Естімеген елде көп. Немере дегенді білеміз. Робот дегенді естіп жүрміз. Енді жақын күндері робот-немере дегенге де құлағымыз үйренетін болады.
Мюнхендік «Navel Robotics» стартабы қарттар үйінде пайдалануға арналған робот-немерелерді ойлап тапты. Бұл жасанды интеллектінің ерекшелігі – егде жастағы адамдарға қолғабыс жасайтынында. Яғни қариялармен кәдімгі құрдасындай сырласады, дәрі-дәрмектің уақтылы қабылдануын қадағалайды, тіпті әңгімеге сай әзіл айтып, ата-әжелердің көңілін көтереді. 70 сантиметрлік елгезек «немере» аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз қызмет еді. Бірақ сонда да жұмысынан кешікпейді, ешқашан ренжімейді және ешкімнен алғыс дәметпейді. Жобаның негізін қалаушы Клод Туссен жаңа роботтың егде жастағы адамдар арасында тез танымал бола бастағанын, оған тұрғындар үлкен қызығушылық танытып жатқанын атап өтті. Ертегідегі Джепетто ақсақалдың ағаштан қуыршақ-бала жасап алатыны есіңізде шығар? Артынша Пиноккио деп ат қойған қуыршағы шынайы балаға айналып, әкесінің көмекшісі болады. Ертегінің шынға айналғанына көзіміз жетіп отыр.
Кездейсоқтық па, әлде...
Адамзат тарихында таңдай қақтырарлық талай оқиға болған. Соның бірі – 1966 жылы жағажайда болған жағдай.
Роджер Лозьер есімді төрт жасар бала Американың Салем қаласының маңайындағы теңізде шомылып жүргенде, кенет суға кетіп қала жаздаған. Бірақ кетпеді. Бақытына орай, оны Элис Блейз атты әйел құтқарып қалған. Енді мына қызыққа қараңызшы. Арада сегіз жыл өтеді. Роджер 12 жасқа келгенде дәл осы Салем қаласына қайтадан жолы түсіп, теңіз жағасында жүргенде, суға батып бара жатқан бір ер кісіні көзі шалып, жағаға алып шығады. Кейін сұраса келгенде, ол ер адам баяғы өзін құтқарған әйелдің күйеуі болып шыққан екен.
Ең алып ұшақ
Америкалық «Radia» компаниясы жүк тасымалдайтын әлемдегі ең үлкен ұшақ жасап жатыр.
Колорадо штатындағы стартап жобаны «WindRunner» деп атады. Қазақшаласақ, «желмен жарысатын» алып ұшақтың ұзындығы – 109 метр ( футбол алаңының ұзындығындай), қанатының кеңдігі – 79,6 метр болмақ. Сонымен қатар ол 80 тоннаға дейінгі жүкті тасымалдай алатын мүмкіндікке ие. Бұл дегеніміз үш олимпиадалық жүзу бассейні сыйып кететіндей жеткілікті көлем. Салыстырып айтсақ, әзірше ең алып деген «Боинг 747» ұшағынан 12 есе көп көрсеткіш.