Мемлекет басшысы Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда белгілеген құндылықтар қатарында жасампаздық пен жаңашылдыққа арнайы тоқталды. Бұл бағыттардың өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты екеніне, озық дамыған мемлекет құру үшін азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керектігіне екпін салды.
Өте орынды талап. Өйткені ендігі кезеңде өркениет игіліктерімен иық теңестіргендердің өресі өседі, жайбарақат жүргендердің өкпесі өшеді. Қоғам уақыттың алға тартып отырған осы айнымас ақиқатын аңғаруға тиіс, тіпті қазірден қам жасап қарекет етуі қажет. Ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан ғаламдық өзгерістер тұсында отандастарымыздың бойтасалап емес, ой саралап қатар жүруі өркениет игіліктерінен артта қалып қоймауына мүмкіндік бермек. Сол себепті, Президент атап өткендей, біздің жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналу жолында озық технологияларға негізделген білім экономикасын құру ең өзекті мәселелердің алдыңғы легінде тұр.
Адамзат ғылымды игере бастаған кейінгі бес ғасыр бедерінде төрт өнеркәсіптік төңкерісті бастан өткергені белгілі. Соның ішінде ХХІ ғасыр даму жағынан ең ұшқыр жүзжылдық ретінде тарихта қалатыны мәлім. 1926 жылы америкалық өнертапқыш Никола Тесла келешекте Жер бетінде сымсыз жүйелер пайда болып, күллі әлем тұтастанған орасан бір ортақ миға айналады дегенде, айналасындағылар оны есі ауысқан деп келеке еткен екен. Америкалықтың айтқаны айдай келді. Алысқа бармай-ақ, егемендікті енді-енді сезініп, нарықтық экономиканың не екенін жаңа түсіне бастаған 2000-жылдардың басында біз арадағы 24 жылдың ішінде әрбіріміздің қолымызда тіршілігіміздің барлық қырын қамтыған, яғни әлемдік деңгейде байланыс жасауға, ақпарат алуға, түрлі сервистік қызметтер көрсетуге, электрондық төлемдер жасауға қабілетті ұядай ғана ұялы телефонға тәуелді болып қалатынымызды ойлап көрдік пе? Қағаз қаражат айналымнан алыстаған қазіргі заманда сіз ұялы телефоныңызсыз дүкеннен азық-түлік ала алмайтыныңыз, шалғайда тұратын дос-бауырларыңызға ақша сала алмайтыныңыз, тіпті қоғамдық көлікке отыра алмайтыныңыз анық. Міне, уақыт солай өзгерді, өзгергенін көз көрді.
Бұл ойды одан әрі өрбітсек, әйгілі футуролог Юваль Харари өзінің бестселлерге айналған «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабында 2050 жылға қарай мектептер оқушыларды дәстүрлі оқу бағдарламасынан тыс жаңа трансформациялық жағдайларға бейімдеуге, үйретуге басымдық беруі тиіс деп есептейді. Оның болжамынша, болашақта өзгерістерге икемді, үздіксіз білім алуға бейіл, сын-қатерлерге төтеп бере алатын адамдар ғана табыстылар санатында болмақ.
Танымал футуролог мұны неге сүйеніп айтып отыр? Талдап көрсек, дүниежүзілік сарапшылар 2050 жылы қазіргі жұмыс орындарының 60%-ы ғана сақталатынын айтып отыр. Бұған қоса, болашақ мамандықтардың 85%-ы әлі толық анықталмағаны болжанған. Алдағы 20 жылда еңбекке қабілетті адамдардың басым бөлігі жаңа мамандықтарды меңгеру үшін қайта даярлықтан өтуге мәжбүр болмақ. Кейінгі онжылдықта шекарамен шектелмейтін әлемдік еңбек нарығы қалыптасты. Адам қолымен істелетін жұмыс функцияларының көп бөлігі жасанды интеллектінің міндетіне көшіріліп жатыр. Автоматтандырылған жүйе еңбек нарығы мен адамдардың өмір сүру салтына өзгерістер енгізді. Алдағы уақытта адамның қатысуынсыз қызмет ететін технологиялар көші қалыпты жұмыс орындарын күрт қысқартады. Мейілінше техникаланған әлемде білім экономикасымен қаруланған, идеялар мен тұжырымдар тудырушылар ғана ілгері сапта тұратын болады. Біз алыстығы байқалмайтын көрінген таудай бұл Digital дәуіріне дайынбыз ба? Ақпараттық технологиялардың, интернеттің игіліктерін қандай қажеттіліктерімізге жаратып жүрміз?
Мемлекет басшысы Құрылтайда сөйлеген сөзінде бұл бағытта: «Ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке әуес» деп нақты түйіндеді.
