Қытайда ең қарт қаламгер 110 жасында дүниеден озды. 1915 жылы өмірге келген Ма Шиту – ХХ ғасырдың ең айтулы оқиғаларын көзбен көрген адам. Артында 18 том кітап, 7 млн иероглиф қалдырған жазушы соңғы шығармасын 107 жасында жазып бітірген.
Ма Шитудің азан шақырылып қойған аты – Ма Цяньму. Ол зиялы отбасында тәрбиеленген. Бала кезінен көне жазбаларда бедерленген қытай әдеби мұрасына ерекше қызыққан. Тарих, ертегі, әпсаналар қиялына қанат бітіріп, баланың болашағына қатты әсер етті. Соның арқасында Ма Цяньму мемлекеті қуатты, әскері әлеуетті қоғам құруға құлшынған. Ол орта мектепті бітіре сала саяси қозғалысқа белсене араласқан.
Ма Цяньмудің жастық шағы Қытайдың аумалы-төкпелі заманымен тұспа-тұс келді. Жапондардың соғысы, ағылшындардың ішкі саясатқа араласуы, Гоминьдан және коммунистік партияның билікке таласы секілді оқиғалар қаламгердің ұлт бірлігі мен ынтымағын орнатсам деген арманына ұмтылдыра түсті.
Қаламгер жалпақ жұртқа Ма Шиту есімімен танылды. Оның мәні «кәрі жылқы жолдан адаспайды» деген сөз екен. Ол бұл есімге партияға өткеннен кейін ауысқан көрінеді. Ал оның бұрынғы Цяньму есімі «мәңгілік өмір ағашы» деген мағынаны білдіреді. Байқасаңыз, екі бірдей есім бір-бірімен мазмұндас. Бейнебір жазушының ұзақ жасауына осы екі есімнің әсері бардай.
Ма Шиту бір сұхбатында ұзақ жасаудың құпиясын айтады. «Ғасыр жасаудың сыры мына бес ұстынға жасырынған. Олар – жақсы тамақтану, уақтылы ұйықтау, ұзақ жаяу жүру, күнделікті жазу және барлық жағдайға асқан сабырлықпен қарау», дейді ол.