Бүгінде ел бойынша ұзындығы 3 221 шақырым болатын 17 бағыттағы ақылы жол учаскесі белгіленген. Оның ішінде 11 учаскесі (2 161 км) І санаттағы жолға жатса, қалған 6 учаске ІІ және ІІІ санаттағы (1060 км) жол болып есептеледі. Былтыр бюджетке 30 млрд теңге шамасында қаржы түсірген ақылы жолдың ақшасын жауаптылар қалай жаратып отыр? Жол сапасын арттыруды көздейміз деген министрлік биыл тағы қанша ақылы жолды іске қоспақ? «Жыртықты бүтіндейміз» деген жоспарлы әрекеттің ендігі жай-жапсарын мақала өзегінде көрсетуге тырыстық.
Төлем тәртібі
Алғаш рет 2013 жылы «Астана-Щучинск» бағыты ақылы жолға айналды. 2019 жылдың басында «Астана-Теміртау», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қонаев» жолдарына ақы төлене бастады. 2021 жылдың қарашасынан бастап «Астана-Павлодар, «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Өзбекстан шекарасы», «Қонаев-Талдықорған», сондай-ақ «Щучинск-Көкшетау» бағытындағы жолдар ақылы негізде іске қосылды.
Былтыр жыл соңына қарай «Павлодар-Қалбатау», «Бейнеу-Ақжігіт», «Орал-Самара», «Павлодар-Омбы», «Көкшетау-Петропавл», «Орал-Саратов» автожолдарының тағы 6 учаскесі ақылы болды.
Түрлі-түрлі төлем бар
Әр учаске бойынша өзіне бекітілген тариф бар. Соған орай сомасы да әртүрлі. Сондай-ақ барлық категориядағы автокөліктерге айлық немесе бір жылдық абонементтер бар. Мамандар 1403 нөміріне хабарласып немесе kaztoll.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы абонемент рәсімдеуге болатынын айтады. Бұл – ұдайы жолда жүретіндер үшін тиімді.
Әр ақылы учаске бірнеше аймаққа бөлінген. Аймақтардың шекарасында бақылау аркалары бар. Төлем мөлшері де осы аймақтарға тікелей байланысты. Көлік бақылау аркасын кесіп өту кезінде арнайы жүйе көлік ақылы учаскенің бірінен шығып, келесі аймаққа кіргенін тіркейді.
Төлемақы мөлшері автокөліктердің жүк көтергіштігіне байланысты. Мысалы, I санаттағы жолдарда барлық көлік құралы салмақ бойынша жол ақысын төлейді, ал ІІ және III санаттағы жолдарда жол ақысы тек жүк көлігінен алынады. Яғни жеңіл көлікке қатысы жоқ. Бүгінде «Астана – Павлодар», «Астана – Щучинск», «Щучинск – Көкшетау», «Астана – Теміртау», «Алматы – Қонаев», «Қонаев – Талдықорған», «Алматы – Қорғас», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы» учаскелері І санатты жолдың нормативтік талаптарына сәйкес болып есептелген.
30 млрд қайда кетеді?
Былтыр барлық ақылы жолдың есебінен шамамен 30 млрд теңге қаржы түскен. Көлік министрлігі берген мәліметке сүйенсек, төлемақы нақты жылдық сомасы аудиттелген есептің нәтижесінен кейін белгілі болмақ.
Көпшілікке бұл қаржының қайда жұмсалатыны қызық. Жалпы, біздегі республикалық маңыздағы автожолдар ақылы болғаннан бастап олардың шығындарына мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Дұрысы, жоба басталғалы ақылы учаскелер өзін-өзі қаржыландыруға көшті. Түскен қаржы ақылы жолдарды күтіп-ұстауға және жөндеуге жұмсалады. Бұған қардан тазалау, тайғаққа қарсы материалдарды себу, қар тоқтататын қоршау орнату, жол белгілерін жаңарту, жолақтар салу, күнделікті жолдың бойын және жиектерін жинау, демалыс алаңдарын тазалау жұмыстары кіреді. Сондай-ақ қажетті арнайы техника сатып алу да қарастырылған. 2021–2023 жылдары ақылы жол есебінен 8,6 млрд теңгеге 191 жол техникасы сатып алынған. Жеңілдетілген несие аясында былтыр 22,3 млрд теңге сомасына 245 бірлік арнайы жол техникасы алыныпты.
Рас, жолдың ақысын төлеген соң, ондағы жағдайдың жасалғаны дұрыс-ақ. Бірақ кейбір жерлерде қызмет көрсету сервистерінен бөлек жол сапасы да көңіл көншітпейді.
