• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 28 Наурыз, 2024

Таланттарды саралаған «Altyn saqa»

155 рет
көрсетілді

Кейде кереқарыс кітап сіңіре алмаған ақыл мен адам­гер­ші­­лікті театр сахнасынан үйренуге ту­ра келеді. Өмірді көр­кем бейнелейтін сахна­ өнерінің санада сілкініс туғызып, ақыл­ды жар­қы­ра­тып жіберетін құдіретін театрмен бірге ты­­ныс­­т­айтын көзіқарақты адам жақсы біледі.

Шиырланған шырғалаң ішінен өтірік пен қатыгездікті суырып алып, ізгілік пен шындықты таза күйінде көрсететін спектакльдерді сахналау барлық театрдың мін­деті мен мұраты десек те, соңғы уақытта жаңашыл өткір міне­зімен әр спектаклін аншлагқа ай­налдыруға қол жеткізген Ғ.Мүсі­репов атындағы Қазақ мем­ле­кет­­тік академиялық балалар мен жас­­өспірімдер театрындағы шы­­­ғар­­машылық өрістеу сипатын байқамау мүмкін емес. Бұл әсі­ресе алматылықтар үшін аптаға жуық жаңа қойылымдар шеруін ұйым­дас­тырған «Алтын сақа – 2024» фестивалінен анық көрініс тапты.

Ізденісінен жаңылмай, айтулы бәйгелерде көш басынан көрініп келе жатқан бағыты айқын Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры өткізетін бұл байқау 2016 жылдан бастау алып, алғашында тек балаларға арналған қойылымдары өзара бақ сынаған еді. Театрдың 70-тен аса әртістері арасында соңғы бір жыл аясы арасында сахналанған спектакльдер сарапқа салынып, арнайы аталымдар бо­йынша жүйріктер анықталып, ақшалай және арнайы дипломдармен марапаттайтын бұл игі бастама театрдың төл мерекесі қарсаңында әртістердің асыға күтетін мәрелі мейрамына айналған. Уақытпен бірге фестиваль маңызының артып, кең көлемдегі байқауға ұласа бастағаны тағдырын өнерге айналдырған актерлердің жауапкершілігін де арттыра түскендей. Бұрнағы жылдары фес­тивальға тек балаларға арналған қойылымдар қатысса, 2017 жылы ұйымдастырылған фестивальда кешкі қойылымдар да бақ сынап, шараның ауқымы кеңейе түсті. Нағыз өнер мерекесіне ай­нал­ған фестивальдың актер өне­рін бағалайтын аталымда­ры да жыл өткен сайын артып келеді. Өнер ошағындағы әртіс­тер­дің шығармашылық шабыт­­тарын шыңдау, бәсекеге қабілет­ті­лігін арттыру мақсатында ұйым­дас­ты­ры­латын фестиваль жемісін молы­нан берді. Алғаш­қы жылдары жүлдеге ілінбеген әртіс­­тердің уақыт өте келе жеңіс тұғырынан көрінуге талпынысы байқала бас­тады. Ал топ жарып, жеңімпаз атанғандардың сахнаға серпін берер жаңа кейіпкер бейнелеудегі ізденісі жаңа өрісті шарлап-аралауына ауысты.

Халықаралық театр күніне орай өткізілетін фестивальдың Ұлыс­тың ұлы күнімен де тұспа-тұс келуі де театрға жаңа тыныс, мере­келік көңіл күй және өзшеге леп сыйлады. Биылғы фестивальда театрдың кең дәлізінде ұлттық әше­кей бұйымдардың көрмесі ұйым­дастырылып, кешкі спектакль алдында көрермендерге арнайы Наурызкөже дайындалып, ауыз­ашар берілді. Алтыншы мәрте ата­лып өткен «Altyn saqa – 2024» фес­тивалінде 2023-2024 жылы кө­рермен қауымға жол тартқан қойы­лымдар сахнада сайысқа түсті.

Наурыз айының 23-27 жұл­ды­зында өткізілген фестиваль­ға жалпы көрерменге ғана емес, кішкентай көрермендерге ар­нал­ған «Кішкентай ханзаданың оралуы» (авт.:А.Сент-Экзюпери, реж.:Д.Курочкин) және «Түк­біл­мес» (авт.:Н.Носов, реж.: Д.Ку­рочкин) қойылымдары да қа­тыс­ты. Сонымен қатар таяуда ғана тұсауы кесілсе де, көрер­мен­­нің көзайымына айналып үлгер­ген «Әпке» (авт.:Д.Исабеков, реж.:М.Хабибуллин), «Бернарда Альбаның үйі» (авт.:Ф.Г.Лорка, реж.:Д.Жұмабаева), «Тойы көп үй» (авт.:Б.Мұқай, реж.: М.Ахманов), «Оптимистік трагедия» (авт.:В.Вишневский, реж.:С.Левицкий), «Мұқағали. Муза...» (авт.:М.Мақатаев, реж.: Ф.Молдағали) қойылымдары фес­тиваль аясында сахналанды. «Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры­ өз жүріп өткен жолын, тарихын, ардагер сахнагерлерін ұмыт­пай, фестиваль аталымдарына мерейтойлық жыл толған саң­лақ­тар атында табыстауды басты назарда ұстап, есімдерін ел жадында мәңгі қалдыру мақсатына басымдық танытып келеді. Осы жылы мерейтойы аталып өтетін театр өнеріндегі ірі тұлғалар мен сахна марғасқалары атындағы сыйлықтың тағайындалуы – «Altyn saqa – 2024» фестивалінің басты жаңалығы болып отыр» дейді театрдың директоры Талғат Есенәлиев.

