• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2010

ҰЛЫ ЕЛМЕН АРАДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ОДАН ӘРІ ҰЛҒАЙҒАНЫ ҰТЫМДЫ

630 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Қытай арасын­дағы қарым-қатынас соңғы жыл­дары қарқынды дамып келе жатыр. Жоғары деңгейдегі кездесулердің жиілігі де соның айғағы. Соңғы 12 айда осындай кездесу бесінші рет болып отыр. Қазақстан мен Қытай БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты ха­лық­аралық беделді ұйымдарда да өза­ра бірлесіп белсенді іс-қимылдар жа­сауда. Сондай-ақ Қытай жағы Қа­зақстанның Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының съе­зі сияқты сыртқы саясаттағы бас­­тамаларына қолдау білдіруде. Екі елдің парламенттері арасын­да­ғы ынтымақтастық та жыл өткен сайын жақсы қарқында даму үстінде. Жоғарғы деңгейдегі кездесу барысында алдымен экономикалық ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Қазір бұл тарапта аса ірі, стратегиялық маңызды жобалар іске асырылуда. Соның ішінде “Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақ­стан-Қытай” және “Кеңқияқ-Құм­көл” мұнай құбырларын атауға бо­лады. Бүгінгі таңда Қазақстанда алы­натын мұнайдың үлкен бөлігі қытайлық компаниялардың қа­ты­суымен өндірілуде. Былтырғы жыл­дың сәуір айындағы Пекинге сапа­рын­да Қазақстан Президенті Н.На­зарбаевтың келіссөздері аясында бірлесе салуға қол жеткізілген бір­неше инфрақұрылымдық жобалар қазір қызу іске асырылуда. Соның ішінде Мойнақ СЭС-інің, Павло­дар электролиз зауытының, Ақтау­дағы жол құрылысына қажетті битум өндіретін зауыттың, Атырау МӨЗ-індегі ароматты көмірсутегін өндіру кешенінің, “ПетроҚазақстан Ойл Продактаз” МӨЗ-ін жаңғырту мен жаңарту, полипропилен шыға­ратын аса ірі газхимиялық кешен­нің бірінші кезеңінің құрылыстары бүгінде қарқын алған. Екі елдің арасындағы сауда ай­на­­лымы былтыр 14 млрд. АҚШ дол­­лары көлеміне жетті. Бұл Қазақ­станның 2009 жылғы сыртқы ай­налым көрсеткішінің 13 пайызынан астамын құрап отыр. Сауда бой­ын­ша әріптес елдердің арасында Қы­тай Қазақстан үшін Ресей Фе­дера­ция­сынан кейінгі екінші орын ала­ды. Ал Қазақстан Қытайдың ТМД елдерінің ішіндегі Ресейден кей­­інгі екінші орындағы сауда әріптесі. Екіжақты келіссөздер барысын­да экономикалық және инвес­тициялық ынтымақтастықтарды одан әрі тығыз жүргізу жолдары қарастырылды. Шағын құрамдағы кездесуден соң келіссөздер кеңей­тілген құрамда жалғасты. Оны аш­қан Президент Нұрсұлтан Наза­р­баев Ху Цзиньтаоға және делегация мүшелеріне оң сапар тілеп, екі ел­дің арасындағы тығыз ынтымақтас­тыққа Қытай басшысының қосып отырған жеке үлесін атап өтті. Соның айғағы біздің жиі кездесіп отырғанымыздан да көрінеді, деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы одан әрі қытай жағын “ЭКСПО-2010” дүниежүзілік көр­ме­сінің табысты өтіп жатқанымен құттықтады. Қытай экономикасының үсті­міз­дегі жылдың І тоқсанында 12 пай­ызға жуық қарқындағы өсімі аймақ­тағы елдер