«Жергілікті «ҚазАвтоЖол» мекемесі өзіне тиесілі жұмысты атқарып отырса, көлік жүргізушілері оған дау айтпайды. Тек халықтан түскен түсімнің мақсатты жұмсалғаны керек. Өзім көп қатынайтын «Қызылорда – Шымкент» бағытында бұл жұмыстар жақсы жолға қойылған. Ойылған, бұзылған жолды тез тарада тегістеп, қалпына келтіріп отыр. Ал осыны қайта келтіру үшін тендерге салып, құжатын рәсімдеп, құрылысты жүргізетін компания белгілі болам дегенше, бұзылған жол одан әрі бүлінеді. Бір сөзбен айтқанда, уақыт көп кетеді», дейді жүргізуші Бағдат Есжанов.
Қазір ақылы учаскелердің бойында 326 сервис нысаны (жанармай құю бекеттері, кемпингтер, қонақүй, тамақтану пункттері, техникалық қызмет көрсету стансалары мен дәретханалар) бар. Оның 78%-ы ұлттық стандарт талаптарына сай. Биыл 5 ақылы учаскеде модульдік үлгідегі 7 санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланыпты.
2,4 мың шақырым жол ақылы болмақ
Былтыр қараша айының соңында өткен Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардың қатары өсетінін айтқан еді. Оның сөзінше, кейінгі жылдары құрылыс жұмыстары көлемінің артуына байланысты 4 жолақты жолдардың үлесі көбейіп жатыр. Бұл өз кезегінде жол-пайдалану техникасының санын арттыруды талап етеді. Осы қажеттілікті шешу үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қосымша жол техникаларын алып жүр. Дегенмен әлі 1 100-ден астам техника жетіспейді, сондықтан «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» жеңілдетілген несие алу арқылы техникаларды толықтыру жұмыстары жалғасады.
«Жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаржы қажет етіледі. Осы орайда республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында ақылы жолдарды кезең-кезеңімен іске қосып жатырмыз», деген еді министр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның 2023–2032 жылдарға арналған даму жоспары бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақылы жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. Ақылы жүйе енгізілетін учаскелерді анықтау кезінде транзиттік бағыттарға назар аударылады. Биыл жалпы ұзындығы 2,4 мың шақырым («Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Орынбор», «Ақтау – Бейнеу», «Қызылорда – Ақтөбе облысының шекарасы», «Үшарал – Достық», «Қостанай – Денисовка», «Мақат – Қандыағаш», «Тараз қаласындағы айналма жол», «Қарағанды қаласындағы айналма жол», «Балқаш – Бурылбайтал», «Шу – Бурылбайтал») жолда ақылы жүйе енгізіледі деп жоспарланған. Ал ақылы учаскелерді енгізу жоғарыда аталған автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін және олар нормативтік талаптарға толық сәйкес болғаннан кейін ғана басталатын көрінеді.
«Биыл Қызылорда мен Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі жолды ақылы ету туралы дерек бар. Бірақ ол екіжолақты. Әрине, бұл бағытта сервистік қызмет көрсету жақсы дамыған, бірақ көлік қозғалысы өте көп. Жеңілі де, ауыры да ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Тар әрі екіжолақты болған соң, онда бір-бірінен басып озам дегендердің апатқа ұшырауы көбейеді. Неге осындай екіжолақты жолды кеңітіп, төрт жолаққа айналдырып, одан соң ғана ақылы қылмасқа? Екіншіден, күре жол бойында мал өткелдерін салса, тиісті қоршаулар жүргізсе, жалпы жол мен қызмет сапасы дұрыс болса, мемлекеттің мұндай шешіміне ешкім де қарсы болмайды. Ал сапасы жоқ, қызметі төмен жолға төлемақы талап етуге өз басым қарсымын», дейді Б.Есжанов.
Жалпы, 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстары жүріп, оның аяқталуына қарай мұндай жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілетін болады. Министрдің сөзіне сенсек, еліміздегі ақылы жол тарифі жақын және алыс шетелдермен салыстырғанда ең төмен көрінеді.
«Қазақстандағы ақылы жолдар тарифі жақын және алыс шетелдермен салыстырғанда ең төмен екенін айта кеткен жөн. Кейінгі уақытта транзиттік ағынның өсуіне байланысты, жөнделген жолдарды нормативтік жағдайда сақтау үшін, жол ақысын қайта қарау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақылы жүйе бірінші кезекте транзиттік көлік құралдарынан қаражат жинауға бағытталғанын ескере отырып, отандық тасымалдаушылар үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік төлем көзделген», дейді М.Қарабаев.
Министрдің айтуынша, бүгінде жолдардың сапасы бойынша сын жетерлік. Басым бөлігі жергілікті желіге қатысты. Себебі жолдары нашар өңірлерде жергілікті бюджеттен мүлдем қаражат қаралмаған көрінеді. Былтыр 4200 шақырым жергілікті жолдар жөнделген, бұл жұмыстарға бюджеттен 384 млрд теңге көзделген, оның 81 млрд теңгесі (21%-ы) жергілікті бюджеттен бөлінген. Осылайша, салалық ведомство әкімдіктер жолдың нормативтік жай-күйін көтеру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қарастыру керектігін айтып отыр.