Біздің жастық шағымыз нағыз думанды ортада өтті. 1982 жылы сол кездегі еліміздің маңдайалды оқу орны С.М.Киров Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданып, студенттер қалашығындағы жатақханаға орналастық, жаңадан ашылған ғимаратта оқуымызды бастадық. Небір талантты ақындар мен жазушылар, журналистер білім алған білім ордасының кезекті толқыны болып біз де қосылдық. Алдымыздан сол кездің өзінде әдеби қауымға танылып қалған Светқали Нұржан мен Кенжебай Ахметов шықты. Кенжебай аға – прозаик, Светқали аға – ақын. Сөйтіп екі ақын болып жүргенде көп ұзамай Болат Қорғанбеков деген ақынның келгені. Енді үшеу болдық. Үшеуіміз бір үйдің баласындай болдық.
Қызық-думаны мол студенттік шақ жадымызда ерекше қалды. Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Жанғара Дәдебаев, Шәкір Ибраев, Алма Қыраубаева, Әбдуәли Қайдар, Мархабат Томанов, Сапархан Мырзабеков, Берікбай Сағындықов, Хасан Каримов сияқты өз пәнінің білгірі, әдебиеттану мен тіл білімінің білікті мамандары болған ұстаздардан алған білім қай-қайсымызға да аз олжа емес еді. Одан тыс жатақханада, оқу ғимаратында жиі өтетін әдеби-мәдени кездесулер бар. Жазушылар одағына, газет-журналдардың редакциясына баруымыздың өзі біз үшін бір арманымыз орындалған, ерекше бақытты сәттер еді. Осындай сәттерде дерлік Светқали аға, Болат үшеуміз бірге жүреміз. Светқали ағаның жұбайы, курстас құрбымыз Бибайша қасымызда. Курстағы жасы жағынан да, бойы жағынан да ең кішісі мен болғандықтан ба, курстастарым мені сіңлілеріндей, қарындастарындай мәпеледі. Әсіресе Қызылорданың Жаңақорғанынан келген Салиха туған әпкемдей өз қамқорлығына толық «көшірді». Болатты да ауылдас, сүйегі бір туыс інісі ретінде қатты «қадағалауға» алды. Күллі курстастарымыз үшін «Салиханың шайы» ерекше еді. Басымыз жиі қосылатын біздің бөлмедегі бұл дастарқанда да айтылатын әңгіме тек өлең, әдебиет айналасында болды. Светқали ағаның тегеурінді жырлары мен Болаттың ойлы өлеңдері тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, ерекше әсерге бөлейтін.
Сонымен біздің студенттік һәм ақындық күндеріміз былайша айтқанда «жұлдызды» болып өтіп жатты. Светқали аға мен Бибайша отбасылы болғанда пәтер жалдап, ендігі біраз дастарқан сол жаққа қарай ауысқан кезде де мұндай тамаша мезеттер азайған жоқ. Әрине, журналист жігіттермен бас қосатын отырыстарында мен бола қойған жоқпын. Болсам да дастарқаннан шеттеп, Бибайшаның қасына ойысып, асүй жағын жағалайтынмын. Светқали аға мен Болат бес-алтау, тіпті одан да көп болып тобымен келетін «қаламдастарына» төтеп беріп, өлеңнің тиегін ағытатын.
Болат осылай студент кезінде өз айналасына ақын болып танылған-ды. Тіпті сол кездегі беделді журнал «Жалынға» өлеңдері де жарияланды. Ол кезде газет-журналда өлеңің шықса, ақындығың бекітіліп, дәйектелді, күллі қазақ даласы таныды деген сөз. Менің баяғы бір блокнотымда Болаттың студенттік шақтағы философиялық мәні салмақты өлеңі бар еді. Есімде қалған жолдары:
Жалған дүние, түк естімес керең бе ең?
Керең болсаң кереңді ішші дер ем мен.
Бірақ... бірақ... түсінем ғой, түсінем,
Дауысы оның естілмейді тереңнен...
Болаттың жастық жырларының өзі осындай ойлы, салмақты болып келетін. 1988 жылы «Жалын» журналында жарқ еткен өлеңдері оның беделін тіптен көтеріп жіберді. Осы топтамадағы «Кассандрамен тілдесу» атты өлең оның қалам қарымын, әдеби өресін танытатын ерекше бір дүние болды.
...Нәзік жаның бәрінен жасқанды да,
Жанарыңнан шарасыз жас тамды ма?
...Сенің жүгің мойнымда бүгін менің,
Жаралы да жалғыз жан – Кассандра...
Ежелгі поэзиядан бүгінгі поэзияға дейін жалғасқан жалғыздық сарыны Болаттың өлеңінен осылайша орын алған. Грек мифтерінде, Гомердің «Иллиадасында» айтылатын Кассандраның көріпкелдігі және оған ешкімнің сенбеуі оқиғасы көркемөнер туындыларының қаншасына арқау болғанын санап айта алмаспын. Алайда қазақ өлеңінде Кассандра болмысы осындай философиялық ой, лирикалық нақышпен жырланғанын айта аламын. Музаның һәм көздегенінен мүлт кетпейтін күміс жебенің әміршісі, лира аспабының хас шебері дейтін Аполлонның өзіне деген сезімін тәрк еткені үшін осындай жазаға ұшыраған жаны жаралы, тағдыры қаралы Кассандраны жиырма екі жасар Болат поэтикалық тұлға-символ ретінде осылай кескіндеді. Болаттың поэзиясына пікір білдірген қазақтың ғажайып сыршыл ақындарының бірі Исраил Сапарбай бұл өлең туралы: «Кассандрамен тілдесу» жас ақынның іздену жағрапиясын ұсынып қана қоймай, ойлы түйін таба білетінін де аңғартқандай. Кассандра тағдырын айта келіп, ақын тағдырының да оңай емес екендігін меңзеп, шебер қисын жасайды», дейді. Жас ақынның ерекшелігін: «Болатта объектіні алға сала отырып, ойды өлең соңында астарлап беру жағы анық байқалады», деп көрсетеді.
Осылайша, ақын Болаттың жұлдызы жарқырап жүрді. Ақындығымен ғана емес, жақсы әншілігі, домбырашылығымен де белгілі болды. Ол әуелеткен «Бір келіншек» әнін күллі ҚазМУ қалашығы ұйып тыңдады.
1986 жылғы желтоқсан көтерілісі – біздің студенттік шағымыздың тарихи оқиғасы болды. Сол жылы біз бесінші курстамыз. Болат екінші курс студенті. Алаңға курстастарым Салиха, Бибайша, тағы басқа курстас қыз-жігіттер шықты. Светқали аға мен Болат та сол алаңда жүрді. Болаттың жанында Шардияр Уәлиханов, Нұрлан Сүйінов деген курстастары да болды. Қаныбек Бижанов пен Қанат Әбілқасымов та олардың қасында болды.
Қазақ жастарының алаңға шығып, билікке наразылық білдіруі әкімшіл-әміршіл жүйені естерінен тандырды. Билік жастарға «бұзақылар, нашақорлар, бүлікшілдер» деп айып тағып, жала жауып, сол бойынша тергеу-тексеру жұмыстары қарқынды түрде басталып кетті. Әр қадамымыз аңдулы. Жатақханадан ешқайда шығармайды. Осындай сын сағат, сынаулы күндерде де Болат өз позициясынан айнымады. Біз осылай желтоқсанның ызғарына да шарпылдық...
Болаттың ақындығымен қатар ғылымға деген ерекше қабілеті оқытушы-ұстаздар назарынан тыс қалған жоқ. Университетте өтетін ғылыми конференциялар мен әдеби кештер талай талантты жастардың бағын ашты, олардың әдебиет пен ғылым әлеміне келуіне жол көрсетіп, жөн сілтеді.
Міне, біздің жастық шағымыздың тарихи алаңы осындай болды. Біз 1987 жылы оқу бітіріп, «Желтоқсан желінің» екпінімен Алматыдан алысқа кете бардық. Қуғын-қудалау, қысым көрсек те біз бұл көтеріліске қатысқанымызды әрдайым мақтан тұтып, ел алдында орындалған бір борышымыз деп білдік. Өйткені біздің Желтоқсан мызғымастай көрінген «алып империяның» іргетасын шайқалтып, қабырғасын тітіретті. 1988-1989 жылдардағы Алаш арыстары есімдерінің елімен қайта қауышуына да сол желтоқсан оқиғасының ықпал еткені айдан анық.
Болат 1990 жылы университет бітірген соң Алматыдағы қалалық атқару комитеті жанындағы Тіл үйрету орталығында оқытушы болады. Кейін Ұлттық ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инситутында қызметке барды. Одан соң Өзбекстанның Гүлстан қаласындағы Ғафур Ғұлам атындағы мемлекеттік университетінде оқытушылық, одан кейін кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары қызметтерінде болды. Түбі бір туыс өзбек еліндегі қаракөз қандастарымызды маман ретінде тәрбиелеуге өз үлесін қосты.
Болаттың ғылыми-педагогикалық еңбегі салмақты зерттеулермен толығып отырды. Белгілі ғалым, академик Рахманқұл Бердібайдың жетекшілігімен «Шора батыр» жырының ұлттық нұсқалары (генезис, тұтастану, тарихилық мәселелері)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Жыр нұсқаларын салыстыра отырып, ондағы тұтастану сипатын, тарихи негіздерді танытып, құнды тұжырымдарға қол жеткізген бұл еңбек – қазақ фольклортануындағы салмақты дүние. Түркі дүниесінің белгілі ғалымдары Болаттың бұл зерттеуіне ерекше назар аударып, жоғары баға берді. Болат осы жылдары Түркістандағы Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде қызметте болғанда осы университет Сенатының және университет жанындағы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақ әдебиеті кафедрасының құрметті меңгерушісі болған ұстазы академик Р.Бердібайдың қасында атқарушы меңгеруші болды. Академик Р.Бердібай басқарған халық университетінің заңды жалғасы болған Түркістан қаласындағы академик дәрістерінің өтуіне Болаттың жәрдемі көп тиді.
Болаттың ғылым жолындағы ізденісі ұлт руханиятымен сабақтасып, «Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» шығармасы мен қазақ фольклорының мазмұндық-көркемдік сабақтастығы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын тәмамдады. Өкінішке қарай, диссертация қорғаудың бұрынғы дәстүрлі жүйесі тоқтатылып, жаңа қорғау жүйесі тек PhD академиялық дәрежесін берумен шектелгендіктен, қорғауға дайын зерттеу еңбегінің әрі қарай жолы болмады... Ғылыми-педагогикалық жолдағы ізденісін бәсеңдетпеген Болат Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы бола жүріп, фольклортану саласында бірқатар салмақты зерттеулер жүргізді. Кейін «Сырдария» университетінің доценті қызметінде де жүйелі ізденістерін жалғастырды.
Болаттың еңбек жолы соңғы он жылдан бері ел ордасы Астанада жалғасып келеді. Атап айтсақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. Белді-белді шығармашылық ұйым-комиссиялардың мүшесі.
Міне, Болаттың бел-белесі осындай салмақты да салиқалы мазмұнмен әдіптелген. Ғалым-ұстаздың ақындықтан бастау алып, ғылымдыққа ұласқан еңбегі өзінен кейінгі толқынға өнеге боларлық.
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,
ақын, әдебиеттанушы