«Сабақты зерттеу» делінетін сөз тіркесі жаңа ғасырдың алғашқы ширегінде білім беру үрдісіне ендеп кіре бастады. Кембирдж бағдарламасы бойынша оқу мен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне ден қойған кезеңнен бері, өткен жылдар ауқымында осы атау еліміздің барлық мектебіндегі ұстаз қауымының аузында жүретін әңгімеге айналды.
Зерттеу дегенде біз, мұғалімдер, зертхана мен зерттеу алаңдарын көз алдымызға келтіріп, ғылымға, ғылыми жаңалықтарға байланысты мәселені ойға алушы едік. Кембрдиж бағдарламасына дейін сабақты зерттеу деген сөйлем, болмаса түсінік, ұғым, пайым ойымызға да кірмеген. Бірақ ол сабақты елеусіз қалдыру емес, оның маңызын жоққа шығару да емес, сол жылдарда сабақты талдау сипатындағы іс атқарылатын.
Мектеп әкімшілігі, болмаса ашық сабаққа қатысқан мұғалімдер өткізілген сабақты жан-жақты талдап, жетістіктері мен кемшіліктерін жіпке тізгендей етіп беретін. Сабағы сынға түскен мұғалім әкімшілік пен әріптестері айтқан пікірлер мен сыни ескертпелерді жадынан шығармай түзетіп, өз ісінің белгілі бір дәрежедегі шебері атанатын. Бұл істің бір кемшілігі де көзге айқын ұрып тұрушы еді, ол – мұндай талдаулар үзілмей жүретін үздіксіз жұмыстың қатарына жата қоймайтыны. Бір оқу жылында екі, әрі кетсе үш рет қана өткізілетін сабақ талдауы мұғалімдердің басым бөлігінің шеберлігін ұштауға аздық ететін, сондай-ақ сабақ талдауының кейіннен көзбояушылыққа айнала бастағаны да, жасырын емес. Мұғалімнің сабағына қатысып, оны талдауға әкімшілік тарабы аса ықыласты да бола қоймайтын. Қағазбастылықтан бас көтере алмай, алтыннан да қымбат уақытын жоғары жақтан келіп жатқан сансыз нұсқаулар мен жарлықтарды орындауға жоғалтатын оқу ісінің меңгерушісі мен мектеп директорын кінәлай да алмайсың. Ашық сабаққа келсек, ол әрине көбінесе санатын көтеруге талап қылған мұғалімнің іс-әрекеті болған соң, ымыраға келе отырып, жоқты бармен көрсететін жол-жораға айналғаны да ақиқат, екі жағдайда да білім сапасын көтеру туралы сөз қозғау артық.
Уақыт талабы, заман лебі, ғасыр ғаламаты мұғалімге білім сапасын арттыруды, оқушы ой-өрісінің деңгейін көтеруді күн тәртібіне мейлінше қатаң қойып, ұстаздар қауымына аса жауапты міндет жүктеді. Кембирдждік оқу мен оқытудың жеті модулі, одан кейін келген оқу мен оқытудың жаңартылған бағдарламасы біздің ұстаздарға да тың серпін берді. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жаңа идеялар мен жаңа әдіс-тәсілдерді күн тәртібіне енгізді. Анығы, ұстаздардың жадына қайталай жаңғыртты. Бақсақ бақа екен дегендей, шетелдік әріптестеріміз бізге шыт жаңа қылып ұсынып отырған әдістер мен тәсілдер бұрыннан да біздің күнделікті өмірімізде кездессе де, бәлендей мән бермей жүрген әдіс-тәсілдеріміз болып шықты. Тек ана кісілер күл арасында жатқан алтынымыз бен жауһарымызды, сол күлінен аршып, жарқыратып біздің алдымызға жайып салды. Аталған курстарда дәріс тыңдай жүріп, көз алдымызда тұрса да көрмей жүрген көптеген дүниеге көзіміз ашылды, мән-жайға қанықтық. Оның бәрін осы бір шағын мақалада қамту мүмкін емес болғандықтан тақырыпқа сай сабақты зерттеу деген не, оның білім сапасын арттыруда қандай маңызы барына тоқталмақпын. Ең әуелі, сабақты зерттеу деген не? Соған келейік. Сабақты зерттеу кез келген мұғалімнің, мейлі ол еңбек жолын бастаған жас маманның болсын, мейлі бар ғұмырын бала оқытуға сарп еткен ардагер ұстаздың болсын, күнделікті іс-әрекеті, тыныс-тіршілігі. Мұғалімнің тәжірибе алмасуына, өзін-өзі жетілдіруіне, оқу мен оқытуда болып жатқан деректерді жинақтап талдауына, өзіндік рефлексия жасауына бағытталған жұмыстардың жиынтығы. Сабақты зерттеу ісінде жалғандық, көзбояушылық жайына қалады, шынайылық пен шындық алға шығады, ондай болмаған жағдайда оң нәтижеден күдер үзе бер. Мұғалімнің болжамы бір жағынан, шынайылық пен шындық бір жағынан, үш жақты тепе-теңдік жағдайдың болуы шарт, әйтпесе бір жағына қарай құлаған мосы да бір, нәтиже де бір. Сабақты зерттеу осы тепе-теңдікті ұстап тұрудың кепілі десек қате кетпейміз.