Осы тақырып бойынша тағы бір шегініс жасап көрелік. Facebook әлеуметтік желісінің алғашқы инвесторларының бірі, америкалық бизнесмен Питер Тиль жобаға құйған қомақты қаражатының қайтарымына байланысты берген сұхбатында «бізге ұшатын машиналарды шығаруға уәде берген еді, оның орнына әлеуметтік желілерді ұсынды» деген екен. Бұл жауап біздің қазіргі қоғамның кейбір жағымсыз көрінісін дәлме-дәл суреттегендей әсер береді. Айталық, әлемнің прогрессивті өкілдері бүгінде интернет арқылы заманауи жаңашылдықты санасына сіңіріп, білімін жетілдіріп, білігін ұштаумен айналысып жатса, өкінішке қарай, замандастарымыздың көпшілігі әлеуметтік желідегі желбуаз ақпаратпен алтын уақыттарын өлтіріп жатыр. Біздің қоғамның біраз бөлігі бүгінде әлеуметтік желіде тапжылмай отырып, өнер мен спорт жұлдыздарының ажырасып, қайта үйленгенін немесе олардың әйелден еркектік күйге енгенін болмаса есірткімен ұсталып сотқа сүйрелгенін оқып, өсек-аяң арқылы санасын өсірумен емес, өшірумен айналысып жүр. Жалпы, зулаған зымырандай ғасырымыздың соңына қарай адамзат Марсты игереді деген болжам бар. Оған жан-жақты дайындық жасалып жатқанын да оқтын-оқтын оқып қоямыз. Осы ретте қазақтың біртуар ақыны Есенғали Раушановтың «Планета боп Есенин айналып жүр, Есенғали ауылда қой бағып жүр» деген ащы сарказмге толы өлең жолдары ойға оралады. Сондықтан, әлем Марсты бағындыруға құлшыныс жасап жатқанда, біздің жұртшылықтың мағынасыз контентпен құлдырап жатқаны қоғамның дамуына зор зиянын тигізетінін мойындауымыз керек. Бұл жөнінде де Президент көпшілікке ой тастады. «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек».
Әлбетте, өмір болған соң ақ пен қараның, сапа мен салғырттықтың қатар жүретіні белгілі. Жалпы, жұрт жаңағы айтқан жағымсыз қылықтардан арылса, өркениет көшіне тұтас ел болып ілесетініміз айдан анық. Сонымен бірге, елімізде ақпараттандыру саласында елеулі ілгерілеушіліктер бар екенін де жоққа шығармауымыз керек. Тіпті көршілес елдерден бұл салада оқ бойы озық тұрғанымыз да рас. Мемлекет басшысы осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасалып, жаңа дата-орталықты іске қосу, Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салу көзделіп отырғанын айтты.
«Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек» деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы тілге тиек еткен «цифрлы номадтар өркениетін» бүгінгі таңда әлемде өздерінің кәсіби міндеттерін орындауда цифрлық телекоммуникациялық технологияларды барынша қолданып, қызмет ететін ерекше әлеуметтік топтар қалыптастыруда. Аталған цифрлық номадтар жаһанда ақпараттық қоғамның орнығуына байланысты байырғы көшпелілердің өмір салтын жаңаша жаңғыртып, әлемнің кез-келген нүктесінде отырып қашықтан жұмыс істей бастады. Көшпелілік өмір салты бізге де тән. Бірақ біздікі көне көшпелілік. Халқымыз көшіп-қонып жүріп, тағдырында талай тар жол тайғақ кешті, шапқыншылықты, соғысты, аштықты, қуғын-сүргінді бастан өткерді. Табиғатынан қайырымды, салиқалы, қайратты қазақ әр дәуірде оқтын-оқтын соққан сол заманалар дауылында морт сынып кетпеді. Тұтастай алғанда, отандық мамандар цифрлық технологияға қажетті қабілет көшпелілер ұрпақтарының генінде бар деп есептейді. Ол үшін менталитетке реформа жасаудың қажеті жоқ. Есте сақтау мобильділігінің ерекшелігін бұрынғы қазақтардың эпостарды бір сәтте жаттап алуымен, санасына сансыз ақпаратты сақтап алуымен өлшеуге болады. Бұл орасан зор мәлімет Big Data деңгейінде сақтаулы болуы мүмкін. Тіпті көшпелілер ұланының бойындағы қабілетті ояту бағдарламасын қолданатын мектептерде пән енгізуді ұсынады. Бұл – уақыт еншісінде. Олай болса, алдағы цифрлы көшпелілер дәуірінде халқымыз жігерін жаңаша жанып, жақсы мен жаманды танып, өркениет көшінен қарыс қадам қалыспағанын қалаймыз.
Қуат БОРАШ,
қоғам қайраткері