Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің өмірден озуы дүйім Қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Ел ағасы алдағы 15 сәуір күні мерейлі 85 жасқа толар еді.
Саналы ғұмырын мемлекет мұраты, ұлт келешегі жолына, туған елінің тұғырын биіктетуге арнаған Өмірбек Байгелдіұлы өз аулында қарапайым жұмысшы болудан бастап, Парламент Сенатының алғашқы төрағасына дейінгі түрлі қызмет жолынан өтті. Президент кеңесшісі, Жамбыл облысының әкімі сияқты жауапты лауазымдарды атқарды. 16 жылдан астам Сенат депутаты ретінде заң шығару ісіне белсене араласып, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында өз қолтаңбасын қалдырды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары Қазақ елінің алдында экономиканы нарықтық қатынасқа көшіруден бастап, қоғам дамуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге дейінгі үлкен міндеттер тұрды. Дербес мемлекет құру үшін әр салада білікті мамандар тапшы болғаны белгілі. Ғасырлар бойы армандап жеткен тәуелсіздікті сақтап қалу үшін тар жол, тайғақ кеше жүріп, ел іргесін нығайту саясаткерлердің табандылығын талап етті. Егемендіктің елең-алаңындағы сол аласапыранның ортасында Өмірбек Байгелді де жүрді. «Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі күндері де түрлі экономикалық, саяси қысымдар болып тұрды. Басқасын айтпағанда, қазақтың мемлекеттігіне қарсы «рубльдің шеңберінде қалыңыздар, әйтпесе ел болуларың екіталай» деген кері пікірлер де сырттан айтылып жатты. Сол үшін де қиыннан қиыстырып жол табудың арқасында ғана ел тәуелсіздігінің іргетасы берік болды», деген болатын өзі де бір естелігінде.
Өмірбек Байгелді тұңғыш Сенат төрағасы болғанда, сондай-ақ жоғарғы палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Әбіш Кекілбайұлы, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, Оралбай Әбдікәрімов, Ғани Қасымов, Аманжол Бөлекбаев сияқты қайраткер тұлғалармен қоян-қолтық араласа еңбек етті. Оның тәрбиесі мен тәлімін көріп, тәжірибесін бойына сіңіріп, бүгінде түрлі жоғары қызметте жүрген шәкірттері де бір шоғыр. Абыз ақсақал ел үшін еңбек етіп қана қоймай, ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жандарға қолұшын созудың да халық алдындағы перзенттік міндет екенін кейінгі ізбасарларына өсиет етуден жалықпады. Жас шенеуніктерге қарата: «Ізден, талпын, тым болмаса сондай істер атқаратындардың, қазақтың тарихы мен мәдениетін зерттейтіндердің жағдайын жасауға қам қыл», деп ақыл-кеңес айтуы – осы сөзіміздің дәлелі.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған!» деп осындайда айтса керек. Өмірбек Байгелдінің өзі дүниеден кеткенімен, соңында ұрпақ жадынан ұмытылмас аты қалды, ұлтқа жасаған ерен еңбегі қалды. Ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғаның есімі тарихтан орын алып, халқымызбен бірге жасай бермек.