• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 08 Сәуір, 2024

«Дөкейді» күткен көрермен

121 рет
көрсетілді

Көктемнің салқын кешінде өнерсүйер қауым «Дөкей келе жатыр» деп, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрына қарай беттеген. Комедиялық қойылымның ата­уының өзі-ақ көпшілікті елең еткізді. Не туралы екенін болжасақ та, көргенше асықтық.

Бұрынғыдай емес, драма театрдың үлкен залы лық толды. Жасы бар, жасамысы бар, спектакль көруге ыңғайланды. Кейбіреу билетті ортаңғы орындардан күні бұрын алып қойыпты. Тіпті кейбір премьераларға би­лет­тің болмай қалатыны да жасырын емес. Әри­не, халықтың күнделікті күйкі тірліктен бір сәт алшақтап, руханиятқа бет бұруы қуан­та­ды. Театр өнері біз айтып отырған тұр­мыс­тың тіршіліктерінен сергітіп қана қоймай­ды, ой салады, тәрбиелейді. «Театр – өмір айнасы» деген де сол. Бүгінгі «Дөкей келе жатыр» қойылымынан да қоғамдағы жағымпаздықты, көзбояушылықты көрдік. Күліп отырып көрдік. Әртістер ешкімнің қытығына тимей-ақ шындықты жеткізді.

Шымылдық түрілді. Жайбарақат жатқан ауылдың көрінісі. Пошта, әкімшілік, тұрғын үйлер... Ортада қойдың мүсіні тұр. Оқиға да осы «Ақ қой» совхозында өрбіген. Ауылға дөкей келе жатқанын естіген Көпей өз-өзін қоярға жер таппайды. Өз көлеңкесінен өзі қорқатын ол қоймадан жоғалған елтіріні қайдан таптым деп мазасы қашады. Зейнеткерлікке аз-ақ уақыт қалғанда тексеру жүрсе, жұмыстан кететінін сезеді. Әйелі Мәриям оны жұбатып әлек. Ол болса, совхозда сауыншы болып, жұмыс істейді. Ал ауылдағы тірліктің бәрін тың тыңдағандай болып, Қилау біліп жүрсе, Шилау есеп-қисапты қойын дәптеріне түртіп алып жүреді. Шилаудың аңғалдығы бар. Қилау болса, бірді-бірге соққан жантық. Күндердің күні тауықтарға жем шашуға шыққан Көпейдің қызы Ұлқу ыдысын көшедегі орындыққа ұмытып кетеді. Оны тауып алған Шилау Ұлқуға деген сезімін күбірлеп, ыдысқа айтып отырғанын Қилау байқап қояды. Иә, Қилаудың жүрмейтін жері жоқ. Бұл ауылдағы әркімнің құпия әрекеттерінен де хабардар. Шилауда совхоздың есепшісі Базаркүлдің көңілі бар екеніне дейін біледі. Түптеп келгенде, Қилаудың көздегені – Көпейдің орны. Ауылдағыларды бір-біріне айдап салудағы мақсаты да сол, таққа жайғасу. Көпей болса, Дөкейді қайтіп қарсы аламын деп, басы қатып жүр. Ең әуелі, әдеттегідей ауыл ішін тазартты. Көше-көшедегі тауықтарды қаматып, иттерді байлатты. Тауық демекші, қойылымның ара-арасында тауықтар қылаң беріп жүрді. Көрермен ретінде бұл эпизодтан астар іздегенбіз. Режиссердің шеберлігі шығар, кейбір мекеме мамандары тауыққа ұқсап жұмыртқа табарда ғана қыт-қыттап ұя іздейді емес пе?! Сол секілді бұл ауылдың басшылығы да дөкей келе жатқанда жинақтала бастаған.

Жалпы ауыл, мейлі аудан болсын, жо­ғарыдан бастықтар келе жатса, аулаларын сы­пырып, мұнтаздай етіп қояды. Ойдым-ойдым көшелерді жамайды, қаңғыбас итерді қамайды... Ардагерлерден құрылған оркестр арнау айтып, келе жатқан шендінің алдынан шығады. Шашу шашады, дәм ауыз тигізеді. Жергілікті басшының ондағы ойы – көзге түсіп қалу шығар. Арғы жағын айтар болсақ, жұмысынан қандай да қайшылық табылса, үлкен бастық көзін жұма қараса деген мақсат. Иә, театр – айна. Көрермен бір жарым сағат­қа созылған Сафуан Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» шығармасы желісімен қойыл­ған комедиялық спектакльді бір демде көріп шықты. Күлді, қол соқты, ойланды. Соңын­да дөкей дегендері, сол ауылдың оқуға аттан­ған Дөкей дей-тұғын баласы болып шықты.

Сахнаны ауылдың атмосферасын сезіндіре отырып безендірілуі, әртістердің киім киісі – суретшілердің еңбегі. Ал рөлдерді жетер жеріне жеткізіп тұрып ойнаған тамаша атмосфера – актерлердің шеберлігі. Осының бәрін үйлестіріп, бір арнаға тоғыстырып, жұп-жұмыр етіп, көрерменге ұсынған – қоюшы режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың ерен еңбегі. Жалпы, осындай көркем дүниені апта сайын көрерменге ұсынып отырған облыстық драма театр ұжымының ұйымшылдығы мен маңдай терінің арқасы дер едік.

 

Өскемен