Қилы заманда дүние жүзіне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың атажұртына бет бұрған ұлы көшін Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында шоғырлана өмір сүріп жатқан ағайындар бастаған болатын. Олардың алғашқы легі кеңес одағының күйреуі қарсаңында Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасында жасалған Еңбек шартына сәйкес 1991 жылғы көктемде атамекенге қиқулап қайтқан жыл құсымен қатар қуана думандатып келген еді.
Сол кезде қандастарға қазіргідей республикалық бюджеттен қаржыландырылатын қыруар квота бөлініп, қаржылай қолдау көрсетілмесе де, олардың бәрін ауылды жерлердегі шаруашылық құрылымдарының басшылары тұрғын үймен қамтамасыз етіп, алдарына мал салып беріп, мүмкіндіктерінше көмек көрсетті. Ал жергілікті тұрғындар Алтайдың арғы жағынан келген ағайындарға кезектесе ерулік беріп, бауырларына тартып бақты. Соған қарамастан, Моңғолиядан оралған қандастарымыздың атамекенге тастай батып, судай сіңіп кетуі оңайға түспеді. Әсіресе еліміздің басқа этнос өкілдерінің саны басым теріскей аймағына қоныстанған ағайындардың орыс тілін білмеуіне байланысты жаңа ортаға бейімделіп кетуі қиынға соқты. Бұған шыдамаған бірсыпырасы кейін қазағы қалың өңірлерге көшіп кетті.
Моңғолиядан келген қандастар тап болған тағы бір үлкен қиындық – Қазақстан азаматтығын алу еді. Өйткені Еңбек шарты бойынша атамекенге көшіп келген ағайындар Моңғолия азаматтығынан шықпаған болатын. Соның салдарынан 83 мыңдай қандасымыздың 12 мыңнан астамы өздері туып-өскен Баян-Өлгейге қайтып оралды. Қалған 70 мыңнан астамы кейін екі мемлекет басшыларының араласуының арқасында Қазақстан азаматтығын алып, атажұртқа түпкілікті табан тіреді. Олардың Қазақстан азаматтары ретінде толық құқыққа ие болуына мүмкіндік берген ресми құжат – 1994 жылғы 2 желтоқсанда Алматы қаласында жасалған Қазақстан және Моңғолия азаматтарын еңбек шарты бойынша жұмысқа қатыстыру жөніндегі мәселелер бойынша ынтымақтасу туралы Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы келісім.
Бірақ уақыт өте келе ұлы көштің жолында жаңа кедергілер пайда болды. Бәрінен де шетелдегі этностық қазақтардың тарихи Отанына жаппай оралуына қарсы пиғылдағы кейбір жоғары лауазымды шенеуніктердің 2011 жылғы 16 желтоқсанда болған қайғылы Жаңаөзен оқиғасына қандастар кінәлі деген жалған пікір таратуының салдары қиын еді. Осы себеппен қандастарды қабылдап, ел өңірлеріне квота бойынша орналастырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы күрт тоқтатылды. Бұл аздай, Үкіметтің 2011-2014 жылдары қандастардың 10 мың отбасын квота бойынша қабылдау туралы қаулысының күші де жойылды. Үкімет Моңғолиядан көшіп келген қандастарымызға ерекше шүйіліп, сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов 2014 жылғы 31 желтоқсанда жоғарыда аталған Қазақстан мен Моңғолия азаматтарын еңбек шарты бойынша жұмысқа қатыстыру жөніндегі мәселелер бойынша ынтымақтасу туралы Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы келісімнің күшін біржақты тәртіппен жою туралы №1422 қаулыға қол қойып, бірден күшіне енгізді. Үкіметтің осы қаулысының салдары әсіресе 2015 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан, өмірінің көп жылын Моңғолияда өткізген азаматтарға өте ауыр соққы болып тиді. Себебі, зейнетақы есептеу кезінде олардың Моңғолияда жоғары оқу орындарында оқыған, әскери қызмет атқарған және жұмыс істеген жылдары еңбек өтіліне енгізілмей, ал Қазақстанда еңбек еткен уақыты аздық еткендіктен, мүлдем зейнетақысыз қалып, мардымсыз жәрдемақы алуға мәжбүр болды.
2016 жылы жазда Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары ардагерлермен кездескенде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қалиев: «Осында Моңғолиядан көшіп келген бір тамаша азамат тұрады. Баян-Өлгей аймағының мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы қызмет істеп, құрметті атақтармен марапатталған өнерпаз адам. Бір өкініштісі, ол атажұртына көшіп келіп, шамалы жыл қызмет істеген соң зейнет демалысына шыққанында Қазақстандағы еңбек өтілі жетпей, 14 мың теңге ғана жәрдемақы тағайындалыпты. Қартайған шақта мұндай аз ақшаға қалай күн көруге болады? Білуімізше, 2015 жылға дейін зейнет демалысына шыққан, Баян-Өлгейден келген қандастар өмір бойы осында тұрып, еңбек еткен отандастарымызбен тең дәрежеде, лайықты зейнетақы алып келді. Енді «Елім!» деп еңіреп келген бауырларымызды неге өгейсітеміз, неге кемсітеміз? Сіздер, Парламент депутаттары, осы мәселені тездетіп шешіңіздер», дегені жадымызда.
Алайда Парламент Мәжілісінің депутаттары бұл көкейкесті мәселені шешуге тырысқандарымен, бұрынғы Үкіметке сөздерін өткізе алған жоқ. Бәрін бір-ақ адам шешетін ескі жүйеде басқаша болуы мүмкін де емес еді. Тек 2017 жылы болған Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сол уақыттағы Мемлекет басшысы Үкіметке Моңғолиядан көшіп келген қандастардың зейнетақы мәселесін шешу жөнінде тапсырма берген соң ғана сең орнынан қозғалды. Сөйтіп, келесі жылдың соңында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға қандастардың шетелде тұрған кезеңде жинақтаған еңбек өтілін Қазақстанда зейнет демалысына шыққан кезде есепке алу туралы түзету енгізілді. Әйтсе де бұл жартыкеш шешім болды. Себебі, тиісті заң жобасын әзірлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шенеуніктері Моңғолиядан оралған қандастарға деген бұрынғы райларынан толық қайтпай, олардың шетелдегі жоғары оқу орындарында оқыған және әскери қызмет атқарған жылдарын еңбек өтіліне енгізбей тастады. Парламент Мәжілісі депутаттарының осы жөніндегі түзетулерін де қабылдамай: «Біз бұл мәселе бойынша алдағы уақытта Моңғолия Үкіметімен келіссөз жүргізіп, арнайы келісім жасауымыз қажет», деген уәж айтып, уәде берді.
Өкінішке қарай, шенеуніктердің бұл уәдесі бес жылдан астам уақыт бойы сөз күйінде қалып келді. Тек жақында ғана жаңа Үкімет Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын мақұлдады. Онда: «Әскери қызмет кезеңдері және жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) және арнаулы орта білім беру жүйесінде, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында, Тараптар аумағында оқу кезеңдері зейнетақы тағайындаған Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес еңбек (сақтандыру) өтіліне есептеледі», деп көрсетілген. Бұл келісім алдағы уақытта екі елдің уәкілетті мемлекеттік органдарының басшылары қол қойып, ратификацияланғаннан кейін күшіне енеді.
Жаңа Үкіметтің Моңғолиядан оралған қандастарды қуантатын осы шешімі Әділетті Қазақстан орнату жолындағы кезекті қадам деп білеміз. «Ештен де кеш жақсы».