• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2024

Су қоймасында қауіп сейілді

132 рет
көрсетілді

Наурыз айының аяғында Іле ауданы Байкент ауылдық округіне қарасты «Ворошилов» су қоймасының бөгеті жарылып, маңайдағы елді мекендерге қауіп төндірген еді. Жарылған жердің ені шамамен 5 метрді құрады. Бүгінде бөгеттер нығайтылып, су қауіпсіз деңгейге түсті.

Көл жағдайын ретке келтіру үшін облыстық төтенше жағдайлар депар­та­мен­тінің жеке құрамы, әскерилер мен еріктілер, ауыл тұрғындары жұдырықтай жұмыла жұмыс істеді. Оқиға орнына Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы мен өңір басшысы барып, жағдайды жіті бақылауда ұстады.

Қоймадан аққан су Қараой ауылдық округіндегі Аманкелді 1, Аманкелді 2 тоғандарына құйылған. Сондықтан қауіпсіздікті сақтау мақсатында арықтар қазылып, қолдан бөгеттер тұрғызылды. Жағалауын нығайтуға 300-ден аса волонтер атсалысты. Оларды жергілікті кәсіпкерлер ыстық тамақпен қамтамасыз етті.

«Қауіпке қарсы тұрған азаматтарды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақ­са­тында түнімен мешітте қазан көте­ріп, палау пісіріп, ыстық шай тарат­тық. Тұрғындар мен төтеншеліктер қолдан келген көмектерін аямады», дейді ауыл тұрғыны Жұлдызхан Жұмаханқызы.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ауыл халқы қиын-қыстау шақта өздерінің бірлігін көрсете білді. Еріктілер мен ұйымдар, соның ішінде «Жақсылық сәулесі» және «Амели қоры», «Дәм фаб­­рикасы» ыстық тамақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оларды таратуға көмектесті. Әсіресе жастар белсенділік танытты. Жедел қимыл мен штаб жұмы­сын ұтымды ұйымдастыру арқылы апатты жағдайдың беті тез қайтарылды. Алматы облысының басшылығы шара­ның барлық қатысушысына жана­шырлығы мен үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді.

«Су қоймасындағы 700 мың текше метр су көлемін ескере отырып, тұрғын үй секторын су басуға жол бермеу бо­йынша жұмыстар жүргізілді. Жармұхамет өзенінің негізгі арнасы бойынша су ағынын «Амангелді 1» және «Амангелді 2» тоғандарына, содан кейін Қаскелең өзені арқылы Қапшағай су қоймасына бағыттау үшін барлық қажетті шара қабылданды. Салдарын жеңілдету үшін Қараой ауылындағы Утянки көлінен су ағызылды. Қазір су қоймалары қалпына келтірілді. Алматы облысының су ай­дын­дарындағы жағдай бақылауда», дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Төтенше жағдай барысында бар­­лығы 17 адам эвакуацияланды. Жұмылдырылған күш өзен ағысын кедергі­лерден тазартып, Амангелді тоғанының жағалауын нығайту жұ­мыстарын жүргізді. Бұл шаралар тұрғындарды қорғауға және су тас­қы­нына ықтимал апаттардың алдын алуға бағытталған. Қорғаныс құрылыс­тарын нығайту және жағалау бойының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтеншеліктердің 500-ден аса қызметкері тартылып, 100 шақты техникасы іске қосылған. Шамамен 1 200 тонна инертті материал жеткізілген, сондай-ақ судың жайылуын алдын алып, тиімді нығайту және қорғау үшін инертті материалы бар 4 мың қапшық төселді. Бұл туралы Алматы облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ерсін Жағыпаров мәлімдеді.

«Ворошилов» су қоймасы 1910 жылы салынған. Сыйымдылығы 1 млн текше метрден асады, тереңдігі – 10 метр. Бұл нысан 2017 жылы сенімгерлік басқаруға берілген.

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы су тасқыны жағдайы тұрақты. 2022-2023 жылдар кезеңінде облыс аумағындағы анықталған 27 су тасқынына қауіпті учаскелердің жетеуі толығымен жойылып, бүгінде қалған 20 учаскенің алта­уында су тасқынына қарсы жұмыс айлығы мен жоспары шеңберінде су басу қаупі барынша төмендетілді. Оның ішінде 6 ауданда су деңгейінің көтерілуі мүмкін 5 учаске, еріген және жерасты сулары қаупі бар 6 учаске және газтурбиналы қондырғы апаты жағдайында 9 учаскенің су басуға бейім екені анықталған. Оның 8-і – Қарасай ауданына, алтауы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты.

Жыл басынан бастап елді мекендерден 3,7 мың текше метр қар шыға­ры­лып, 264,5 шақырымдық (442 бірлік) арық желісі, 123,8 шақырым (99 бірлік) канал, автожолдар астындағы 139 бірлік су өткізу құбыры, теміржол жол­да­рын­да­ғы 7 бірлік су өткізу құбыры және 69,6 шақырым су бұру каналдары тазартылған.

 

Алматы облысы