• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Инфрақұрылым 04 Сәуір, 2024

Инфрақұрылым игілігі – халыққа

200 рет
көрсетілді

Жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алды­на ауқымды міндеттер қойды. Соның ішінде ірі инфра­құ­ры­лымдық бастамалар айтылды. Президент айтқан сала­лар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысан­да­рын жөндеу және жаңғырту, баспана құрылысы, жол­дарды жөндеу және газдандыру жұмысы болатын. Жауап­ты министрліктер осы бағыттардың әрқайсысы бойын­ша тиісті жұмысты бастап кетті. Алда нақты көрсет­кіш­тер бар және ол бойынша барлық мемлекеттік орган, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес ком­па­ния­лар тартылатын болады.

Биыл ел бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жос­парланып отыр. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Бұрын жоспарланғаннан 2,5 миллионға артық. Тұрғын үй құрылысы – экономиканың негізгі драйвері, өйткені әрбір құрылысқа қатысты шағын және орта бизнес әлеуеті артады. Жұмыс орындары ашылып, құрылыс және әрлеу материалдарының өндіріс көлемі арта түспек.

«Бүгінде қызмет көрсету са­ласы көтеріліп, ипотекалық бағ­­дарламаларға сұраныс артып ке­леді. Президент сол жиын­да «Отбасы банкінің» жаңа бағ­дар­ламасы іске қосылғанын хабарлады. Бағдарлама осы жылдың 1 мамырына жос­пар­ланып отыр. Бұл – нарық қара­жаты есебінен іске асыр­ылмақ. Бі­рінші жылы «Отбасы банк» на­рықтан 300 мил­лиард теңге, кейін 8 жыл ішін­де жыл са­йын 200 мил­лиард теңге тартуды жоспарлап отыр. Осы уақыт ішінде 68 мың­ға жуық жеңілдетілген несие беріледі. Осылайша, елдегі тұр­ғын үйге мұқтаж азаматтарға қол­жетімді несие беру артады», дейді Премьер-министрдің орын­басары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Айтпақшы, қоғамда бағ­дар­лама тұрғын үй құны­ның кезекті өсуіне себеп болады деген пікір бар. Министрдің сөзінше, жеңіл пайыздық мөлшерлеменің пайдасы пәтер бағасының өсуіне әкеліп соқпауы үшін бір жыл­ға бағаны белгілеу жүйесі қарас­тырылады. Пәтер бағасы «Отбасы банкінің» арнайы порталында қолжетімді тұрғын үйдің белгілі бір пулынан ғана беріліп, нақты талданған соң бекітіледі.

Нарықтағы бағаның тұ­рақ­­тылығын қамтамасыз ету үшін құрылыс компанияла­ры­мен рес­пуб­л­икалық семинар өткізілген. Енді Қазақ­станның құрылыс салу­шылар қауымдастығы мен құрылысшылар одағы да өз ұсыныстарын бермек. Абсолютті ашықтықпен барлық өтініш беруші мен осы несиені алушылар тізімдерін жариялау жоспарланған. Ал жылжымайтын мүліктің қайталама нарығы туралы айтар болсақ, онда «Отбасы банкінің» жаңа бағдарламасы бойынша шамамен 12 мың отбасы баспана алады екен. Егер жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату көле­міне қарасақ, былтыр ол 370 мың мәмілені құрапты. Жос­­парланған қо­сымша көлем бүкіл нарықтың ша­мамен 3%-ын­ құрайды. Сондықтан үй бағасында ай­тарлықтай өсу болмайды деген сенім бар. Ал табысы тө­мен отбасылар үшін биыл жалға берілетін тұрғын үй са­ны 4 есе артады. Бұл үш­ін қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Ха­лық­тың осы тобы сатып алу мүм­кін­ді­гімен жалдамалы бас­панада тұра­тын болады.

Президенттің екінші бастамасы – транспорттық желіні дамыту. Биыл жалпы көлемін 12 мың шақырымға дейін жеткізе отырып, қосымша 2,5 мың шақырым автомобиль жо­лын салу және реконструк­ция­­лау жоспарланып отыр. Бұл – тарихи максимум. Нәти­же­сінде, 24 мың уақытша және тұрақты жұмыс орны құры­лады. Ал республикалық жолдар желісінің нормативтік жай-күйінің сапасы 93%-ға, аймақ­тық жолдар сапасы 91%-ға дейін артады. 1 триллион тең­ге­ге жуық инвестиция тартылып, экономикамызға жұмыс істей­ді.

Бұдан бөлек, жалпы ұзын­дығы шамамен 1,3 мың ша­қы­рым «Мақтаарал-Дарбаза» (152,3 км), «Бақты-Аягөз» (272 км), Алматы стансасының айналма теміржол желісі (74 км), «Достық-Мойынты» (836 км) теміржол желілерін салу жобалары жалғасатын болады.

