Құрылтайда Президент айқындап берген мақсаттың бірі – бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастыру. Алайда бұл іс қалай іске асады? Жемқорлықтың түп тамырына неліктен балта шаба алмай келеміз? Бұл сұраққа Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзімен жауап беруге болады. «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді».
Елімізде жемқорлыққа қарсы стратегия түзілген. Оның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру. Ал жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті деген сөз.
Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті оның қоғам қауіпсіздігі мен игілігіне бұл індеттің зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі емес, оны жоюға, онымен күресуге талпынуы. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз – жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Мұндай мәдениет тұлғада құқықтық аяда іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктердің болуын талап етеді, олар: жемқорлықты әлеуметтік зұлым ретінде тани білуі, сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оның қоғам өмірінің кез келген саласында деңгейін төмендету үшін барлық мүмкіндікті пайдалана білуі. Сол себепті де жемқорлыққа қарсы мәдениет бұл індетке қарсы сананың феномені саналады.
Қоғамдық сананың түрлі нысаны бар, олардың көмегімен адамдар қоршаған табиғатты, қоғам мен өздерін сезінеді. Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана» ұғымы қоғамдық сананың барлық нысанын қамтиды. Бұл интегративті ұғым, себебі ол өзіне әртүрлі ғылым саласынан ақпаратты сіңіреді, әртүрлі оқу пәндерінде зерделенеді және ол туралы білімді тұжырымдауда зерттелетін құбылысты түсінудің жаңа деңгейіне шығады. Осылайша, жемқорлыққа қарсы сана қоғамдық сананың өзге де нысандарымен тікелей өзара байланыста болады және қоғамдық санаға тән барлық қасиет және сипаттаманы меңгереді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – бұл адамдардың кеселге әлеуметтік зұлымдық ретіндегі қатынасын білдіретін ұғым, теория, түсінік пен сезім, көзқарас пен эмоциялардың жиынтығы. Мұндай сана адамгершілік және адамгершілікке жат қылықты, құқықтық және құқықтық емес, заңды және заңсыздықтың шегін көрсетіп береді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қамтамасыз ету үшін моральдық-адамгершілік, идеологиялық, құқықтық шараларды талап етеді.
Жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл жаппай сана және оның жекелеген элементтері емес, жемқорлықты қабылдамау негізінде жататын осы жүйемен тіпті сәйкес келмейтін құндылықтар жүйесі. Демек бұл дегеніміз адамгершілік пен азғындық, құқықтық және құқықтық емес, ақылды және ақымақтық, тамаша және бейберекет призмасы арқылы адами қатынастар әлеміне көзқарас. Мұндай мәдениет кез келген адамнан жоғары моральдық, құқықтық, саяси және басқа мәдениеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін талап етеді. Қазіргі уақытта бұл мәдениет шынайы қажетті құбылыс мәртебесін иеленеді, оны әлеуметтендіру үдерісінде қоғамның барлық әрекетке қабілетті мүшелері игеруге тиіс.
Жемқорлықсыз қоғам құруда отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Себебі жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі саласын қамтиды, оның ішінде, әсіресе білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары.
Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген. Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін фактор. Еліміздің әр азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосар еді.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс». Президенттің Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берген аксиомасы осы үш ұғыммен бекітілген. Бұл үш ұғымды Мемлекет басшысы «озық әрі табысты елге айналудың басты кілті» деп атады. Ал адал табысты айқындайтын шарттың бірі бүгінде жемқорлықтан ада қоғаммен байланысты.
Айжан ЕСЕНБАЕВА,
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы