Тасқыннан қауіп төніп тұрған жолдың қос қапталына құмқапшық қаланып, мотосорғымен су айдау жұмыстары жүріп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Ауданға көмекке түрлі ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер, тұрғындар келіп жатыр. Мысалы, орман шаруашылығы қызметкерлерінің мобилді тобы (18 адам, олардың 11-і моторлы қайықтарды басқара алады) Жангелдин ауданының Аралбай кентіне 18 техникамен бірге келіп, халықты эвакуациялауға кірісті.
Сондай-ақ тұрғындарды эвакуациялық пункттерге орналастыру ұйымдастырылды. Су басқан ауылдардан барлығы 550-ге жуық адам эвакуацияланды, олар бірінші кезектегі керек-жарақтармен, киіммен, көрпемен, азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Зардап шеккендер «Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп» КММ базасында және шығармашылық үйінде құрылған эвакуациялық пункттерге орналастырылды.
Балалар оқулықтармен, киіммен және кеңсе заттарымен қамтамасыз етілді, 1 сәуірден бастап аудан орталығының мектептерінде қашықтан, сондай-ақ офлайн форматта сабақ басталды.
«Жергілікті органдар мүліктің ысырабын азайту, байланыс пен интернетті қалпына келтіру, сондай-ақ электрмен жабдықтау бойынша іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Су өткізу құрылыстарын тазарту және трассалар арқылы толып кетудің алдын алу бойынша жұмыстар да үздіксіз жүргізіліп жатыр», деді Жангелдин ауданы әкімдігінің қызметкерлері.
Бүгінгі таңда 22 елді мекеннің 12-сі электр энергиясына қосылған.