Бүгінде қуыршақ театрлары жан-жақтылығымен өзгешеленіп, жаңаша форматтар мен батыл қадамдардың, тың жаңалықтардың ордасына айналып отыр. Сиқырлы сырға толы ғажайыптар мекенінде кішкентай көрермендермен қатар, ересектер де рухани демалып қана қоймай, заманауи театр келбетіне куә бола алады. Иә, қуыршақтар сөйлейтін сахнада да қоғамның түрлі оқиғалары, өмірдің түрлі қиылыстары суреттеледі.
Тарихы терең Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры көрермен талғамы мен сұранысына сай, қоғамда көтеріліп жүрген маңызды мәселелерді қуыршақтардың түрлі мүмкіндігімен қамти отырып, жас жеткіншектер санасын жандандыратын адамгершілік-рухани құндылықтарды дәріптейтін тәлімді туындылар таңдауда үлкен жауапкершілік танытады. Жыл өткен сайын арнасын сапалы да пайдалы жобалар және қойылымдармен толықтыруды басты мақсат санап, қарқынды жұмыстың, ізденістің нәтижесін көрсетіп келеді.
Театр ғимаратында биылғы жөндеу және жаңарту жұмыстарын іске асырып, осы жылдың ақпан айында есігін қайта ашқан өнер мекені жасөспірім көрерменге арнап белгілі боксшы Бекзат Саттарханов туралы «Чемпион» қойылымының және балдырғандарға арнап француз жазушысы Шарль Перроның әйгілі ертегісі желісімен сахналанған «Етік киген мысық» спектаклінің премьерасын ұсынды.
Театр директоры Алмат Абдрахманов дайындалып жатқан жаңа қойылымдардың бар екенін айтып, алдағы жоспарын жеткізді.
«Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры ересектерге, жасөспірімдерге, кішкентай балдырғандарға арнап биыл Грузия мемлекетінен арнайы шақырылған белгілі қуыршақ режиссері Николоз Сабиашвилидің жетекшілігімен, әйгілі орыс жазушысы Николай Гогольдің повесті желісімен сахналататын «Шапан», қарымды қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы аясындағы «Менің атым Қожа», ұлттық құндылықтар тақырыбын көтеретін «Алдар көсе», философиялық терең астарлы ойға ие «Қорқыт», әлемге әйгілі ертегінің жаңа форматтағы үлгісі «Қаршақыз және жеті ергежейлі» қойылымдары мен тосынсыйға толы танымдық әрі қызықты іс-шаралар қатарын ұсынуды жоспарлап отыр», дейді театр директоры.
Әлемдік аренадағы қазақ қуыршақ театрының жаңаша келбетін қалыптастыру, халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту, шетелдік театр мамандарымен шығармашылық қарым-қатынас орнату мақсатында театр ұжымы Канада мемлекеті, Оттава қаласындағы І Халықаралық «Ottawa» қуыршақ фестиваліне, Беларусь Республикасы, Гродно қаласындағы IV Халықаралық «Лялькі над Неманом» қуыршақ өнері фестиваліне, Грузия мемлекеті, Тбилиси қаласындағы Халықаралық қуыршақ театр фестиваліне, Түркия Республикасы, Трабзон қаласындағы ХХIV Халықаралық «Karadeniz» фестиваліне қатысуды, сонымен қатар Грузия, Болгария, Түркия елдеріне және отанымыздың Абай, Ақтөбе, Ақмола, Түркістан облыстарына гастрольдік іссапарға баруды көздеп отыр.
Сондай-ақ алдағы қазан айында қуыршақ өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейту, шығармашылық өнер ордаларымен халықаралық деңгейде кәсіби байланысты дамыту, фестиваль кеңістігін кеңейту, шығармашылық иелерінің кәсіби және орындаушылық деңгейін арттыру мақсатында ІІ Халықаралық «Аlmaty puppet festival» қуыршақ театрлар фестивалін өткізу жоспарда бар. Фестивальға Грузия, Түркия, Болгария, Польша, Мексика, Ресей, Татарстан, Қазақстан сынды елдердің үздік қуыршақ ұжымдары қатыспақ.
Айта кетейік, тұрақты көрермендерін көңілді әрі танымдық қойылымдармен қуантып келе жатқан қуыршақ театрының ұжымы өткен жылы 1200-ге жуық спектакль көрсетілімін жүзеге асырып, 83 200 көрерменді қамтыған. Театр ұжымы жалпы саны 7600-ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларына және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қайырымдылық негізде 70 қойылым ұсынды. Сонымен қатар қуыршақ театры өткен жылы «Қаздар мен Аққулар», «Есте сақта, балақай!» «Бауырсақ», «Анасын іздеген Мамонт» сынды мейірімділік, бауырмалдық, жақын адамдарға деген шынайы махаббат, арман-мақсатқа деген ұмтылыс сынды тақырыптарды көтерген қойылымдардың премьерасын өткізді. Өнер ордасының биылғы жоспары да осы көрсеткіштерді басып озып, шығармашылығын жаңа қырынан дамыту болып отыр.
Қуыршақ театры кейінгі жылдары репертуарлық қоржынын заманауи бағыттағы тенденцияларды қамтыған түпкі салмағы басым, форматы өзге, күрделі де тың туындылармен толықтырып, дәстүрлі үрдістен алшақ философиялық және идеялық мазмұны кең, эксперименталды шығармаларды жарыққа шығаруды қолға алып келеді. Алдағы уақытта да аталған өнер ұжымынан бала санасына жарық болып түсер сәулелі туындылар күтеміз.