Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бірқатар облыстағы тасқын суға байланысты еліміз Президентінің Қазақстан халқына үндеуіне орай әлеуметтік желіде пікір білдірді.
Қарғын судың салдарынан еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отырғанын айтқан Мәулен Әшімбаев: «Мұндай ахуал кейінгі 80 жылдан бері болмаған ең ірі табиғи апат екені айтылуда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін жариялап, тасқынның салдарын жою үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Президент тапсырмасына сәйкес Премьер-министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Үкімет мүшелері және тиісті сала өкілдері апат болған аймақтарда жүр. Қиын ахуалды еңсеру үшін күштік құрылымдар да белсенді атсалысып жатыр. Барлық құтқару жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Осы ретте Парламент, оның ішінде Сенат депутаттары да өңірлерге барып, тасқын суға қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жедел штабтардың жұмысына үлес қосып жатқанын атап өткен жөн. Сенаторлар апаттың беті қайтып, жағдай тұрақталғанша тұрғындармен бірге болады.
Мемлекет басшысы зардап шеккен азаматтардың шығындары толық өтелетінін айтты. Бірде-бір адам ескерусіз қалмайды. Осыған орай мемлекеттік материалдық резервті пайдалану тапсырылды.
Президентіміз атап өткендей, алдағы уақытта апаттан тиісті сабақ алып, қорытынды шығаруымыз керек. Соған сәйкес алдын алу жұмысындағы кемшіліктерді жойып, ондай олқылықтардың қайталанбауын қамтамасыз етуіміз қажет.
Осындай күрделі кезеңде жалған ақпаратқа бой алдырмай, ресми көздер таратқан мәліметтерге ғана жүгіну де аса маңызды. Сондай-ақ мұндай жағдайда қоғамның жұдырықтай жұмылып, бірлесіп әрекет еткені абзал.
Қазірдің өзінде өңірлерде волонтерлер мен жергілікті тұрғындар өз күштерімен тасқынға тосқын болып жатқанын білеміз. Өзге облыстардағы азаматтар мен кәсіпкерлер де белсенділік танытып жатыр. Осындай бекем бірліктің арқасында бұл қиындықты да еңсеріп шығамыз деп толық сенеміз», деп жазды.