Этнограф ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық қолөнері мен мәдениетінің шырақшысы болған ұлт сардары Өзбекәлі Жәнібеков есімін иеленген Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде қайраткердің құрметіне орай мемориалдық тақта ашылып, «Өзбекәлі Жәнібеков құбылысы: тұлға тағылымы және педагогикалық құндылықтар» тақырыбында «Жәнібеков оқулары-1» тұңғыш рет халықаралық, ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Ғылыми конференцияда ғалымның мұралары, этнографиялық салада жүргізген зерттеулері, ұлттық тәрбие, педагогика хақындағы қайраткердің құнды еңбектері таныстырылды. Сол тұстағы саяси жүйенің қаталдығына қарамастан, ұлттық қолөнерді жаңғырту мен дәріптеу бағытындағы ғалымның батылдығы мен жанкештілігі де көпке үлгі етілді. Конференция соңында барлық зерттеу жұмысы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып, электронды нұсқасы да шығарылды. Ғылыми іс-шараға зерттеуші, ғалым, зиялы қауым өкілдері, музейтанушылармен бірге Өзбекәлі Жәнібековтің туыстары да шақырылды. Конференцияны университеттің басқарма төрағасы-ректорының уақытша міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева ашып жүргізді.
Көрнекті ұлт перзентінің тұстастары, көзкөрген замандастары да іс-шара барысында сөз алып, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев ғалымның ұлтын сүйер ерекше қасиеттері туралы әңгімелеп берді.
«Өзбекәлі Жәнібеков өте дарынды кісі еді. Өкінішке қарай, тірі кезінде қоғам тарапынан орынды бағасын ала алған жоқ. Ол өзінің қайраткерлігімен, жанқиярлық ісімен қазақтың дәстүрі мен руханиятын қайта тірілтіп, биік дәрежеге көтеру жолында көп еңбек сіңірген адам. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары мен Түркістанда бірінші хатшы болып партия органында қызмет істедім. Ал Өзағаң Қазақстанның Мәдениет министрінің орынбасары-тұғын. Сол уақытта ол кісінің елі үшін ынта-шынтасымен қызмет еткенін мына мен өз көзіммен көрдім. Мен министр орынбасарымын деп шікіреймей, зембілмен топырақ тасып, кесенені жаңғыртушы рестовраторлармен бірге кірпішін қаласып жүрді. Мұның бәрін ол қазақ үшін жаны ашығандықтан, ұлттың келешек тағдырын ойлағандықтан істеді. Бұл асыл азаматтың күреспен өткізген тұтас бір өмірінің кескін эпизоды ғана. Бізден сол тұста құрылыс жұмыстарына керекті техникадан басқа артық ешнәрсе сұраған емес. Ақиқатын айту керек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін кесене еткен осы Өзбекәлі Жәнібеков. Қайраткер кесенені қолға алмай тұрып, ол жерге егінге түскен мал қамалатын, белден топырақ болатын. Сонымен бірге Торғай облысы құрылғанда да ол кісінің мәдени саладағы атқарған еңбегі ұшан-теңіз дер едім. Колбиннің заманында да ғалым ешқашан артқа шегінген емес. Сол үшін де ғалым атын иеленуге күш салған педагогикалық университеттің басшылығына алғыс айтамын. Өз басым тарихы тереңде жатқан білікті педагогтерді дайындайтын жоғары оқу орнына Өзбекәлі Жәнібековтің есімін бергеніне өте қуаныштымын», деді ол.
Ұлағатты ұстаз, Түркістанның тумасы Өзбекәлі Жәнібековтің жақын туысы, немере қарындасы болып келетін Айғаным Серім апамыз Наурыз мерекесін елімен қайта қауыштыруға еңбек еткен ұлт майталмандарының ішінде Өзағаңның орны ерекше екенін атап өтті. Кеңес өкіметінің нағыз кемеріне толып тұрған кезінде Наурыз мейрамы дінмен байланысты делініп, мемлекеттік деңгейде тойланбады. Айғаным апамыз әрі Өзағаңның мұрасын зерттеуші маман ретінде тарихта Наурызды өз тұғырына қайта қондыруға қайратын жұмсаған азаматтар арасында Өзбекәлі Жәнібековтің есімі әрдайым тізімнің алдыңғы қатарында тұратынын айтты. Өз сөзінде ардагер педагог ұлт жанашырымен үзеңгілес жолдас болған белгілі жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың еңбегінде Өзағаңның Наурызды қайта тірілту жолындағы ымырасыз күресі керемет бейнеленгенін баяндап өтті. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары оңтүстік өңірінде қызметін бастаған алғашқы кездің өзінде көктемнің егін салатын мезгілін тойлауға қатысты кеңестік Әзербайжан Республикасында арнайы шыққан қаулыны негізге алып, сонымен байланыстырып Наурыз мерекесі хақында да жергілікті баспасөзге дүркін-дүркін мақала жазатын. Кейін қызметі өсіп Алматыға келгенде де ұлттық мереке туралы «Лениншіл жас» газетіне жиі-жиі мақала жариялап, биліктің назарын аударып, халықтың ой-санасын оятуға ықпал жасады. Осылайша, көрнекті қоғам қайраткері саяси жүйенің қатыгездігінен қаймықпай Наурызды сонау алпысыншы жылдардан бастап насихаттай бастаған.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің стратегиялық даму және әлеуметтік даму істері жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек те ғалымның феномені, құбылысы жөнінде де керемет пікір білдірді. Ректордың орынбасары сұхбатында оқу орны біраз жылдан бері атаусыз келгенін, ешқандай тұлға атында есімі болмағанын айтты. Сөйтіп, 2023-2024-тің жаңа оқу жылының басында қайта-қайта жоғары жаққа жазған хаттарға ақырында жауап келіп, министрлік Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілетіні туралы қуанышты жаңалықпен сүйіншілеген. Сонымен өткен жылдың 12 қазанынан бастап барлық құжатта оқу орны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып атала бастады. Осы қуанышты сәтке орай университет бірінші рет «Жәнібеков оқулары-1» атты халықаралық конференцияның тұсауын кесті. Ендігі ретте ғылыми басқосуды оқу орны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Мұғалімдер ұстаханасының білікті маманы мәлімдегендей конференцияның көздеген басты мақсаты – қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің этнографиялық зерттеу, музей ісі саласына сіңірген еңбектері мен артында қалдырған бай мұраларын жинақтап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету.
«Қазақта мәдениет үшін тер төккен, осы саланың министрлік дәрежесіндегі биік баспалдақтарында қызмет атқарған белгілі азаматтар жетерлік. Солардың ішінде Өзбекәлі Жәнібековтің есімі ерекше аталады. Ал Өзағаңның ең басты жақсы қасиеті қазақтың дарқан даласында өз қолымен жәдігерлерді жинап, талай музейлер ашты. Кабинеттің креслосында шалқайып отырмай ел, жер кезіп ұлттық өнер мен мәдениеттің жаңғырып, насихатталуына аянбай тер төкті. Бұл ғалымның феномені болса керек. Қайраткердің құбылысы оның тайсалмастан кеңестік идеологияның кедергісінен аттап өтіп қазақ халқының руханиятына жан бітіруде өз жанын аямаған құрбандығы деп түсінуіміз қажет. Мәселен, Өзағаңның бастамасымен құрылған «Шертер», «Адырна», «Алтынай» ұлт-аспаптар музыкалық ансамблінің өзін үлкен ерлікке балауға болады», деді Б.Исабек.
Айтқандай, конференция барысында ұлт перзенті тұтынған бұйымдар мен өмірінің әр кезеңінен хабар берген ескі фотосуреттері қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды.
ШЫМКЕНТ