Өнерде шарттылық жоқ. Жалпы, өнер атаулыға жұмбақ әлем, тылсым күш, құпия, аңыз-әңгіме сынды ұғымдар ортақ. Мәселен, талай ғасырлар бұрын жазылған ғажап туындылардың тарихы әлі күнге дейін зерттеліп, тереңінде көмілген сыры ашылып жатыр.
Өзі суретші, өзі механик Леонардо да Винчи күнделігінде шифрланған құпия жазбалар қалдырғанын жұрт біледі. Сондай-ақ ол суреттерде де арнайы шифрлау әдісін қолданған. Осы уақытқа дейін әйгілі Мона Лизаның портреті туралы, «Соңғы кеш» картинасындағы жұмбақ белгілер туралы пікірталастар толастаған емес.
Жақында ғалымдар суретшіге қатысты тағы бір тың дерек тапты. Лондон қалалық университетінің мамандары Леонардо да Винчидің суреттерін тыңғылықты зерттеген. Нәтижесінде, суретшінің көзі қыли болған деген қорытындыға келіп отыр.
Көзінің қыли болуы автордың шығармашылығына әсерін тигізбей қоймасы да анық. Көзінің мүйізгек қабығы симметриялы орналаспаған соң ол объектіні бір мезетте бірнеше қырынан байқай алған. Тағы бір қызығы, «сурет салғанда ғана Леонардоның көзі ақиланып кететін болған», дейді зерттеушілер.
«Бізді қызықтырғаны, Леонардо салған портреттердің көпшілігінде адам көзі айрықша бояу алған. Анықтап қарасаң, көз қарашықтары әр жаққа қарап тұрғаны байқалады. Әйгілі «Витрувиандық адам» картинасын алып қарайық, онда тіпті бір көздің қарашығы екіншісінен үлкен. Мұндай дерт «анизокория» деп аталады. Жалпы, суретші туындысына өзінің жеке ерекшелігін қосуы мүмкін ғой деген ой келеді. Ал өзге суреттерін қарай келе, Леонардоның көзі қыли болғанын (экзотропия) аңғаруға болады», дейді Лондон университетінің офтольмолог профессоры Кристофер Тайлор.
Ғалымдар суретші өмірі мен шығармашылығын тереңдей зерттей түспек. Олардың тағы бір жұмбақ тақырыбы – суретшінің әлем картасын жасауы. «Леонардоның біз біле бермейтін жұмбағы көп. Мәселен, ол сол кездің өзінде әлем картасын жасады. Құрлықтардың орналасуы, мұхиттардың шекарасы, өзге де географиялық белгілер асқан дәлдікпен кескінделген. Тіпті дәл солай 3 ғасыр өткенге дейін ешкім жасай алған жоқ. Мұны суретші қалай жасап шықты? Міне, жұмбақ. Осыны зерттеп көргіміз келеді», дейді Кристофер.
Еске салсақ, біраз уақыт бұрын ғалымдар оның «Сальватор Мунди» немесе «Әлемді құтқарушы» картинасының астарына үңіліп, түрлі бағыттағы зерттеу жүргізген еді.
Нақтырақ айтсақ, картинада Мәсіх ұстап тұрған сферадан өткен жарықтың сынғаны көрінбейді. Әдетте мұндай фигурадан жарық сынып өтуі керек. Компьютерлік модельдеу арқылы Калифорния ғалымдары Иса қолына сфера емес, шар ұстап тұр дегенді айтқан.
Бұрын бұл болжамды ғалымдар басқа балама жорамалдармен қатар талқылаған болатын. Алайда қазір 3D-рендерингтің озық технологиясының арқасында мамандар суретшінің әр бояуын модельдей алған. Аталған технологиялық әдіс белгілі бір уақыт кезеңіне сәйкес келетін материалдарды, жарық көздерін және ғылыми білімдерді ескере отырып, суреттің жоғары сапалы бейнесін жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен өнер туындысына індете зерттеу жүргізген ғалымдар тобы шардың көлемін есептеді. Оның радиусы – 6,8 сантиметр. Нысанды талдағаннан кейін зерттеушілер шардың қалыңдығы 1,3 миллиметрден аспайтынын анықтады. Сондай-ақ сфераның артында бейнеленген Мәсіхтің көйлегіндегі қатпарлар да Винчидің сфералық формадағы жарықтың ерекше сынуы туралы білетініне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені суретші оптиканы да зерттеген. Нағыз таланттың асқан білімділігіне қалай таңғалмайсың?! Сөйтіп, біраз уақытқа созылған зерттеу нәтижесінде «Әлемді құтқарушы» картинасы «Мона Лиза» кескініне ең жақын балама», деп түйді ғалымдар.
Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған картина – адамзат тарихындағы ең қымбат өнер туындыларының бірі. Ол 2017 жылы 450 миллион долларға сатылған. Автор бұл туындысын сонау 1500 жылы жазды. Өнертанушылар картинаны Леонардо да Винчи Франция королі XII Людовик сұранысы бойынша салған деседі. Кейін картина 1625 жылы Карл I Франция патшайымы Генриетта Марияға үйленген уақытта Англияға өткен. 1649 жылы I Карл дарға асып өлтірілген кезде туынды Корольдік коллекция тізімінде болған. Содан 1651 жылы бәссаудада сатылып, ал 1666 жылы II Карл билік құрып тұрған кезде Корольдік коллекциясына қайтарылды. Ал 1763 жылы картина ізім-ғайым жоғалып кетіп, кейін бір жарым ғасыр уақыт өткен соң қайта сатылымға шығарылған. 1900 жылы өткен сондай бәссаудалардың бірінде «Әлемді құтқарушыны» белгісіз бір адамның жеке жинағына сатып алады.
Сондай-ақ жуырда Christie’s аукционында Леонардо да Винчи салған аю басының нобайы сатылған болатын. Оны 8,9 миллион фунтқа (шамамен 12,3 млн АҚШ доллары) сатып алды. Бұл да – итальян суретшісінің туындысы үшін кейінгі жылдардағы рекордты қаржы.
«Сурет – Леонардо да Винчидің сызбашы ретіндегі шеберлігінің керемет дәлелі», делінген аукцион үйінің Twitter-дегі хабарламасында. Нобай – қызғылт-ақшыл сары қағазға күміс қарындашпен салынған 7x7 см өлшемді сурет. Ол 1480 жылдардың бірінші жартысында салынған. Бұл – суретшінің қолтаңбасы бар бірнеше туындыларының бірі. Сатып алушының есімі жарияланған жоқ. Ал бұдан бұрынғы рекорд Леонардо да Винчидің «Жылқы мен салт атты» туындысы үшін орнатылған еді. Оның құны £8,1 миллионға бағаланды.
Лео картиналарының рекорды мен аңызы, тереңде тұнған сырлары мен құпиясы қашан таусыларын кім білсін? Суретшінің есімі өз дәуірінен алыстаған сайын жаңғырып келеді. Туындылары да жылдар жылжыған сайын түрлі қырынан танылып, ішіне бүккен сан мың құпиясына әлем көз тігіп отыр.
Өз деңгейінен атағы асып кеткен суретшінің көпқырлы қасиетінің сыры еңбексүйгіштігінде болар. Жас кезінде сурет пен мүсін өнерін үйрену үшін Флоренцияға жол тартқан ол суретшілікті өнердің басты түрі деп есептеген. «Адам суреттің көмегімен дүниені таниды. Тәжірибе – дүниені танудың бірден-бір жолы» деген сөзі да винчилік фразаға айналып үлгерді. Қылқалам шеберінің әлеміне еніп, зерттей бастасақ, түрлі аңыз әңгімеге жолығамыз. Бірде әкесі өзінің танысы беріп жіберген дөңгелек қалқанды үйіне әкеліп, бала Леоға оны өз талғамы бойынша әдемі бейнелермен әшекейлеп беруді тапсырады. Ол өзінің оңаша бөлмесіне шегірткелер мен кесірткелердің алуан түрін, жыландарды, көбелектерді, ірі теңіз шаяндарын, жарқанаттар мен басқа да жәндіктерді әкеліп толтырады. Соларға қарап отырып шабыттанған бала суретші әрқайсысының бейнесін фантастикалық үйлесімде пайдаланып, құз жартастардың арасынан өрмелеп шығып келе жатқан әлдебір құбыжықтардың бейнесін жасайды. Әкесі әлгі қалқанды көрген кезде ондағы құбыжық суреттерден шошып түскен деседі. Кейін бұл қалқан үшін миландық бір герцог қомақты ақша төлеген. Иә, суретші инквизиция қаупінен тайсалмай, адамның дене құрылысын зерттеумен шұғылданып, мәйіттерге ота жасаумен де айналысты. Көшелер мен алаңдарды аралап, адамдардың бет-әлпетіне зейін қоя қарады, ерекше бет құрылыстарын қағазға түсірді. Әсіресе адамдардың көңіл ырғағын анық көрсететін реніш, қуаныш, қайғы секілді күйлер оны ерекше қызықтырды.
Қарап отырсақ, адамның әр кездегі түрлі күйін, жан дүниесін, тәнін, сезімін шынайы суреттеу үшін қаншалықты еңбекті, зерттеуді қажет етеді. Әйтпесе адамның жан құрылысындағы әр нүктесін тану, сезу, оны қағазға түсіру үшін құр таланттың жетпейтіні анық.