Жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойды. Соның ішінде ірі инфрақұрылымдық бастамалар айтылды. Президент айтқан салалар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және жаңғырту, баспана құрылысы, жолдарды жөндеу және газдандыру жұмысы болатын. Жауапты министрліктер осы бағыттардың әрқайсысы бойынша тиісті жұмысты бастап кетті. Алда нақты көрсеткіштер бар және ол бойынша барлық мемлекеттік орган, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес компаниялар тартылатын болады.
Биыл ел бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Бұрын жоспарланғаннан 2,5 миллионға артық. Тұрғын үй құрылысы – экономиканың негізгі драйвері, өйткені әрбір құрылысқа қатысты шағын және орта бизнес әлеуеті артады. Жұмыс орындары ашылып, құрылыс және әрлеу материалдарының өндіріс көлемі арта түспек.
«Бүгінде қызмет көрсету саласы көтеріліп, ипотекалық бағдарламаларға сұраныс артып келеді. Президент сол жиында «Отбасы банкінің» жаңа бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Бағдарлама осы жылдың 1 мамырына жоспарланып отыр. Бұл – нарық қаражаты есебінен іске асырылмақ. Бірінші жылы «Отбасы банк» нарықтан 300 миллиард теңге, кейін 8 жыл ішінде жыл сайын 200 миллиард теңге тартуды жоспарлап отыр. Осы уақыт ішінде 68 мыңға жуық жеңілдетілген несие беріледі. Осылайша, елдегі тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қолжетімді несие беру артады», дейді Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Айтпақшы, қоғамда бағдарлама тұрғын үй құнының кезекті өсуіне себеп болады деген пікір бар. Министрдің сөзінше, жеңіл пайыздық мөлшерлеменің пайдасы пәтер бағасының өсуіне әкеліп соқпауы үшін бір жылға бағаны белгілеу жүйесі қарастырылады. Пәтер бағасы «Отбасы банкінің» арнайы порталында қолжетімді тұрғын үйдің белгілі бір пулынан ғана беріліп, нақты талданған соң бекітіледі.
Нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылыс компанияларымен республикалық семинар өткізілген. Енді Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы мен құрылысшылар одағы да өз ұсыныстарын бермек. Абсолютті ашықтықпен барлық өтініш беруші мен осы несиені алушылар тізімдерін жариялау жоспарланған. Ал жылжымайтын мүліктің қайталама нарығы туралы айтар болсақ, онда «Отбасы банкінің» жаңа бағдарламасы бойынша шамамен 12 мың отбасы баспана алады екен. Егер жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату көлеміне қарасақ, былтыр ол 370 мың мәмілені құрапты. Жоспарланған қосымша көлем бүкіл нарықтың шамамен 3%-ын құрайды. Сондықтан үй бағасында айтарлықтай өсу болмайды деген сенім бар. Ал табысы төмен отбасылар үшін биыл жалға берілетін тұрғын үй саны 4 есе артады. Бұл үшін қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Халықтың осы тобы сатып алу мүмкіндігімен жалдамалы баспанада тұратын болады.
Президенттің екінші бастамасы – транспорттық желіні дамыту. Биыл жалпы көлемін 12 мың шақырымға дейін жеткізе отырып, қосымша 2,5 мың шақырым автомобиль жолын салу және реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл – тарихи максимум. Нәтижесінде, 24 мың уақытша және тұрақты жұмыс орны құрылады. Ал республикалық жолдар желісінің нормативтік жай-күйінің сапасы 93%-ға, аймақтық жолдар сапасы 91%-ға дейін артады. 1 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, экономикамызға жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы шамамен 1,3 мың шақырым «Мақтаарал-Дарбаза» (152,3 км), «Бақты-Аягөз» (272 км), Алматы стансасының айналма теміржол желісі (74 км), «Достық-Мойынты» (836 км) теміржол желілерін салу жобалары жалғасатын болады.
Ақтау теңіз сауда портының өткізу қабілетін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Құрық портының акваториясында тереңдету жұмыстарын жүргізу және порттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүзеге асырылады. Қостанайда құрғақ порт іске қосылады. Сондай-ақ көліктің барлық түрімен жоғары жүк ағынын қамтамасыз ету әрі транзиттік дәліздерді дамыту үшін логистикалық орталықтар мен қоймалар салынады. Инвестиция тарту үшін арнайы экономикалық және индустриялық, сондай-ақ шағын өнеркәсіптік аймақтарда барлық қажетті инфрақұрылым тартылады. Оған шамамен 190 млрд теңге бөлінген.
«Өткен жылы Ридер мен Екібастұз стансаларында болған жағдайға байланысты Президент елді газдандыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға ерекше назар аударып отыр. Саладағы апат санын азайту және тозу деңгейін төмендету үшін инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жалғасады. Биыл барлық өңір бойынша 6,5 мың шақырым желіні жаңғырту және жұмыс істеп тұрған 55 стансаны жөндеуге шамамен 650 млрд теңге инвестиция тарту қарастырылған. Ең алдымен «қызыл аймақ» деп танылған нысандарда жөндеу жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар былтыр басталған болатын. Сонымен қатар биыл республика бойынша 87 елді мекенді газдандыру арқылы 300 мыңнан астам азамат «көгілдір отынға» қол жеткізеді. Бұл жұмыс та басталып кетті. Үкімет 195 млрд теңге қарастырды. 1 796 шақырым газ тасымалдау жүйесін жаңғырту және салу Астана мен Шымкент қаласы, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Ұлытау облыстарын қамтиды», дейді Н.Байбазаров.
Айта кету қажет, халық үшін тариф жүктемесін төмендету үшін «қызыл аймақта» орналасқан инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында «Қазақстанның Даму Банкі» мен басқа да даму институттары арқылы қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Тұтастай алғанда, тарифтік саясатты тұтынушыларға жүктеме минималды болатындай етіп құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықтың осал топтары тұрғын үй көмегі тетігі арқылы тарифтердің өзгеруінен қорғалатын болады. Ол үшін коммуналдық шығындары отбасы кірісінің 10 пайызынан асатын азаматтар жергілікті атқарушы органдарға хабарласуы қажет. Қазір бұл үдерісті цифрландыру жұмыстары басталып кетті, сондықтан мұқтаж тұтынушылар автоматты түрде өтемақы алады.
Ұлттық экономика министрлігі берген мәлімет бойынша, барлық коммуналдық қызметке қойылатын тариф пен бағаның өзіндік құны қызметкер (электрик, монтер, слесарь, от жағушы және т.б.) жалақысының өсуі, экономиканың реттелмейтін секторларындағы материалдар мен шикізат бағасы, стратегиялық тауар (газ, көмір, электр энергиясы және т. б.) құнының өсуі көптеген факторды ескере отырып қалыптастырылады.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауға газбен жабдықтау қызметтеріне тарифтің жекелеген тармағы көзделген. Ондағы тариф кәдімгі тұтынушыларға қарағанда 20%-ға төмен. Осы тетікті іске асыру басталғаннан бері шамамен 177 мың тұтынушы төмендетілген бағамен қызмет алыпты.
Жалпы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыру 2029 жылға қарай коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 3 триллион теңге тартуға және қолданыстағы тозуды 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді деген болжам бар.
«Бұл жерде айтылған жұмыстардың барлығы ел бюджетіне немесе ұлттық қорға үлкен салмақ түсірмей ме деген сұрақ туатыны заңдылық. Рас, жоспарланған шаралардың барлығы қаржыландыру көзімен қамтамасыз етіледі. Есептеу жұмыстары жүріп, жан-жақты талдау жасалады. Міндеттерді іске асыру республикалық бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқарту, жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін ұлғайту, «Самұрық-Қазына» АҚ қоры мен «Бәйтерек» холдингінің резервтерін тарту, сондай-ақ жеке және тікелей шетелдік инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады», дейді Ұлттық экономика министрі Н.Байбазаров.