• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жемқорлық 02 Сәуір, 2024

Жемқорлықтың жолын кесу маңызды

123 рет
көрсетілді

Қоғам дамуын тежейтін қолайсыздықтың бірі – жемқорлық. Президент пәрменімен өңірлерде жемқорлыққа итермелейтін проблемаларды талдау ісі қолға алынғаны белгілі.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұштұғырының бір негізі ретінде осы індетпен күрес жолын атап өтті. «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жа­уапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Елі­міз осы құндылықтарды берік ұстана оты­рып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түс­пек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді» деген Президент бү­кіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы кү­ресті жалғастыра беретінімізді де атап өтті. Ал өткенде Алматыда сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жө­нін­дегі комиссияның отырысы өткен еді.

Жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін жүйелі жолға қою маңызды. Алматы қаласының әкімі Ер­болат Досаевтың төраға­лы­ғымен өт­кен кеңесте мегаполис­тің Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қыз­метінің басшысы Ар­ман Рахимов ден­саулық сақтау және құ­рылыс сала­сындағы жемқорлық індетін бол­дырмау­дың кешенді шараларына тоқталды.

Құрылыс және тұрғын үй, экология, жер қатынастары, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, инфрақұрылым мен жол – сынға іліккен салалар санатында. Өткен жылы кәсіпкерлік қызметке заңсыз аралас­қаны үшін 3 лауазымды тұлға әкімші­лік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ рұқсат беру тәртібі мен мерзімін бұзған тағы 4 тұлғаның әрекеті әшкереленген. Осылайша, жемқорлар қолды қылған 9,2 млрд теңге қайтарылып, тағы 5,4 млрд теңге көлеміндегі қаржы бұғатталған.

Кеңесті ашқан Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шараларына ерекше көңіл бөлінетінін атады. Арман Рахимовтың мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар мегаполисте сыбайлас жемқорлық қылмысын төмендетуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2019-2021 жылдар аралығында қаланың денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 36 қылмыстық істі тіркесе, кейінгі екі жылда барлығы 3 қылмыстық іс тіркелген.

Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы 2023 жылы қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметін сыртқы талдау нәтижесінде 18 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталғанын, 20 ұсыныс енгізілгенін хабарлады. Бұған қоса, жеке медициналық ұйымдарға медициналық қызметке лицензия алу кезіндегі ықтимал бұзушылықтар туралы шағымдарға байланысты олардың қызметінің заңдылығына мониторинг жүргізу ұсынылған.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков баяндағандай, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін 147 медициналық ұйым, оның ішінде 123 жеке ұйым проактивті мониторингпен қамтылған.

Қала әкімі қоғамдық денсаулық сақ­тау басқармасына Медициналық және фармацевтикалық бақылау коми­тетінің Алматы бойынша департа­менті­мен бірлесіп, Денсаулық сақтау министр­лігіне жеке медициналық ұйым­дар бойынша ұсыныстар енгізуді тапсыр­ды. Ерболат Досаев атап өткен­дей, бұл жұмыстың бас­ты мақсаты – медици­налық қызметтің сапасын арттыру және қала тұрғындарының өтінішіне уақтылы ден қою.

Құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөнін­дегі шаралар туралы Алматы әкімдігі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов мәлімдеді. Оның айтуынша, сәулет органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және қазіргі заманғы IT шешімдерді пайдалану мен лауазымды тұлғалардың жұмысын регламенттеу арқылы осы саладағы бақылауды күшейтуге маңыз берілген. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер қатынастарын жетілдіру және теріс мақсатта пайдалану мүмкіндіктерін жою бойынша бірқатар ұсыныс жолданыпты.

«Әкімдіктің жауапты бөлімшелеріне әр саладағы сыртқы талдау нәтижесі бойынша анықталған сыбайлас жем­қорлық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсынымдардың сапалы орын­далуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениетті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір басшының күнделікті жұмысы болуға тиіс. Ресми жұмыс әдістерінен бас тартып, халықтың наразылығын ту­ды­ратын жүйелі проблемалық мәсе­лелерді шешу жөнінде шаралар қабыл­дау қажет», деді Ерболат Досаев.

 

АЛМАТЫ