• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Сәуір, 2024

Рухани дербестіктің мәні

152 рет
көрсетілді

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жат діни ағымдардың дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасап жатқан шабуылына төтеп беру үшін: «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек», деп рухани дербестігімізді сақтаудың мәнін түсіндірді.

Көптеген зерттеу қоғамның рухани саласында болып жатқан күрделі өзгерістерді көрсетеді. Деструктивті құбылыстар белең алып, дәстүрлі құндылықтар жүйесіне әсерін тигізіп, моральдық нұсқаулардың жоғалуы, күмәнді идеологиялардың адам санасына енуі түрінде көрініс тауып жатыр. Жекелеген тұлға­лар­дың қажеттіліктері, мүдде­лері, мақсаттары, әлеуметтік байла­ныс­та­рының сипаты өзгеріп, ұлттық бірегейлігімізге қауіп төнді.

Бүгінгі таңда қазақ қоғамының рухани негіздерін – ұлттық рух, ұлттық сана және халқымыздың ұлттық мәдениеті өсетін тамырларды сақтау мәселесі аса маңызды. Сол себеп­ті қазақ руханиятын, қазақ ділін қалыптастырған алғышарттарды анықтау қажет.

Руханият – өте күрделі құбылыс, ол әрқашан қоғамның, халықтың, мәдениеттің бірегейлігі мен тұтас­­тығын білдіретіні сөзсіз. Қазақ руханияты әрқашан қоғамның шынайы интеграторы ретінде әрекет етті. Қазақстанның әлеуметтік-мәдени дамуының барлық ке­зеңін­де ол прогресс нысаны ре­тін­де көрінді, оның нәтижелері әрқашан гуманистік идеал­дар мен құн­дылықтарға бағыт­талғанын бі­ле­­міз.

Еліміздегі рухани үдерістің динамикасын зерттеу, оның бастауларын анықтау тарихи материалға жүгінуге итермелейді. Қазақ тарихында дәстүрлі мәдениеттің рухани негіздерінің рөлін сүнниттік бағыттағы ханафи мәзһабы орындады, ол қазақ жан дүниесінде және халықтың мінезінде әділеттілік, жанашырлық, құрбандық пен адам парызының өткір сезімінің моральдық-рухани көзқарастарын қалыптастыратын адамгершілік пен шыншылдық идеалдарын орнатты. Осылайша, ханафи мәзһа­бының идеялық көзқарастары қалып­тастырған мәдени үлгі рухани құн­ды­лықтардың басым дамуына негіз болды.

Қазіргі қазақ қоғамының руханиятымен байланысты кейбір мәселелер мәдениетіміздің рухани бастаулары – қазақ дәстүрлеріне оралу қажеттілігін көрсетеді. Бұлар – адамдарды біртұтас ететін жақ­сылық пен жамандық туралы идея­лар, сәйкестік құрылымындағы маңызды компоненттердің бірі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық мораліне қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды наси­хат­таушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де», деген сөздері де өз Отанына деген мақтаныш сезімін оята алатын аза­маттарға арналған.

«Ел тағдыры – ер тағдыры». Мемлекетіміздің тұғырының биік болуы, халқымыздың амандығын қамтамасыз ету қастерлі борышымыз екенін естен шығармағанымыз абзал.

 

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Астана қаласы «Діндерді зерттеу» орталығының теолог маманы, PhD