Елімізде педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі автоматтандырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
1 сәуірден бастап Ұлттық білім беру деректер қорында педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модуль іске қосылды. Бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізу бағытында қабылданған. Сондай-ақ педагогтерді аттестаттауда құжаттарды тапсыру бойынша да автоматтандыру енгізіліп жатыр. Енді педагогтердің барлық мәліметі «Педагог портфолиосы» модулінде жинақталады. Мұнда педагог туралы, оның білімі, денсаулық жағдайы, жұмыс тәжірибесі, құқық бұзушылық, аттестаттаудан өту, марапаттары және тәлімгерлік пен цифрлық құжаттар жөнінде электронды ақпарат сақталады.
Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева: «Ашықтық пен есептіліктің болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басты рөл атқарады. Осы модульдерді енгізе отырып, педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде қағаз жүзіндегі құжат айналымын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толық жою жоспарланып отыр. Жүйені іске қосу алдында басқарма, бөлімдер мен білім беру ұйымдарының мамандары үшін оқыту ұйымдастырылды», деді.
Еске сала кетейік, бұған дейін бұл модуль Шымкент қаласында, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында сынақтан өтті. Сондай-ақ жұмыс іздеу және қажетті персоналды таңдау бойынша еліміздің басқа өңірлерінде де ашықтық орнату үшін Ұлттық білім беру деректер қорының «Электронды еңбек биржасы» платформасымен өзара интеграциясы жоспарланған.