Алматыда асқан қатігездікпен өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша бермекші болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, олар болған жайтқа өкінетінін айтып, кешірім сұрап барған, бірақ олар кешірім бермейтінін айтып, кінәлі тараптан бірде-бір тиын алмаймыз деп отыр.
КТК телеарнасы мәлімдегендей, Нұрбол Қайыпбаевты үш баласы мен туған-туысы кеше ақтық сапарға шығарып салды. Қасіреттен жүрегі қансыраған ана мен жесірі марқұмды жоқтауға шамасы келмей, өздерін әрең ұстап отыр. Қапыдағы өлім Нұрболдың аға-бауырларын да біраз есеңгіреткен. Олар жаназа кезінде күдіктінің туыстары ақша ұсынғанын айтты.
«Алдымыздан өтті, «кешіріңіздер» деді, бірақ кешірім болмайды дедік, сот болады. Әділ сот болғанын қалаймыз дедік. Жеңгеме «маған нөмірін бер, ақша салып жіберейін» дейді. Ондай көмек керек емес дедім, ешқандай көмек керек емес. Елдің бәрі, бүкіл Қазақстан болып жинап жатыр. «Кешірім болмайды» дедім, болды», деді марқұмның інісі Руслан Қайыпбаев.
Айыбын жуып-шаймақ болып ақша ұсынғандардың күдіктіге қандай жақындығы бары белгісіз. Өйткені оның әкесі ақша ұсынбақ түгілі, күзетшіні өлтіргенді танымаймын деп басын ала қашқан.
Қапыда отағасынан айырылған жары мен үш баласына ауыр соққы болды. Үлкені 14 жасқа толса, кенжесің жасы 5-те. Барлығы жалдамалы пәтерде тұрады. Жесір қалған жарының шотына ел азаматтары қазір көңіл айтып, жаппай ақша аударып жатыр.
«Тергеудің жан-жақты әрі әділ болуы үшін барлық дәлел-дәйектерді жинап жүрміз. Осы тұрғыда жәбірленушілерге барынша көмек көрсетіп жатқан азаматтарға алғыс айтамыз. Қаржылай көмек бергісі келетін жандарға айтарымыз, марқұмның бауыры Руслан мен жұбайы Әсемге аударсаңыздар, себебі жәбірленушілердің атын жамылған алаяқтар көбейіп кетті. Абай болыңыздар», деді қорғаушы Асылбек Әбдірайымов.