Кейбір аудандарда қарғын су екпіндеп келіп, аулаларға жайылып, күре жолдарға шығып кетіп, жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар әбігерге түсіп жатыр. Өңірдегі қардың 70 пайызы әлі ерімегенін ескерсек, дайындықты күшейте түсу керек сияқты. Сол үшін де облыс басшылығы су тасқыны қаупі бар жерлерді әуеден бақылап қайтты.
Өскемен – Риддер қалалары мен Алтай – Глубокое – Шемонаиха – Үлкен Нарын, Катонқарағай аудандары бағыты бойынша ұшып өткен мониторинг тобы өзендерде мұздың ашылуын байқаған. Су деңгейлері арнасынан асып жатқан жоқ. Бөгеулер де қалыпты жағдайда деседі. Ендігі қауіп – таудың қары. Ол ерігенде өзендер тасып, арнасынан шығуы әбден мүмкін. Алдын алу үшін өңірде 55 мың дана қап, 6 мың тоннадан аса инертті материал, 406 тонна жанармай дайындалды. Техника мен мотопомпалар әзірлікке келтірілді, эвакуациялық пункттер қарастырылды. Онда уақытша тұру үшін жан-жақты жағдай жасалған. Елді мекендерден 368 мыңнан аса текше метр қар шығарылды. 448 шақырым арық пен 447 көпірдің көздері тазартылды.
Сәуір туа ауа температурасы жылып, таулы өңірлердегі қардың көбесі сөгіле бастады. Өзен-көлдің мұзы жарылды. Су тасқыны қауіп төндірген жағдайда, облыста 2 270 адам, 732 бірлік техника мен 234 мотопомпа, 61 бірлік жүзу құралдары топтастырылады. Алда-жалда тұрғын үйлерді су басса, халықты орналастыру үшін сыйымдылығы 17 600 адамды құрайтын 153 уақытша орналастыру пункті дайындалды.
Қазіргі таңда Қалбатау – Майқапшағай тасжолының 1 090-1 092 шақырымында су шығып, жолды шайып кеткені болмаса, басқа өңірлерде су басып жатқан жоқ. Бірақ жолдың үстіне шыққан су Тарбағатай ауданының тұрғындары үшін өте үлкен кедергі болған. Облыс орталығына қатынау мүмкін болмай қалған. «Қазавтожол» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалына қарасты жолдың жиегін қар суы шайып кеткен. Бір емес, екі су өткізу құбырлары болғанымен, көлкіген су дес бермеген. Тасқын тоқтаған соң, жауапты мекеме жолды қалпына келтіру үшін 5 мың тонна тас төккен, 1 800 тонна шағыл тас жеткізген. Сөйтіп, жолды ашты. Бұл жөнделіп жатқан жол болғандықтан, алдағы уақытта 13 су өтпе құбырлары орнатылады. Ол жұмыстар жыл соңында аяқталуы мүмкін.
– Тілсіз жау республикалық маңызы бар күре жолдың бойындағы учаскелерді бүлдіріп кеткен. 1 сәуір сағат 15.30-дан бастап, Омбы – Майқапшағай бағытындағы су шайған тасжолды ашу жұмыстары жүргізілді. Әзірше бір бағыттық жол ашылып, көліктер кезегімен өткізіледі, – деді «Қазавтожол» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Сапарғалиев.
Айтып өткендей, Қалбатау – Майқапшағай арасындағы тасжолды су шайып кеткендіктен, жолаушылар жолда қалған. Оның ішінде Абай облысы аумағында қалып қалған тарбағатайлық жас ана дәрігерлер көмегіне жүгінген. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, 2002 жылғы Тарбағатай ауданының тұрғыны Өскемен қаласынан таксимен жолға шыққан. Алайда су деңгейі көтеріліп, жол жабылғандықтан, Абай облысының Көкпекті ауданына қарасты Тассай аулында қалып қойған. Жолай өзін жайсыз сезінген ол дәрігерлерге жүгінген. Дәрігерлер дереу жас ана мен нәрестені тікұшақпен Өскеменге жеткізіп, облыстық аурухананың гинекология бөліміне жатқызған. Ал нәресте Ана мен бала орталығында дәрігерлер бақылауына алынды.
Айтып өткендей, қауіп беті қайтқанша, жолға шықпас бұрын, ТЖД-дан келіп түсіп жатқан хабарламаларға назар аударған дұрыс. Қауіп тасқын судан ғана емес, таулы аймақтарда қар көшкіні түсіп жатқанын да естен шығармаған жөн.
Шығыс Қазақстан облысы