Наурыз мерекесінің қарсаңында Шымкенттің Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың екі бөлімнен тұратын «Дариға жүрек» атты поэтикалық сазды толғауының премьерасы өтті. Спектакльге мұзбалақ ақынның «Дариға жүрек» пен «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының мазмұны арқау болды.
Поэтикалық қойылымда М.Мақатаевтың жырлары сахна төрінде оқылып, поэма тақырыбымен үндес сазды әндер өлеңдермен қатар өрілді. Ең бастысы залда отырған көрермен сахнадан ақиық ақынның сезімдерін, ішкі жан дүниесі мен толғаныстарын қойылым арқылы басынан кешкендей әсерде отырды. Театрсүйер қауым актерлермен бірге мұңайып, бірге қуанды. Бұлбұл үнді Дариғаның шартарапқа жайылған көңілді әндерімен шаттыққа кенелді. Кейін тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған келіншектің ауыр қайғыны көтере алмаған сәтіндегі көрініске кәдімгідей көңілдері құлазыды. Өмірде адалдықтан, тазалық пен пәктіктен асқан асыл қасиет жоқ екенін анық ұғынды.
Жалпы, «Дариға жүрек» поэтикалық толғауы – өмірде болған, ақынның басынан өткен оқиға желісінде жазылған шығарма. Бұл оқиға сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары болған. Жас келіншек Дариғаның жан жары қан майданға аттанады. Сол кезде күйеуін аңсаған, аман-есен оралатынына үмітін үзбеген жас әйелдің бұлбұлдай сайраған әндері айналаны керемет шаттыққа бөлейді. Алайда майданнан келген «қара қағаз» оның бар үміт-арманының күлін көкке ұшырады. Келіншектің сағынышы, жүрек тебіренісі ақынның өлеңдерімен өріліп, дүниедегі ең асыл адамды жоғалтудың қандай ауыр екені көрерменнің көз алдында көрініс береді. Жас келіншекті тосқан бұдан кейінгі өмір тауқыметі тіпті қиын еді. Аңдамай сезімге берілген нәзік жанды әйелдің өзінің білегін басқаға ұстатқанын сезбей де қалып, арты опындыратын әрекетке жол беріп қояды. Бұл ауыл біткен әйелдің өсегіне таптырмас тақырып болады. Міне, жеңгесінің басындағы осындай қайғылы жағдай жас ақын Мұқаштың да жан дүниесінің астан-кестеңін шығарады. Жер тепкілеп жылаған қайнысы бір сәт бұл әрекетті ақтап алғысы да келеді. Алайда тағдырдың тепкісіне шыдамаған, арсыз тірлікке көндігуге әрі қарай ары жетпеген келіншек ақырында өзіне қол жұмсайды. Осынау оқиға театр төрінде сахналанып, көрермен көңілінде ерекше ұмытылмас әсер қалдырды.
Ал «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын білмейтін, бұл шығарманы оқымаған қазақ жоқ шығар, сірә. Мұнда да мұзбалақ ақынның өлең жырына құрылған сахналық қойылым көрерменге бұрын бастан өткермеген, жаңа сезім мен эмоциялар сыйлады. Толғаудың мазмұнында жасырылған негізгі ой-идея – ұлттың қадір тұтқан қасиетін құрметтеу, көздің қарашығындай сақтау. Өйткені қасиет жоғалса, ұлт та бағзыдан қалыптасқан руханиятынан, ар мен адамгершілігінен жұрдай болады. Сондықтан ақын бізге қасиетімізге қол жұмсап, қадірімізден айырылмауға ой салады. Ал поэмада шырқалған – қазақтың қастерлеген киесі, махаббат символы саналатын Аққу құсы.
Бұл – театрдың көркемдік жетекшісі, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовтың режиссерлігінен туған поэтикалық толғау. Спектакль Мақатаев шығамаларының желісінде қойылғанымен, ақынның ішкі сезімдерін, өлеңіндегі көркем бейнелерді актерлік ойынмен көрермен жүрегіне жеткізу, мұнан қалса эстрадада орындалып жүген ескі де жаңа әндерді реңін бұзбай бір дауыста шырқау өте қиын әрі нағыз әртістік шеберлікті талап етеді дер едік. Осы ойымызбен қоюшы режиссердің де пікірі дөп түсті.
«Мойындау керек, бұл поэмалар – ақын шығармашылығының ең бір шоқтығы биік туындылары. Әр оқиға ақынның жүрегіне ерекше із қалдырып, оның шығармашылық тұрғыдан шыңдала түсуіне, талантының ұшталуына айрықша әсер еткен. Осы ретте ақын «Дариға өлгенімен өмірге ақын келді» деп бекерге жырламайды. Біз жүректі тебіренткен «Дариға жүрек» қойылымында поэзияның қасына онымен үндес болған әндерді қостық. Мұнда Мақатаевтың сөзіне жазылған немесе қазақтың көрнекті композиторларының әндерін таңдап алдық. «Дариға жүректе» адамның ішкі тазалығының, ар-ожданының қаншалықты маңызды екенін көрсеткіміз келді. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахналауда да қазақ үшін қастерлі болған дүниелерге қол салудың салдары ауыр болатынын адамдар есіне салсақ дедік. Әсіресе мұның жастарға берер өнегелік тәрбиесі мол боларына сенім күшті. Осы ретте қоюшы суретші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Сраиловпен бірге декорациялық безендіру шешімдерін қарастырып, тазалықтың белгісі мен символы болған ақ түспен тұтас сахнаны көмкердік. Актерлердің үстіндегі киімдері де түгел ақ түсте болды. Бұл жерде тек режиссер емес, хормейстердің де сіңірген еңбегі өте зор. Өйткені әндерді әрлеу, дауыстарға бөлу оңай шаруа болмады. Актерлердің де вокалдық қабілеттерінің болуы олармен жұмыс істеуге жеңілдік туғызды. Бұған дейін де Абайдың әндерімен, қара сөздерімен, кейін Шәмшінің репертуарындағы туындыларымен де кеш өткізгенбіз. Осының бәрі әртістердің ән орындаудағы шеберлік деңгейлерінің артуына ықпал жасады. Бұл қойылымды қоюды бұрыннан ойлап жүрдім. Алайда лайықты орын, тиісті актерлік құрам жетіспей тұрды. Осы театрға келгенде сол идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Дариғаның рөлін ойнаған Айдана Тәттіқұлованың тамылжыған даусы мен іздеген нағыз керек образға сәйкес келді. Жалпы, қойылымды дайындап, сахналауға бір жарым ай уақыт кетті» деді қоюшы режиссер.
Ал поэтикалық толғау туралы толғаған жазушы, драматург Сая Қасымбек өз сөзінде қойылымның тағы бір мақсаты халықты поэзияға, көркем тілді өлеңнің сұлулығына қайта оралту екенін жеткізді. Сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтай ақиық ақынның шығармаларын сахналық шешім арқылы адамдар жүрегіне нұр шуақтай құю да спектальдің басты идеясы болғанын тілге тиек етті. Драматургтің пікірінше, өлеңді оқу бір басқа да, оны сахнада актерлік рөлмен ойнау, әдемі музыкамен, әнмен көркемдеу көңілге өзгеше керемет әсер туғызады. Осылайша, шығарманы сахналай отырып, көрермен ойына түрткі салу – театр өнерінің көздеген биік мақсаты екенін де қоса кетті.
ШЫМКЕНТ