«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен сату жөніндегі менеджер Мақсат Заитов жаңа ипотекаға кез келген мерзімнің депозиттерімен қатысуға болатынын, алайда, 1 млн теңге жинақ сомасы туралы талап сақталатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Ипотеканың белгілі шарттары мен талаптары
Мөлшерлеме: 7% - халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, 9% - басқалары үшін.
Бастапқы жарна - 20%-дан бастап.
Несие мерзімі - 19 жыл.
Өңірлерде, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент, облыс орталықтарында несиенің ең көп сомасы әлі анықталмаған. «Отау» ипотекасымен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін.
Қатысушының соңғы бес жыл ішінде ешқандай жылжымайтын мүлкі, сондай-ақ оның және оның отбасы мүшелерінің: ерлі-зайыптыларының, балаларының оның тұрғын үйімен ешқандай мәмілелері болмауы тиіс.
Биыл 300 млрд теңгені қаржыландыруға қарамастан, «Наурыз» ипотекасында баллдар бойынша ранжирлеу принципі қалады, «Отаудағыдай» депозит мерзіміне қатысты шарттар болмайды.
Қандай тұрғын үйді сатып алуға болады?
Қазір нақты шарттар жоқ. Десе де Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында - бастапқы нарықтағы үйлер.
Ал ауылдар мен аудан орталықтары бойынша тұрғын үй сегменті әлі талқыланып жатыр.
«Наурыз» бойынша барлық бастапқы нысандарды Баспана маркет порталынан көруге болады.
«Наурыз» ипотекасының «Отау» ипотекасынан айырмашылығы қандай?
Кез келген мерзімнің депозиттерімен қатысуға болады. 18 ай және одан артық депозит қажет емес. Алайда, жинақталған сома туралы шарт 1 млн теңгені құрайды.
Әлеуметтік осал топтар үшін ипотека бойынша мөлшерлеме - 7%.
Биыл «Наурыз» бағдарламасына қатысуға өтінімдер 1 мамырдан бастап қабылданады. Бірақ келесі жылдан бастап өтінімдер 1 наурызда қабылдана бастайды.