Біз осы классиктермен бір планетада тұрамыз дейміз. Бірақ ғұмыры аңызға айналған ақын-жазушылардың ойы, болмысы мен мінезі, өмірі – өзінше бір бөлек әлем, бізден түу жырақтағы қабат-қабат аспаннан да жоғары кеңістік сынды. Әдебиет тарихында ақын-жазушылардың бойындағы қызық, бәлки оғаш, кейде қорқынышты, ерек ғадеттер мен іс-әрекеттер жиі кездеседі. Еркеліктері де аз емес және өздеріне жарасады. Шығармашыл адамдардың бұл біртүрлі мінезі – бар болмысы, өмірдегі шынайы қалпы. Кейде оқырман оларды осы тосын мінезі үшін, таңғаларлық әдеттері үшін жақсы көреді. Кейде түсінбей, шошып түседі. Басқа әлем деп отырғанымыз да содан шығар.
Шенеунік Мопассан
Бәрімізге белгілі француз жазушысы Ги де Мопассан біраз уақыт министрлікте қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін мұрағаттан шенеунік Мопассанға жазылған мінездеме табылады. Онда «Еңбекқор шенеунік, біраз нашар жазады» делінген.
* * *
Сол Мопассан көп жылдар бойы Эйфель мұнарасының ресторанынан тамақтанып жүрді. Мұның сырын жазушының өзі былай деп түсіндіреді: «Бұл – Париждегі мұнараны көрмей тамақтана алатын жалғыз орын». Француздың басқа да көптеген зиялы қауымы сияқты Мопассан да Эйфель мұнарасының салынуына қарсы болған. Тіпті «ұсқынсыз қаңқа» деп атаған.
* * *
Ол өте еңбекқор, аз ғұмырында көп жазған жазушы болғаны мәлім. 1885 жылдың өзінде 1500 бет көркем шығарма жазды. Әрине, очерктер мен фельетондарды есептемегенде. Бұрын-соңды бұлай ешкім жазған жоқ. Тіпті Бальзак та, Диккенс пен Дюма да.
* * *
Мопассан спортқа бала кезінен құмартты. Ол ескекті қайықпен күніне 80 шақырымнан аса жүзе алатын. Шыдамдылығында шек жоқ: аз ғұмырда орасан еңбек қалдыруы да заңды.
Шопыр Шыңғыс
Бала Шыңғыс – қырғыз айылдағы балабақшаға барған алғашқылардың бірі. Әкесі Төреқұл Айтматов пен анасы Нағима жұмыстан қолы босмағандықтан оны елде ашылған алғашқы балабақшаның біріне берген елдің оңтүстігінде тұрған соң екеуі де жұмыс істеді. 1932-1934 жылдары бала Шыңғыс Оштағы №1 балабақшада тәрбиеленген.
* * *
Сол бала Шыңғыс алғаш рет алты жасында сұхбат беріпті. 1934 жылы «Лениншіл жас» газетінің жас тілшісі Райхан Шүкірбеков балабақшаға барып, балалармен сөйлесіп, кішкентай Шыңғыстан сұхбат алған. Тілшінің «кім болғың келеді?» деген сұрағына бала «жүргізуші» деп жауап беріпті. Газетте де «Шыңғыс шопыр болғысы келеді» деген тақырыппен мақала жарық көреді.
* * *
Жазушы алғашқы қаламақысын аудармашы болып алған. Бірде жайлауда асыл тұқымды Дон айғыры өліп қалады. Тексеруге келген орыс маманына мән-жайды түсіндіріп беретін малшы жоқ. Сонда Айымхан апаның немересі орысша білетіні естеріне түсіп, Шыңғысқа келеді. Ол айғырдың жергілікті мал жемейтін улы шөптен өлгенін аударып, айтып береді. Ауыр айыптаудан құтылған малшылар акт жасаған соң, Шыңғыстың құрметіне арнайы қозы сойыпты.
* * *
Ш.Айтматов дипломатиялық қызметі кезінде бірнеше рет ыңғайсыз жағдайға түскен. Оның себебі, әрине, этикеттің кей сәттерін білмегендіктен. Бірде дипломатиялық қабылдауда өз дәстүріне сай гүлдермен әрленген жапон тағамы ұсынылады. Жазушы гүлдердің тек сәндік үшін қойылғанын білмей, аспен бірге жеп қойған деседі.
Бір ойдан бір ойға...
Егер сіз жазушы болсаңыз, мезетте ойға келген сюжеттерді телефонға түртіп аласыз ба? Әлде қойындәптерге жазып үлгересіз бе? Немесе Асқар Сүлейменов сияқты кей сөздерді шақпақ сыртына жазасыз ба?
Ал Владимир Набоков ойға түскен сюжет үзінділерін ықшам карталарға жазған екен. Жазушының мұндай әдеті 40-жылдары Гарвард университетінің Салыстырмалы зоология мұражайының ғылыми қызметкері (әрі оқытушы) болып жүргенде пайда болған көрінеді. Сол себепті Набоков ғылыми кітапханаларда көп уақыт өткізген.
Жазушы бұл туралы 1966 жылы Альфред Аппелге берген сұхбатында айтады: «...Мен бұрыннан жаңа шығармаға кірісерде романның толық құрылысын көз алдыма елестетемін. Мұндай машыққа кітапханалық карталар өте ыңғайлы. Олар тараулардың ретін ұстануға емес, кез келген тұсқа қатысты үзінді жасауға немесе бұрын жазылған бөліктер арасындағы бос орындарды толтыруға мүмкіндік береді».
Автор жазылған карталарды өз ретімен аяқкиім қорабына жинап отырады. Яғни Набоков шығармаларының түпнұсқасы осылай сақталған. Мәселен, жазушы «Ада» романына 2 000 карта жұмсаған. Міне, жазушының том-том шығармасы қалай жазылды, бір деммен осылай жазып тастау мүмкін бе демессіз. Әр сәтте жылт еткен үзік ойлар түрлі қағазға түсіп отырады: бірін-бірі жалғап, тұтас сюжет құрайды. Шын жазушылық – нағыз еңбек. Бұның өтеуіне татитын ешқандай марапат, сыйлық жоқ сынды.