Театр өнері мереке, іс-шара­ бай­қаулардан кенде емес. Саф өнер­дің сымбатына сай ұйым­­дастырылатын додалар мен бәйгелер де тақырыптық маз­мұ­нымен дараланып, кезеңіне сай жаңаша үлгіде өтеді. Өнер адам­­да­рының құрмет пен қоша­метті ұнататыны, бұл сезімнің олар­ға жігер мен сенім сыйлайтынын да жасыруға болмайды. Осы іспетті байқауларда өнер өкі­лінің бауыры жазылып шаба­тын хас тұлпардай шабыты ашылып, тынысы кеңейе түседі. 78-маусымын аяқтағалы отырған театрдағы төрт күнге созылған «Алтын сақа» фестивалінің жабылу сал­та­на­тындағы марапаттау сәті осы себептен актерлердің көңілін қобал­жыт­ты да, шын толқытты.

«Altyn saqa – 2024» театрішілік фестивалінде өнертану кандидаты, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Сәния Қаб­диева төрағалық жасаған қазы­­лар алқасы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темір­сұлтанова, театртанушы, «Өнер­тану» магистрі Бейбіт Әлкеева спектакльдерді сарапқа салып, актерлер өнеріне баға берді. Қазақстан Республикасы Мәде­­ниет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаеваның «Қа­зақ теа­трына қос­­қан көпжыл­дық үлесі үшін» Алғысхаты Кама­лия Байтілеуоваға, Дар­хан Сүлейменовке, Жомарт Зейнә­білге, Руслан Әбуге, Сафуан Рыс­байұлына, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақ­баеваға табысталды. Театр­дың БАҚ бөлімі арнайы ұйымдастыр­ған «Ұлттық сезім» байқауына қа­­тысып, репертуардағы барлық спек­такльдерде ұлттық киім үлгі­сімен көзге түскен ерекше көрер­мен – Кенжегүл Шауалиева «Altyn saqa – 2024» дипломы мен сыйлығын жеңіп алды. Бұл – эксклюзив сыйлық. Сыйлықты табыстаған театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағалидің айтуынша, алдағы уақытта театр маркетингін жетілдіру мақсатында көрермендер сұранысына ие үздік спектакльдер атауы жазылған футболка, сөмке сияқты бұйым­дар «Мүсірепов бренд» т­ауар белгісімен ұсыныла бастайды. Ал келесі «Үміт» жүлдесін және «Балалар қойылымын­дағы үздік бейне» аталымын «Кіш­кентай ханзаданың оралуы» спек­такліндегі Ханзада рөлімен Айнұржан Орынбасар мен Ұшқын рөлі үшін Нариман Егімбеков иеленді. «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Бернарданың анасы, «Йерма» спектакліндегі Кемпір рөлдері үшін Күлжә­ми­ла Белжановаға, «Бернарда Аль­ба­ның үйі» спектакліндегі Понсия рөлі үшін Тынышкүл Сұлтанбердиеваға, «Тойы көп үй» спектакліндегі Гүлшара рөлі үшін Хазима Нұғмановаға «Театр өнеріне қосқан үлесі үшін» жүлдесі табысталды. Өмірден өткен сахна сайыпқырандарының есімін ұлықтау мақсатында таға­йындалған Сағат Жылгелдиев атындағы арнайы жүлде Қуаныш Тұрдалинге, Сейітхан Есенқұлов атындағы арнайы жүлде Сафуан Рысбайұлына, Жанат Хаджиев атындағы арнайы жүлде Елдар Отарбаевқа, Әмина Өмірзақова атын­дағы арнайы жүлде Гүлжамал Қазақ­баеваға бұйырды. «Екінші план­дағы ер адам бейнесін» – «Опти­мистік трагедия» спек­так­лін­дегі Вайнонен рөлі үшін Мерей Әджібеков, «Екінші план­дағы әйел адам бейнесін» – «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Амелия, «Йерма» спектакліндегі Мария рөлдері үшін Динара Шымырбаева, Қасым Жәкібаев атындағы «Үздік ер адам бейнесін» – «Оптимистік трагедия» спек­такліндегі Сырылдақ рөлі үшін Мақсат Сәбитов, Раиса Мұха­медиярова атындағы «Үздік әйел адам бейнесін» – «Йерма» спек­такліндегі Йерма, «Бернарда Аль­баның үйі» спектакліндегі Ангустиас рөлдері үшін Ақбота Рахат жеңіп алды.

Мөлдір өнердің мәуе жаюы­на тамшыдай үлесін қосып келе жатқан әрбір қызметкердің еңбе­гін елеусіз қалдырмай, жеңіс тұғырына жетелеп, биіктен көрі­нуіне серпін беру театр өне­рінің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Әр кезеңнің өнерге, актерге қоятын өз талабы бар. Басқаны былай қойғанда, бір Абайдың өзіне әр буын өзінше үн қатып жатады. Өз жаңалығын әкеледі. Кез келген театрдың бет-бедерін айшықтайтын – орта буын. «Сен тұр, мен ата­йын» деген, негізінен, отыздан жоғары жастағы талантты буын шоғырланған жастар театрында бәсекеге лайықты шы­­ғармашылық ортаның қалып­тасқанын, олардың өз үнін ай­шықтау үшін жанкешті жұмыс істейтіні қай театрға да үлгі. Бұл – өнерге жанашырлық пен жауапкершіліктің жемісі.

 

АЛМАТЫ