Елімізде жаңа ислам депозиттерінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетеді деп болжанған. Ақпарат «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында өткен Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамыту нарығы бойынша есептің тұсаукесерінде айтылды.
Есеп Ислам даму банкі институтының қолдауымен АХҚО лицензияланған қатысушысы болып саналатын «CSQLаw» атты консалтинг компаниясымен бірлесіп дайындалған. Зерттеу аясында жеке және корпоративтік клиенттер арасында исламдық қаржы өнімдеріне нарықтық сұранысты бағалау бойынша жұмыс жүргізілген. Зерттеуге 13 мыңға жуық респондент қатысты. Оның 350-ге жуығы заңды тұлға болса, 12 мыңнан астамы – жеке тұлға.
Зерттеу кезінде діни сенімдерге байланысты депозиттік жүйеден тыс респонденттер исламдық депозитті ашуға дайын екенін жеткізді. Мұның жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар зерттеу барысында алынған мәліметтер негізінде дәстүрлі депозиттерден исламдық депозиттерге көшу 924 млрд теңгеге бағаланады.
Зерттеу нәтижесі әртүрлі исламдық қаржы құралына сұраныс айтарлықтай жоғары екенін көрсеткен. Исламдық қаржыландыру нарығын дамыту қажеттілігі діни сенімдеріне қарай классикалық банк құралдарын пайдалана алмайтын дінді берік тұтынушы мұсылмандар санының артуымен байланысты өседі деп болжанып отыр. Алайда бұл тек дін ұстанушыларға ғана арналмағанын атап өткен жөн. Баламалы қаржыландырудың осы түрін діни сенімдеріне қарамастан, кез келген адам пайдалана алады.
Нарықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне қарамастан, сауалнамада елдің барлық өңірінде исламдық қаржы өнімдері туралы ақпараттың аз екені белгілі болған. Бұған дәлел – қатысушылардың 85%-ы (жеке тұлғалар) ешқашан исламдық қаржыландыру өнімдерін пайдаланбапты. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылар исламдық қаржы өнімдерін пайдалануға кедергі келтіретін себептердің ішінде өнімдердің қолжетімсіздігін, ұсыныстар жоқтығын, исламдық қаржы туралы қате түсініктер және сенім мәселелерін атап өткен.
«Исламдық қаржыландыру – АХҚО дамуының маңызды бағытының бірі. Қазақстандағы жеке және корпоративтік секторларда исламдық қаржы институттарының жұмысына барлық қажетті жағдай жасалған. Біздің орталық исламдық қаржы өнімдерінің жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық базаны қамтып, сонымен бірге Ислам даму банкі, Азия даму банкі және басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастық құрған. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де осы бағытты дамытуға атсалысып жатыр. Осы зерттеудің нәтижелері елдегі исламдық қаржыландыру нарығының толық жұмысын анықтауға мүмкіндік беріп отыр», дейді АХҚО әкімшілігі Өнімдерді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Данияр Келбетов.