экономикасының сер­пін­­ді дамуына да оң ықпалын ти­гізеді. Соның ішінде Қазақ­стан­ның үстіміздегі жылғы 5 айдағы ІЖӨ өсімі 8,3 пайыз болды, деді Елбасы. Одан әрі Қытай жағының Қазақ­станға әлемдік дағдарысты ең­­серуге 10 млрд. АҚШ доллары көле­мін­де несие бергенін атап өтіп, оның ор­ын­ды жұмсалғанын айтты. “Кең­қи­яқ-Құмкөл” мұнай құбыры аяқтал­ған сәттен бастап Қазақ­стан­нан Қытайға жөнелтілетін мұнай көлемі 28 пайызға артып, жалпы көлемі 8 млн. тоннаға жуықтайтын болады. Бүгін біздің тиісті қыз­мет­теріміз “Бей­неу-Бозой-Шымкент” газ құ­быры құрылысының екінші кезеңін салу жөніндегі келісім-шарт­қа қол қояды, сөйтіп, “Орта­лық Азия- Қытай” жобасын одан әрі тереңдете түседі, деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті келесі ке­зекте жоғарыда аталып кеткен бір­лескен жобалардың қызу қар­қын­мен жүргізіліп жатқанына қанағат біл­дірді. Біздің елдеріміздің ара­сын­дағы сауда айналымы үстіміз­дегі жылдың І тоқсанында 56 пай­ызға артты. Сөйтіп, қазірдің өзінде біз дағда­рыс­қа дейінгі 17 млрд. доллар көлеміне жақындап қалдық, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан Президенті сондай-ақ Қытай бас­шы­сымен шикізатты емес сектор­дағы шаралар жоспарын қайта қа­рап, оны ин­дус­триялық-иннова­циялық техноло­гиялар деңгейінде жетілдіруге келі­сіл­генін айта келіп, осының өзі екі елдің арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін атап көр­сетті. Біз екі елдің арасындағы көлік-транзит саласындағы ынтымақтас­тық­қа да үлкен маңыз беретін бо­ламыз. Қа­зір “Батыс Қытай-Батыс Еу­­­ропа” автожолы, “Қорғас-Жет­і­­­ген” темір жолы салынып жатыр. Бұлар – біздің ынтымақтастығы­мыз­дың ма­ңызды нысандары. Осы­нау инфра­­құрылымдық нысандар­дың құры­лысына Қытай жағының ШЫҰ елдері ынтымақтастығын қолдауға бөлетін қаражатының біраз бөлігі арналатынына біз үміт­тенеміз, деді Қазақстан Пре­зиденті. Одан әрі ау­ыл шаруа­шы­лығы са­ласындағы ынтымақтастық туралы айта келіп, Қазақстаннан Қы­тайға және Қытай аумағы ар­қылы басқа елдерге астық шығару туралы жұ­мыстар жүргізіліп жатқ­а­­нын жет­кізді. Осының бәрі біздің ын­ты­­мақ­тас­тығымыздың тереңдеп келе жатқанын көрсетеді, дей келіп сө­зінің соңында Ху Цзинь­­­таоның бү­гінгі сапары екіжақты ынтымақ­тас­тықты одан әрі терең­детіп, оны жа­ңа сатыға көтеретініне сенім білдірді. Жауап сөзінде Қытай басшысы Қазақстан Президентінің ша­қы­руы­мен Астанаға кезекті рет келіп, жылы қабылдау көріп отырғанына ризашылығын жеткізді. Тәуелсіздік алған сәтінен бастап Сіздің дана бас­шылығыңызбен Қазақстан хал­қы дамудың даңғыл жолымен алға басып келеді. Қазақстанда қоғам­дық тұрақты жағдай қалыптасқан, экономика тоқтаусыз алға басуда, осының бәрі халық тұрмысын үз­діксіз жақсарта түсуде және ол Сіз­дің елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда. Әлемдік эко­номикалық дағдарыс жағдай­ын­да Қазақстан дағдарысты еңсеретін шаралар бағдарламасын өз уақы­тын­да қабылдады. Соның арқасын­да