Сабақты зерттеу нақтылап айтсақ мұғалімнің әрекеті, екеуі бірін-бірі толықтырып отырады. Бұдан шығатын қорытынды әрекетсіз зерттеу жоқ, зерттеусіз әрекет жоқ. Сабақты зерттеу білім сапасын көтеруге, арттыруға сөзсіз ықпал етеді, зерттеу үдерісі үздіксіз, әрине психологиялық, әлеуметтік, гигиеналық талаптар қатаң сақталатын үдеріс. Белгілі бір оқушымен, белгілі бір бағытта, белгілі бір мақсатпен атқарылатын жұмыстың жемісті болатынын айтқан жөн. Сабақты зерттеудің басты мақсаты – білім сапасын арттыру болған соң, зерттеу обьектісі оқушы болады, мұғалім оқушы бойындағы барлық мүмкіндіктің көзін ашуға, баланың ойы мен санасындағы болуға тиісті өзгерістерге қол жеткізуге күш салуға мүмкіндік алады. Бала санасындағы «Мен»-ге жағымды әсер етіп, оның бойына өзін лайықты бағалау дағдысын қалыптастырады, оқушының оқуға, білімге, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Оқушының өз ойын айту, оны жеткізе білу, қағаз бетіне түсіре алу, жолдасының, мұғалімнің айтқанын тыңдай білу секілді дағдыларын жетілдіріп, дамытады. Баламен жұмыс істеген мұғалімнің қателесуін де жоққа шығара алмаймыз, зерттеуші мұғалім мұндай жағдайда, өзінің қателігін дер кезінде аңғара білсе, әрі олқылығын орнына келтіре алса, құба-құп.
Бұл арада зерттеу сұрақтары мұғалімнің бағдаршамына айналса нұр үстіне нұр болмақ. Мысалы, баланың біліміндегі орын алған олқылық қайдан шығып жатыр, оның себебі не, оны жою үшін қандай іс-қимыл жасаған жөн, осы бір сұрақтарға дұрыс жауап таба алған мұғалім бала білімінің сапасын да сенімді түрде арттыра алады. Білім сапасы дегенде, сыныптағы барлық оқушының бәрі бірдей «4» пен «5»ке оқығанын емес, ол тіпті мүмкін де емес, әрбір оқушының өз деңгейінде білім алуын ескерген жөн. Оқу – оқушы үшін еңбек, оқушы күнделікті сабақ барысында, еңбекке тартылады, еңбек етуге дағдыланады, еңбексүйгіштік қасиеттің иесі болады, мектептен кейінгі «Ұлы өмірде» де осы қасиеттерінің арқасында өкінішсіз ғұмыр кешеді. Мұғалім берген білімнің сапасы осы тұста анық көрінеді, өйткені осы бір тұтас тұлғаны сомдап шығаратын да сол.
Айгүл Төлежанова,
Ы.Алтынсарин атындағы № 83 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
АСТАНА