Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында су тасқынына қатысты ақпарат тарату үшін Орталық коммуникациялар қызметінде Республикалық ақпараттық штаб құрылғаны және тасқынға қарсы күреске жұмылдырылған волонтерлер туралы жазба қалдырды.
Мемлекеттік кеңесші су тасқынына қатысты қазіргі ахуал туралы ақпарат тарату үшін Орталық коммуникациялар қызметінде Республикалық ақпараттық штаб құрылғанын, штабтың БАҚ өкілдерін құзырлы органдардан түскен мәліметпен тәулік бойы қамтамасыз ететінін хабарлады.
«6 сәуірден бастап Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Казгидромет және басқа да мекеме өкілдерінің қатысуымен қосымша онлайн брифингтер ұйымдастырылады. Төтенше жағдай жарияланған 10 аймақтан жергілікті штабтармен онлайн брифингтер жоспарланып отыр. «24kz» телеарнасының эфирлік уақыты Республикалық ақпараттық штабтың жұмысымен үйлестіріліп, брифингтерден тікелей хабар таратылады. Бұдан бөлек, телеарнадағы жаңалықтардың эфирге шығу жиілігі артып, су тасқынымен күресу және оның салдарын жою, құтқару қызметтерінің, волонтерлік ұйымдардың және басқа да азаматтардың бірлескен жұмысы, зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жинап жеткізу барысы туралы тұрақты ақпарат берілетін болады», дейді Мемлекеттік кеңесші.
«Сондай-ақ қоғам белсенділері, волонтерлер және қарапайым азаматтар зардап шеккен жандарды қауіпсіз аймаққа көшіруге, гуманитарлық көмекті жинауға және жеткізуге, тұрғындарға ақпарат таратуға қатысты бірлескен жұмыста маңызды рөл атқарып отыр. Бүгінде су тасқынына қарсы күреске барлығы 20 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған. Олардың басым көпшілігі Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ақмола және өзге де облыстардағы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне барынша жәрдемдесіп жатыр.
Қазақстан халқының Ассамблеясы тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіліп отыр. Жалпы республика бойынша қиын-қыстау жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге және қарғын су салдарын жоюға Ассамблеяның 9 мыңнан астам волонтері атсалысып жүр. Барлық аймақтағы Достық үйінде еріктілер орталығы және гуманитарлық көмекті қабылдау орындары ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен адамдарды азық-түлікпен, ыстық тамақпен, киім-кешекпен, қажетті заттармен және техникамен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда Ассамблея тарапынан берілген қайырымдылық және гуманитарлық көмектің көлемі 110 миллион теңгеден асты. Еліміздегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру – маңызды міндеттің бірі. Мұны «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты өз мойнына алды. Ауқымды филиалдар желісі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәжірибесі бар «Жастар рухы» ерікті құтқарушыларды жинау, гуманитарлық көмекті сұрыптау және жеткізу жұмысын тиімді атқарып отыр. Бүгін бірқатар ірі волонтерлік бірлестіктің өкілдерімен кездестік. Күнделікті ұйымдастыру мәселелерін талқылап, бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою үшін бірлесе жұмыс жүргізе беруге уағдаластық», деп жазды Ерлан Қарин.