көңіл күймен тойлап, шат-шадыман мерекеледі.
Нағыз еңбектің тойы
Онкүндікті Тазару күні қорытындылады. Жер-жерде тұрғындар сенбілікке шығып, экологиялық акцияға зор үлес қосты. Қыстай қар астында жиналып қалған қоқыстарды жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазының айтуынша, Наурыз мейрамы – нағыз еңбектің мерекесі.
«Біздің жақта күн жылынғаннан бастап арық тазалайды, бұлақтардың көзін ашады, тал отырғызады, жер аударады. Алғашқы өнімдерін егеді. Ешкім үйде отырмай, далаға шығып, үйін, ауласын тазалайды. Мұның бәрін ауыл тұрғындары ешкім айтпай-ақ, өздері істейді», дейді О.Асанғазы.
Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Илья Сухоносенконың пайымдауынша, «Наурызнаманың» соңғы күні Тазару күні болып белгіленуі бекерден-бекер емес.
«Себебі қазақ халқы қашанда тазалыққа, адалдыққа аса мән берген. Бізге бар нығметін берген Жер-анаға құрмет көрсетуге міндеттіміз. Ол үшін халық арасында қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық науқандар мен іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор», дейді эколог.
Айта кетерлігі, 23 наурызда «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы өтті. Соған сәйкес жергілікті уақытпен сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін дүниежүзіндегі танымал ғимараттар мен ескерткіштердің жарығын сөндірді. Аталған акция Халықаралық жабайы табиғат қорының (WWF) мұрындық болуымен жүзеге асты. «Жер сағаты» акциясына дүниежүзінен 2 миллиардтан астам адам, 180 елдегі 7 мың қаланың тұрғындары қатысқан.
Бұл күннің қоршаған ортаға қамқорлық жасауға арналған Тазалық күнімен тұспа-тұс келуі де кездейсоқ болмаса керек.
Қазақ қоғамының Жол картасы
Жалпы айтқанда, Наурызды жаңа форматта тойлау ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге мүмкіндік беретінін мамандар да, қарапайым халық та мойындап отыр. Қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері дәстүріміздің жаңғырып, мейрамның жаңаша сипат алғанын жоғары бағалады.
Белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғалидің пікірінше, әз Наурыздың жаңаша форматта тойлануы мерекенің мән-мағынасы мен мазмұнын байытады.
Тарихшы Жақсылық Сәбитов түркілер Наурызды жаңа жыл санағанын алға тартады. «Қазір Наурызды тойлаудың форматы өзгеріп жатыр. Бұған дейін екі-үш күн мерекелеп келдік. Енді оның түпкі мақсатын түсінудің өзгергеніне куә болып отырмыз», дейді тарихшы.
Наурыз мейрамының тарихын зерттеп жүрген жазушы Айбек Нәби Ұлыстың ұлы күніне ерекше мән беріп, жаңғырту отарлық санадан бас тартудың белгісі деп есептейді.
Журналист Азамат Ерғалиев жаңа форматтағы Наурызнаманы қазақ қоғамының Жол картасы деп пайымдайды. Оның айтуынша, халқымыз бұған дейін заманауи әлемдегі өз орнын іздеп, өзгелердің құндылықтарын сіңіріп келген. Енді мұны түбегейлі өзгертетін сәт туып отыр.
Этнограф Жамбыл Артықбаев та жаңа форматтың енгізілуін қуантарлық жаңалық деп есептейді. Осы орайда, маман мектеп оқушыларының демалысын 14 наурыз бен 23 наурыз аралығына ауыстыруды ұсынады. Оның пайымдауынша, мұндай қадам әз Наурызды халықтық тұрғыда тойлауға жол ашады. Осыған ұқсас пікірді ұстанатындар көп. Өнертану докторы Молдияр Ергебектің айтуынша, Наурызда онкүндік демалыс беру қажет. Сонда адамдар Наурыз мерекесінің бар күнінде бір-бірін құттықтап, ерекше тойлайды.
Ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығайдың пікіріне сүйенсек, әз Наурызды мәжбүрлеп тойлаудың қажеті жоқ. Тұрғындар бірте-бірте мұны бойына сіңіріп, уақыт өте келе жаппай сипат алады деп есептейді. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы Наурызды нағыз брендке айналдыруға мүмкіндігі бар мейрам санайды.
«Наурызды мазмұндық тұрғыда байытуымыз керек. Бұл тамақтану емес, ақыл-ойдың, парасаттың, білім мен біліктің мерекесіне айналуы қажет. Жаңа форматтағы Наурызнаманың түпкі идеясы – осы мәселелерге екпін түсіру», дейді Д.Қамзабекұлы.
Қорыта айтқанда, жаңа форматта, жаңғырған сипатта тойланған биылғы Наурыз мерекесін қоғам жылы қабылдады. Зиялы қауым өкілдері де, қарапайым тұрғындар да он күні бойы өткізілген іс-шараларға белсене араласты. Сол тұрғыда қазақтың ежелгі жаңа жыл тойлау салты Наурызнаманы жаңғырту сәтті жүзеге асты, қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпыхалықтық, отбасылық мерекенің тетігіне айнала түсті деуге толық негіз бар.
Наурыз ең алдымен – еңбек мейрамы, халықтың тойы. Көңілді көркем күйге бөлеп, тіршілікке тыныс беріп, еңбекке шабыт қосып, бүкіл жан-жануарды қарқынды қимыл-қозғалысқа шақырар мейірбан мейрам. Ендеше,
«Бүгін халықтың қуанышты, кең күні,
Күн менен түн – таразының тең түні.
«Құт-береке болмаса екен кем күні», –
деп тілелік, қолың жай-ау, Алашым», деп Міржақып ақын толғағандай, жаңа жылда жақсы тілек тілелік. Наурыз жанымызды жадыратсын, жүрегімізге шаттық сыйласын. Халқымызға, қоғамға, әрбір отбасына ырыс-несібе әкелсін!