Елордада XV Ұлттық Дельфий ойындарына қатысуға Көкшетау қаласында өтетін іріктеу турының келесі кезеңіне шыққан номинанттар анықталды.
Байқауға 22 аталым, атап айтқанда халық аспаптары, эстрадалық ән айту, көркем сөз оқу, заманауи би, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, фотография және басқалар бойынша 500 өтінім берілді. Аймақтық іріктеу турында оннан астам ұжым хореографиялық композициялармен өнер көрсетті. «Халық биі» және «Заманауи би» аталымдарында «Тұмар» ансамблінің орта жас тобы алтын, ең кіші тобы қола медаль жеңіп алды.
Бұл балалар Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ансамблінің жанында ашылған үйірмелерге қатысады. «Жас сарбаз» балалар студиясын және «Тұмар» ансамблін педагог-хореограф – 3-сыныпты сержант Альмира Асылбекова, қоюшы-хореограф – Қарулы күштердің қызметкері Ержан Құдайбергенов басқарады.
– «Тұмар» би ұжымында 5 жастан 14 жасқа дейінгі аралықта 90 бала бар. Ансамбльдің құрылғанына небәрі бір жарым жыл ғана болды. Жұмыс төрт жас тобы бойынша ұйымдастырылған. Кәсіби қазылар алқасы біздің еңбегімізді жоғары бағалады, – деді А.Асылбекова.
Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпаздары халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғамақ.