Шығыс Қазақстанның бірқатар ауданына қар суы қауіп төндірді. Әйтеуір дайындықты ақпан айынан бастаған арнайы мамандар мен әкімдік өкілдері тілсіз жаудың бетін бірден қайтаруға күш салып отырды. Десе де, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сол үшін де өзенді өңірлерді облыс басшылығы бастаған топ әуеден бақылап қайтты.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бастаған арнайы жұмыс тобы әуелі Күршім, Ұлан және Марқакөл аудандарындағы бөгеттер мен өзендерге әуеден бақылау жүргізді. Ұлан ауданының кіші бөгеттерінде артылған су біртіндеп ағызылып жатыр. Сондықтан өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бірақ Ұлан ауданының ауылдарына тасқын судың қаупі төніп тұрған жоқ.
Әуеден бақылау жұмыстары кезінде Марқакөл ауданының Жиделі аулындағы жолдарға су жайылғаны байқалды. Мұнда құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің күшімен су басқан учаскелер тексеріліп жатыр.
Ал Үлкен Нарын ауданында күн райының күрт жылынуына байланысты коммуналдық қызмет те күшейтілген жұмыс режіміне көшкен. Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер суды сорғызып, суағарлар мен арықтарды тазартып жатыр. Жұмысқа арнайы техникалар да жұмылдырылған.
Естеріңізге сала кетсек, 29 наурызда күн күрт жылынған. Ол аз болғандай, түнімен жаңбыр жауған. Салдарынан еріген қар суының деңгейі 20–25 см-ге дейін көтеріліп, Үлкен Нарын ауданының орталығы Үлкен Нарын аулында 11 үйдің, Алтынбел аулында 10 үйдің ауласына қарғын су жайылған. Жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп, төнген қауіптің беті қайтқандай болды. Жеке тұрғын үйлердің аулаларына кірген қар суы толықтай мотопомпа арқылы сорылып, өзен арнасына қарай бағытталды. Сонымен қатар «Қазавтожол» қызметкерлері Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдары аралығындағы жолға бөгет жасап, асфальт бетіне шыққан судың мөлшерін азайтты. Дей тұрғанмен, қос ауданды байланыстыратын тасжолдың бетіне таудан аққан еріген қар суы шығып кетуі әлі де мүмкін. Оның алдын алу үшін арнайы техника жұмылдырылып, «Қазавтожол» қызметкерлері инертті материалмен бөгет жасау жұмыстарын жүргізді.
«Қазір тұрғын үйлердің аумағына су жайылып кетпес үшін инертті материалмен арықтың маңайына бөгет жасалып жатыр. Ауылда 10 үйдің ауласына су кірген еді. Жұмылдырылған күштің нәтижесінде су шығарылды. Жағдай толықтай бақылауда», деді Е.Байрахметов.
Күршім ауданын тікұшақпен айналып өткен облыс әкімдігі өкілдері мен құтқарушылар ауданда су басу қаупі жоқ екенін айтады. Топтерек аулының тұсындағы көпірді су шайып кетті дегені болмаса, жағдай тұрақты. Іргедегі Қара Ертіс өзендеріндегі су деңгейі нормаға сәйкес екеніне көз жеткізген мамандар Марқакөл ауданын айналып өтті. Айта кетейік, Марқаның таулы аймақтарындағы Төсқайың, Балықтыбұлақ, Шанағаты ауылдарындағы қалың қардың көбесі сөгіле қойған жоқ.
Айта кетейік, «Қажсервис» ЖШС ШҚО бойынша филиалының директоры Еркін Даумовтың сөзінше, қазір облыстағы республикалық маңызы бар тасжолдардағы жағдай да қалыпты.
«Қазіргі жағдай бойынша облысқа қарасты республикалық маңызы бар автожолдарда 26 бірлік арнайы техника мен 30 қызметкер жұмыс істеп жүр. Жол бойына су шығу қаупі жоқ», деп атап өтті Е.Даумов.
Иә, ресми деректерге сенсек, қауіп жоқ. Лайым солай болсын. ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов пен облыстық ТЖД бастығы Ерғали Бахаев бастаған жұмыс тобы өңірге қарасты Күршім, Самар, Марқакөл, Үлкен Нарын аудандарындағы жағдайды әуеден бақылап қайтқанда да, тілсіз жаудан төнген қауіптің жоқ екенін тілге тиек етті.
«Әуеден барлау барысында жағдай тұрақты екені байқалды. Қара Ертіс өзенінде мұздың жарылуына байланысты су өз ағысымен кетіп жатыр. Үлкен Нарын аулына байланысты жергілікті атқарушы органдармен, ТЖД мамандары тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Облыс бойынша жағдай күнделікті бақылауда. Қауіп бар деген жерлерде кезекшілік қойылған. Олар тәулік бойы қадағалап отыр», деді Б.Байахметов.
«Қажсервис» ЖШС ШҚО бойынша филиалының директоры Е.Даумов жол үстіне қар суының жайылуынан қауіп жоқ дегенімен, Самар ауданындағы Қараөткел аулынан 6 шақырым жердегі Көкжота – Қараөткел автожолына қарғын су жайылды. Оған жаңбыр мен еріген қар суы себеп. Қарғын су жолға жайылып, 125 адам Қараөткел аулында қалған. Есеп-қисапқа жүгінсек, Қараөткел аулында барлығы 37 жер үй бар. Тасқын қаупі үйлерге төніп тұрған жоқ.
«Жол жабынын аршып, су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Жергілікті атқарушы органдардан 10 адам мен 6 техника, төтенше жағдай департаментінен 2 құтқарушы маман мен 1 техника, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінен 2 адам мен 1 техника жұмылдырылды», деп хабарлады Самар аудандық ішкі саясат бөлімі.
Көктемгі табиғаттың тосын мінез көрсетіп тұрғаны – әзірше осы. Осымен қауіп беті қайтса деген ел тілегі бар.
Шығыс Қазақстан облысы