Еліміздің Қарулы күштерінде «Алтын Жебе-2024» бөлімшелері кешенді тексеруден өтті. Басты мақсат – жауынгерлердің әзірлігін, кез келген тапсырманы белгіленген мерзімде орындауын, қарым-қабілетін тексеру. Сондай-ақ барлық санаттағы әскеридің далалық білімі мен кәсіптік даярлық деңгейін жетілдіру.
Дәстүрлі тексеру аясында 41433 әскери бөлімшесінің сарбаздары нормативтер кешенін тапсырды. Алдымен әскери бөлімдер жауынгерлік әзірлікке келтіріліп, міндеттерді орындау ауданында марш жасады. Мінез бен күш-жігері шыңдалған алаңда жасақ қазіргі заманғы ұрыстың талаптары мен шарттарына сай күндіз және түнде армиялық тактикалық оқ ату жаттығуларын орындады.
– «Алтын Жебе-2024» кешенді тексеру кезінде «Қарабан» полигонындағы 41433 әскери бөлімшесі көрсетілген мерзімге 15 шақырым толық есеппен шеру өткізді. Бұл тексерулерде топтардың құрамы оларға жүктелген міндеттерге байланысты қалыптасады. Осыған байланысты олар бірлесіп шеру өткізіп, қорғаныс әдістерін пысықтап, басқа да іс-әрекеттерді шыңдады. Мұндай жаттығулар далалық дағдыларды жетілдіруге, жауынгерлік жағдайға жақын жағдайда жұмыс істейтін бөлімшелердің үйлесімділігіне ықпал етеді. Дәл осындай жағдайларда тактикалық бір-бірінің әрекеттерін сезіп және өз қабілеттеріне деген сенімділік пайда болады. Барлық қойылған міндет пен нормативті әскери қызметшілер «өте жақсы» пысықтады, – деді 41433 әскери бөлімшесінің командирі подполковник Жалғас Рахымғалиев.
Бөлімшелерді тексеру бағдарламасы жыл сайын толықтырылып, күрделеніп отырады. Жалпы іс-қимылдар дала аймағында жоспарланады. Бұл маскировка жасауда және шартты жаумен күресуде ұрысты қиындатуға сеп болады. Тексеру кезінде сарбаздардың барлау-іздеу әрекеттері де сыналды. Сондай-ақ олар әскери топография, диверсиялық іс, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, медициналық дайындық бойынша арнайы нормативтерді тапсырды.