Қазақстан журналистикасы тағы да қара жамылды. Өкінішті! Телевизия мен публицистика майталманы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов ағамыз да дәрілбақиға жол тартты. Ол кісімен көп жыл бойы араластым. Жаны таза адам еді. Ақынжанды еді. Абай мен Мұқағалидың жырларын орыс тіліне аударды. Сол туындыларды оқыған кезде жанының ақықтығы анық білініп тұратын.
Өзінің журналистік жолында көптеген ерлік жасады. Қазақтың Корчагині атанып кеткен Рахмет Өтесінов ағамыз туралы жетпісінші жылдары сонау Жаңаөзенде топырақ жұтып жүріп деректі фильм түсірген туындыгерді өмір бойы басшы болып, комфорт іздеген пенде деп кінәлай алмайсыз.
Желтоқсан көтерілісі кезінде Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы ретінде таза қазақша арна ашу жөнінде іссапармен Мәскеуде жүргенінде елдегі аласапыранды ести сала осылай қарай құстай ұшқан азаматтың Отаны үшін отқа түсуге бар екенін бажайлау қиын емес.
Елу жыл бойы халықты қасіретке ұшыратқан Семей полигонын жабуға тікелей әсер еткен адамдардың бірі болған Ғаділбек Мінәжұлын «человек тотального действия» деген атқа ие болған Эрнест Хемингуэйге теңегің келеді.
Айқын да ұстамды позициясы бар Ғаділбек Мінәжұлының шетелден қашып келген белгілі ғалым, ақын әрі журналист Айтан Нүсіпханды ешқандай құжатсыз өз қарамағына қаймықпай жұмысқа қабылдағанын қандастарын қолдаудың классикалық үлгісі деп айтқан абзал.
АҚШ-тың экс-президенті, биыл жүз жасқа толғалы отырған Джимми Картермен талай рет табақтас болып, адамзатқа пайдасы бар бірнеше жобаны бірге жүзеге асыруға қатысқан Ғадекеңе қызыға қарайтынбыз.
Алмағайып тоқсаныншы жылдардың бел ортасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Бутрос Галиден сұхбат алған жалғыз қазақтың шығармашылық ізденісі мен шеберлігіне қайта-қайта қол соққың бар.
Ешкіммен араласпай, бәрінен безіп, үйіне тығылып жатқан Лев Николаевич Гумилевтің өмірдегі ең соңғы сырласы болған ағамыздың жүрегі кең адам еді.
Мақаш правитель (Мұхамбетжан Бекмұхамбетов) туралы жазған «Пятый сон» деректі публицистикалық кітабы ізденіс пен дарындықтың қоспасынан туған сүбелі еңбек болған еді. Оның мұндай өрелі істерінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес.
Әлемнің әр түкпіріндегі өркениетті бір-бірінен бөле-жармайтын, керісінше сабақтастыра түсіндіретін оның ерекше көзқарасы өмір жолында түйген тәжірибесі мен кемел білімнің арқасында келгені тайға таңба басқандай анық білінетін. Атасы Шалахмет жүз жасаған кісі еді. Немересі де ғасырды иектеп құласа деп тілейтінмін. «Адамның дегені емес, Алланың қалауы болатыны» рас. Бақұл бол, аға!
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,
публицист-жазушы