1 сәуірде «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының жетекшісі Бақытжан Тұрлыбеков Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесті.
Кездесу барысында әлемде теңдесі жоқ «Ұлы дала жорығы» бірегей жобасы жан-жақты талқыланды. Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен 2024 жылы халықаралық деңгейде өткізілгелі отырған марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері де кеңінен сөз болды. ҚР Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен және ұйымдармен байланыс орнатуға ерекше қолдау көрсетіп жатыр.
Б.Тұрлыбеков дипломатты алдағы марафон-бәйгеге дайындық барысында тығыз ынтымақтастық үшін Әзербайжан Республикасының ат спорты федерациясымен байланыс орнатуға ықпал етуге шақырды.
Бұған жауап ретінде Әзербайжан Елшісі Ат спорты федерациясының жобаларын, соның ішінде Әзербайжан шабандоздарының, сондай-ақ әлемдегі ең мықты жылқы тұқымдары, Әзербайжанның ұлттық символына айналған Қарабақ арғымақтарының «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысуына ықпал жасайтынын жеткізді.
Биыл «Ұлы дала жорығы» халықаралық дүбірлі додасының Ботай (СҚО) - Бозоқ (Астана) жаңа бағыты таңдалып алынды. Кем дегенде 15 шетелдік команда қатысады деп күтіліп отырған биылғы марафон-бәйгенің қашықтығы 500 шақырымды құрайды.
Марафон-бәйгенің Ботайдан басталуының мәні терең – адам баласы жылқы малын дәл осы жерде алғаш рет қолға үйреткен, ол ғылыми дәлелденген. Ал VIII–X ғғ. көне түркілердің киелі мекені болған Астана маңындағы Бозоқ қалашығы - жарыстың аяқталу нүктесі.
«Ұлы дала жорығы» – жылқының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лаборатория.