• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 28 Наурыз, 2024

«Хат қоржын»

85 рет
көрсетілді

Ұлттық Ойындарымызды Ұлықтайық

Соңғы кездері өміршең салт-дәстүрімізге көбірек назар аударылып, соның арқасында олардың аясы кеңейе түсті. Күні кеше ғана ел болып тойлап өткен ұлық мереке – әз Наурызда бұған көзіміз анық жетті. Он күн бойы жер-жерде түрлі атаумен әспеттеліп, халқымыздың дарқандығы мен даналығындай болып, алуан-алуан тәлімдік, тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Әрине, мұның бәрінің көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз.

Айтайын дегеніміз де осыған байланысты жайлар еді. Жастау кезімізде біз де басқалар сияқты асық ойнап, ләңгі тептік. Ал қыздар болса шекемтас, хан талапай, хан алшы секілді ойындарды үйде отырып ойнайтын. Байқап қарасақ, бүгіндері осы ұлттық ойындардың тіні үзіліп бара жатқан сияқты әсер қалдырады. Өйткені қала түгілі ауылда да бұл көріністі өте сирек кездестіретініміз жасырын емес. Оның есесіне, қалта телефонына үңіліп, үйде отырған жастарды көбірек көресіз. Өте өкінішті жайт, әрине.

Қазіргі кездері ұлттық ойындарымыз Наурыз мейрамы секілді айтулы мерекелерде ғана еске түсетіндей көрінеді. Алайда осындай екен деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Ара-тұра «көк жәшіктен» асық ойнап, ләңгі теуіп жатқан жеткіншектерімізді көзіміз шалып қалатыны бар. Өкінішке қарай, бұл үрдіс жаппай ұлттық сипат алып отыр деп айта алмасақ керек. Басқа ұлттық ойын түрлері туралы да осыны айтуға болады. Ал мұны дұрыс жолға қоюға, біздіңше, тек қана ынта мен ықылас болса жеткілікті екені анық. Мүмкін, жиі-жиі жарыстар өткізіп тұру керек шығар.

Қалай десек те, ұлттық ойындарымызды ұлықтау баршаның міндеті болуға тиіс.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

Түркістан облысы

 

 

Жанашырлыққа мұқтаж салалар бар

Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтер қарсаңда облыс орталығында «Көне Тараз» музейі бой көтергені белгілі. Өңір тарихын танытуда негізгі салмақ түсетін ғимарат ретінде қарастырылған нысан қазіргі кезде көпшіліктің көңілінен шығатын жағдайда деп айта алмаймыз. Көне жәдігерлердің ордасы атанады деген музей құрылысы сапасыз жүргізілгендіктен шатырынан су сорғалап, жертөлесі де жарамсыз күйге түскен. Ал оны салғандар мен қабылдап алғандар түк болмағандай алшаң басып жүр. Біздіңше, кім-кім де өз ісіне жауап беруі керек. Сонда ғана қай салада да тәртіп орнайды. Енді жеті жылдан бері өз мақсатына пайдаланылмай тұрған ғимаратты қосымша қаржы бөлу арқылы қалпына келтіріп, жұртшылық игілігіне жарататындай ету керек деген пікірдеміз.

Келесі кезекте мына мәселе туралы да айта кетсек дейміз. Бас газетте бұған дейін де жазылғанындай, облыс орталығында бір ғана театр ғимараты бар. Ал осындағы екі ұжым А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасын кезекпе-кезек бөлісіп пайдаланып жүр. Өңір театрларына бөлек ғимарат қажет екені туралы талай мәрте айтылса да шешімін табар түрі көрінбейді. Осындайда  Шымкентте 7-8 театр бар екенін көргенде, көңіліміздің айтарлықтай түсіп қалатынын несіне жасырайық. Сондықтан қалада облыстық қазақ драма театры салынса деген ұсыныс-тілегіміз бар.

Сөз ретінде Таразда дәл қазір мәдениет саласы мамандарын даярлайтын колледж немесе институт жоқ екенін де қаперге сала кетсек дейміз. Мәдениет және өнер колледжі ашылған. Бірақ неге екені белгісіз, екі жыл өтпей жатып жабылып қалды. Біз мұны облыстың мәдениеті мен өнерінің тамырына балта шабумен бірдей әрекет деп санаймыз. 440 мыңға жуық халқы бар облыстың көне де жаңа бас шаһарында мәдениет пен өнерге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуі мүлдем түсініксіз жайт әрі еш нәрсемен де ақтап алуға болмайтын шалағайлық десек, асыра айтқандық емес. Осы себепті қала басшылығы мен аталған салаларға жауапты адамдар ойланар, өздерінің қателіктерін түсініп, таяу болашақта дұрыс шешім қабылдар деген үміттеміз.

 

Сағын БОЛАТБЕКОВ,

Мәкен САЯҚОВ,

қала тұрғындары

ТАРАЗ

 

 

Еңбегімен еленген азамат

Хайролла Исмағұловты Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылы тұрғындары қайырымды, елге жанашыр азамат ретінде біледі. Ол 2014 жылы аталған елді мекенге өз қаржысына тұрғындар демалатын Мырзаш атындағы демалыс саябағын салып берді. Бүгінде ауылдың жасы да, кәрісі де сол саябақта серуендеп, демалады. Жасыл желекпен көмкерілген саябақтың маңы әсіресе жаз айларында құлпырып кетеді. Оның сондай-ақ ауылдағы зират аумағын өз қаражаты есебінен қоршатып, мешіт тұрғызғанын да айта кету керек. Ол 1970 жылы ауылда зоотехник болып жұмыс істеп жүргенде қи оятын құрылғы ойлап тауып, үкіметтен сыйақыға «Жигули» жеңіл көлігін алған еді.

Хайрекең өмір бойы басшылық жұмыстарда болды. Кейінгі кездердегі жұмыс орындарына тоқталатын болсақ, 2002 – 2005 жылдары Энергетика министрлігінде, 2005 жылдан 2012 жылға дейін Табиғат қорғау министрлігінде жауапты қызметтер атқарып, зейнетке шықты. Оның өнертапқыштығы да атап өтуге тұрарлық. Ертеректегі қи оятын құрылғысына қоса, соңғы жылдары жылжымалы қалдықсыз қасапхана, шағын су электр стансасын ойлап тапты. Сондай-ақ шығармашылық жұмыстар да жанына тым жақын деуіміз керек. «Өмір – күрес», «Өмірімнің ақ құстары», «Өмір – махаббат» деген кітаптары жергілікті оқырмандарға жақсы таныс.

Оның шығармалары ата дәстүрді ардақтауға шақырып, елді, туған жерді сүюге үндейді. «Ата заңым – айбыным», «Көгіңде күнің сөнбесін», «Нарыным – Жиекқұмым», «Нарын – қазағымның бір бөлігі», «Нағыз махаббат адамда», «Махаббаттың тілі», «Махаббаттың гүлі», тағы басқа шығармаларын ауыл адамдары үзбей оқып жүретіні өз алдына, елге жанашыр азамат ретінде әр кез мақтан тұтады.

 

Қайролла САБЫРОВ,

Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы

Батыс Қазақстан облысы