Ақтау теңіз сауда портының өткізу қабілетін кеңейту жұ­мыс­­тары жүргізіліп жатыр. Сон­дай-ақ Құрық портының акватория­сында тереңдету жұмыстарын жүргізу және порттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бо­йынша жұ­мыстар жүзеге асырылады. Қостанайда құрғақ порт іске қосылады. Сондай-ақ көліктің барлық түрімен жоғары жүк ағынын қамтамасыз ету әрі транзиттік дәліздерді дамыту үшін логистикалық орта­лық­тар мен қоймалар салынады. Инвестиция тарту үшін арнайы экономикалық және индустриялық, сондай-ақ ша­ғын өнеркәсіптік аймақтарда бар­лық қажетті инфрақұрылым тартылады. Оған шамамен 190 млрд теңге бөлінген.

«Өткен жылы Ридер мен Екі­бастұз стансаларында бол­ған жағдайға байланысты Пре­зидент елді газдандыру мен тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығын жаң­ғыр­туға ерек­­ше на­зар­ ау­да­рып отыр. Сала­да­ғы апат санын аза­й­ту және то­зу дең­гейін тө­мен­дету үшін инже­нер­лік желі­лер­ді жаңғырту жұ­мыс­тары жал­ғасады. Биыл бар­лық өңір бо­йынша 6,5 мың шақырым желіні жаңғырту және жұмыс істеп тұрған 55 стансаны жөндеуге шамамен 650 млрд теңге инвестиция тарту қарас­ты­рылған. Ең алдымен «қызыл аймақ» деп танылған нысандарда жөндеу жүргізіледі. Бұл бағыт­тағы жұмыстар былтыр бастал­ған болатын. Сонымен қатар биыл республика бойын­ша 87 елді мекенді газдандыру арқылы 300 мыңнан астам аза­мат «көгілдір отынға» қол жеткізеді. Бұл жұмыс та бас­талып кетті. Үкімет 195 млрд теңге қарастырды. 1 796 шақырым газ тасымалдау жүйе­сін жаңғырту және салу Астана мен Шымкент қа­ла­сы, сондай-ақ Ақмола, Ақ­төбе, Алматы, Атырау, Жам­был, Жетісу, Батыс Қазақ­стан, Қарағанды, Қос­танай, Қы­зыл­орда, Маң­ғыс­тау, Түркістан және Ұлытау облыс­тарын қам­ти­ды», дейді Н.Бай­ба­заров.

Айта кету қажет, халық үшін тариф жүктемесін төмен­де­­ту үшін «қызыл аймақта» ­ор­на­­ласқан инфрақұры­­лым­ды жаң­­ғырту мақсатында «Қа­­зақ­­­станның Даму Банкі» мен бас­қа да даму институттары арқы­лы қаржыландыру мәселесі қарас­ты­рылып жатқан көрінеді. Тұтастай алғанда, тарифтік саясатты тұтынушыларға жүктеме минималды болатындай етіп құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықтың осал топтары тұрғын үй көмегі тетігі арқылы тарифтердің өзгеруінен қорғалатын болады. Ол үшін коммуналдық шығындары отбасы кірісінің 10 пайызынан асатын азаматтар жергілікті атқарушы органдарға хабарласуы қажет. Қазір бұл үдерісті цифр­ландыру жұмыстары бас­та­­лып кетті, сондықтан мұқтаж тұ­тынушылар автоматты түрде өтемақы алады.

Ұлттық экономика министр­лігі берген мәлімет бойынша, барлық коммуналдық қыз­мет­ке қойылатын тариф пен баға­ның өзіндік құны қыз­мет­кер (электрик, монтер, сле­сарь, от жағушы және т.б.) жа­лақысының өсуі, эко­но­ми­каның реттелмейтін сек­тор­ла­рындағы материал­дар мен шикізат бағасы, стра­те­гия­лық тауар (газ, көмір, электр энергиясы және т. б.) құнының өсуі көптеген факторды ескере отырып қалыптастырылады.

Сондай-ақ атаулы әлеу­мет­тік көмек алушыларды қол­дауға газбен жабдықтау қыз­мет­теріне тарифтің жекелеген тармағы көзделген. Ондағы тариф кәдімгі тұтынушыларға қарағанда 20%-ға төмен. Осы тетікті іске асыру басталғаннан бері шамамен 177 мың тұты­ну­шы төмендетілген бағамен қызмет алыпты.

Жалпы, «Тарифті инвес­ти­цияға айырбастау» бағдар­ла­масын жүзеге асыру 2029 жылға қарай коммуналдық ин­фра­­құрылымды жаңғыртуға ша­мамен 3 триллион теңге тартуға және қолданыстағы тозуды 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді деген болжам бар.

«Бұл жерде айтылған жұ­мыс­тардың барлығы ел бюд­же­тіне немесе ұлттық қорға үлкен салмақ түсірмей ме деген сұрақ туатыны заңдылық. Рас, жоспарланған шаралардың бар­лығы қаржыландыру көзі­мен қамтамасыз етіледі. Есеп­теу жұмыстары жүріп, жан-жақты талдау жасалады. Мін­деттерді іске асыру ре­спуб­ли­калық бюджеттің тиім­сіз шығыстарын қысқарту, жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін ұлғайту, «Самұрық-Қазына» АҚ қоры мен «Бәй­терек» холдингінің резервтерін тар­ту, сондай-ақ жеке және тікелей шетелдік инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады», дейді Ұлттық экономика министрі Н.Байбазаров.