дағдарыстың салқынын барын­ша азайтып, экономиканы дамыту­дың оң қарқынын сақтап қалды. Қытай жағы Қазақстан тарабының табыстарына шын жүректен қуа­нады және осындай табыстарға ал­дағы уақыттарда да жете беруін тілейді, деді Ху Цзиньтао. Кеңейтілген құрамдағы кездесу­­лер аяқталған соң үш екіжақты құ­жатқа қол қойылды. Соның ішінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исе­­кешев пен ҚХР-дің Даму және реформалар жөніндегі мемле­кет­тік комитеті төрағасының орын­ба­сары – Энергетика жөніндегі мем­лекеттік басқарманың жетек­ші­сі Ч.Гобао атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану саласы бой­ын­ша ынтымақтастық туралы келі­сім­ге, “ҚазМұнайГаз” ҰК”АҚ бас­қар­масының төрағасы Қ.Қабылдин мен Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясының президенті Ц.Цземинь Қазақстан-Қытай газ құбыры екінші учаскесін жобалау, қаржыландыру, салу және пайда­ла­нудың негізгі қағидаттары туралы келісімге, “Қазатомөнеркәсіп”ҰК төрағасы В.Школьник пен Қытай­дың Гуандун ядролық-энерге­тик­а­лық корпорациясының вице-пре­зиденті Ц. Юйшэн табиғи уранның концентратын сату және алу жө­ніндегі келісім-шартқа қол қойды. Кездесу соңынан екі мемле­кет­тің басшылары БАҚ-қа мәлімдеме жасады. Бұл кездесудегі негізгі ерекшелік – біз шикізаттық емес секторда ынтымақтастықты ұлғай­тып, бірлескен жобаларды іске асы­руға келістік, деді алғашқы болып сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев. Қытай басшысы Қазақстанға осы­мен алтыншы сапар жасап отыр, соның арқасында біздің қарым-қатынастарымыз өмірдің барлық салаларында жоғары қарқынмен дамып келеді. Біздің елдеріміздің арасындағы стратегиялық қарым-қатынастар өзара сенім, түсіністік және тату көршілік қағидаттарына негізделген. Біздің елдеріміздің ха­лықаралық аренадағы ұстанымдары көп жағдайда бір-біріне сәйкес келеді, сыртқы саясаттағы өзара ын­тымақтастығымыз да тереңдей түсуде. Бұл біздің халықтарымыз­дың талабы мен тілегіне дөп келеді, дей келіп Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында жасалған келіссөз­дерді жо­­­ғары бағалайтынын жет­кіз­ді. Біздің елдеріміздің арасындағы іскерлік байланыстар бүгінгі күні мүл­де жаңа, сапалы деңгейге көте­рілді, деді Қазақстан Президенті. Ал ке­ліс­сөздер барысында Қыр­ғыз­стан­дағы жағдай туралы да пікір алы­сылғаны, сонымен бірге, бұл елге гуманитарлық көмек жасау мәсе­ле­лері де талқыланғаны белгілі болды. Қытай басшысы Ху Цзиньтао келіссөздер барысына өзінің толық қанағат білдіретінін жеткізді. Біздің қол жеткізген келісімдеріміз екі­жақты қарым-қатынастарды дамы­ту­ға ғана емес, аймақтағы тыныш­тық пен тұрақтылыққа да қызмет ететін болады. Энергетика сала­сындағы, шикізаттық сектордағы ынтымақтас­тықтардың дами түсуі біздің елде­ріміздің мүддесіне толық сай келеді, деді Қытай басшысы. Сөзінің соңында ҚХР Төрағасы Қазақстан Президенті Н.Назар­баев­ты Қытайға ресми сапармен келуге шақырғанын және ол қабыл алынғанын айтты. Жақсыбай САМРАТ.