Ұлттық құрылтайда Президент экономиканың барлық саласында өзгеріс болып жатқаны туралы айтты. Оның заңды шарттарының бір жағы әлемдегі жаңа экономикалық тенденциялар мен сауда-саттық жол тораптарының өзгеруі болса, екінші жағы осының әсерінен Еуразиялық экономикалық аймақта саяси тұрғыда Қазақстанды көршілес және іргелес елдер үшін тұрақты сауда торабы ретінде қарастыруын ескергеніміз жөн.
Әсіресе бұның жарқын мысалы ретінде еліміздің басты экономикалық серіктестері Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері қатарына Әзербайжан, Түркия, Еуропа елдері, АҚШ пен Араб түбегіндегі БАӘ секілді елдердің қызығушылығының артқанын айтсақ болады. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде дамыған мемлекет болуға экономикалық көрсеткіштерді мақсат етіп, соған жетуге кәсіпкерлерді шақыру толыққанды өзгеріс үшін жеткіліксіз екені анық. Сәйкесінше, елімізге экономикадағы құрылымдық өзгерістер мен кешенді инфрақұрылымдық шешімдер қажет.
Осындай өзгерістердің бірінші бағытын Президент креативті экономиканы дамытуға жағдай жасау деп атап өтті. Қазіргі жастар үшін өзекті экономика секторы азаматтардың шығармашылық әлеуеті, идеясы және интеллектуалдық меншігінің күш-қуатына негізделген. Ертеден өнерімен танымал қазақ халқына бұл ауқымды сектор үлкен мүмкіндік береді. Ол өз ішінде өнер, дизайн, архитектура, цифрлық технология, медиа, ойын-сауық секілді бағыттардан құралып, отандық емес жаһандық нарыққа өз туындыларын ұсынады. Қазірдің өзінде еліміздің таланттары көршілес ТМД елдері мен түркітілдес елдерге тартымды контент ұсынып жатыр. Бұл саланы дамытқан елдің үлгісі ретінде Оңтүстік Кореяны айтуға болады. Оңтүстік Корея ең бірінші ретте әлемдік нарыққа мәдени қызметтер мен тауарларды ұсынады. Бұл – танымал телехикаялар, фильмдер, әндер. Сол танылған тауарлардың ізін жалғап әр алуан нарыққа корей косметикасы, басқа да өнімдері тарады. Бәлкім, сол мәдени әсердің нәтижесі болар, қазір елімізде корей өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Сонымен қатар креативті экономика өкілдерінің туындылары еліміздің туристік тартымдылығын арттыра алар еді. Себебі отандық алаңда түсірілген фильмдерді көрген шетелдіктердің осы бір аймақтарға баруға, саяхаттауға ықыласы артады. Нәтижесінде, бұл тек сауда-саттық қана емес, жергілікті туризмнің, мейрамхана бизнесінің даму әлеуетін ашады. Бұл тәжірибе Кореяда қазіргі уақытта бар, ал елімізді енді күтіп тұр деп айтсақ болады. Сондай-ақ креативті экономиканың адам капиталының артуы мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне ықпал ететінін ескеру керек. Қазақша туындыларды түсіну, қазақ мәдениетіне қызығушылықтың әсерінен тілді де үйренуші адамдар пайда болатыны анық. Бұл тілімізді дамытуға шетелдерде міндетті түрде жоғары саяси элитаның келісімімен ашылып жатқан курстардан тыс жеке кәсіп ретінде тіл үйретуді қолға алған курстардың пайда болуына жол ашады. Осылайша, Президенттің креативті экономикаға зейін қоюын маңызды қадам деп атасақ болады.
Мультипликативті әсер беретін құрылымдық жобалар да экономиканың ілгерілеуіне септігін тигізеді. Өйткені олар тек экономикалық пайда емес, әлеуметтік мәселелерді реттеу тұрғысынан да өзекті. Әдепкісі – 55 жаңа жылу орталығының салынуы. Тура осылай 6,5 мың шақырымдық инженерлік жүйені жаңғыртуға, тозығы жетіп, ескірген инженерлік инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне негіз бола алады. Сонымен қатар 1 700 шақырымға көгілдір отынға қолжетімділікттің артуы, 300 мың тұрғынның көмірге тәуелділіктен құтылуы, осы жаңарту мен жөндеу жұмыстары өтетін аймақ тұрғындарының үй-жайды ретке келтіру мәселесін жеңілдетіп, өзге экономикалық белсенді қызметке араласуға, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік береді. Осы жұмыстарға жергілікті халық пен отандық кәсіпкерлер қатысуға тиіс, тиісінше бұл үрдіс аталған аймақтардағы жұмыссыздық деңгейін азайтып, кәсіпкерлерді жаңа табыс көзіне жеткізеді. Осы жобалар сәтті іске асқан жағдайда шалғай аймақтағы кәсіпкерлер өнімдері мен шикізатын жаңа нарыққа шығару үшін логистикалық тиімділікке ие болады. Қазір алыс аудандардағы ауыл шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және өзге шағын өнеркәсіп өкілдері өнімдерін халық саны көп шоғырланған орталықтарға жеткізе алмай отыр. Тиісінше, коммуналдық инфрақұрылым мен логистика шығын есебінен өнімдерінің құны жоғары болып кетеді. Ал жөндеу жұмыстары тығырыққа тірелген кәсіпкерлерді өз аймағында ғана сауда жасайтын тұйық шеңберден алып шығады.
Инфрақұрылым жетілуінің экономикалық белсенділікке қалайша оң әсер ететінін Алакөл және Көлсай демалыс орындарының мысалынан-ақ көруге болады. Бұл нысандардағы тиімді инфрақұрылымдық шешімдер демалыс орындарына көршілес жатқан ауыл тұрғындарының да сауда-саттықпен айналысып, қызмет көрсетуіне жол ашты. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткен Қытаймен серіктестік арқылы инфрақұрылымды жаңарту, Әзербайжанмен Каспий теңізі арқылы сауда-саттық жүргізу елдің транзиттік мүмкіндігін барынша пайдалануға әсер ете алады. Мұны біз белгілі бір деңгейде экономикаға мультипликативті әсер беруге ең ықтимал сценарий деп қарастыра аламыз.
Сондай-ақ Президент «ұлттық буржуазияның» өзектілігін атады. Бұл – осы уақытқа дейін ел экономикасында көтерілмеген тың идеяның бірі. Тек ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жергілікті кәсіпкерлер элитасы ұлттық буржуазия деп аталған еді. Мемлекет басшысының сөзінде жергілікті тұрғындар ішінен ұтқыр, жасампаз, отандық өнім мен қызмет өндіріп, жеке басының мүддесін ғана емес, мемлекетшілдік идеяны ту ететін кәсіпкерлер аталады. Яғни сөз басында айтылған экономикалық өзгеріс саладағы нысандарды жаңарту, жөндеу, өзгертуді ғана емес, сонымен қатар ел ішінде экономикалық дағдарысқа төтеп бере алатын жаңа буынның қалыптасуына ден қоюды атасақ болады.
Қуанышбек ДҮЙСЕНОВ,
АlmaU университеті, Жоғары менеджмент мектебінің оқытушысы