Еліміз кейінгі 80 жылда болмаған үлкен апатқа тап болды. Қарғын судың кесірінен қара халық қазір күрделі жағдайды басынан өткеріп жатыр. «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» еді. Өкінішке қарай, еліміздің он екі аймағын су басып, тұрғындар жан сауғалап жатқанда қара бастың қамын күйттеп, біреудің қайғысынан пайда көріп, қолдан қымбатшылық жасағандар да табылды.
Көпке топырақ шашпаймыз. Қалың жұрт қызыл сумен арпалысып жүргенде қолындағы барын ұсынып, қажетті көмек көрсеткендер көп. Әлі күнге дейін су басқан өңірлерде тұрғындарды тегін тасып, азық-түлік пен керек-жарақтарын ақысыз-ақ беріп жатқандар жетіп артылады. Бірақ жамандық та жерде жатпайды.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тасқын су орталықпен байланыстырып тұрған жалғыз көпірді бұзып кетіп, төтенше жағдай жарияланғанда ауылдағы ең үлкен дүкен иесі азық-түлік бағасын көтеріп жіберген. Әлеуметтік желіге дүкендегі нан, сұйық май мен ұн бағасының өскенін көріп, ашуға булыққан ауыл тұрғындарының бейнежазбасы шығып кетті. «Ел тасқыннан зардап шегіп отырғанда, бұл не масқара?! Азық-түлік қымбаттаған. Дүкен иесі «Қымбат болса, алмаңдар», деп тұр. «Әкімдік қайда, кәсіпкерлік қайда?» дейді ашынған әйел.
Ал Көкарнада бөгет салуға жұмылып, тасқынның алдын алуға жиналған жігіттер желі арқылы Атырау облысының әкімдігіне бейнеүндеу жасады. «Қазір бізге қап пен күрек керек. Бүгін базарға барып, өз көзімізбен көрдік, қап жоқ. Алыпсатарлар бір жерден алған да заңсыз саудаға шығарған. Барсаң телефон нөмірін береді. Хабарласып сол жерден барып қана аласың. Құнын 200-300 теңгеге дейін өсірген. Базардағы бағаны кім қадағалап жатыр? Ел басына күн туғанда құзырлы органдар ең болмаса бағаны ұстап тұрса, соның өзі мына халыққа көмек болар еді», дейді олар.
Күні кеше Атырау облысындағы Құлсары қаласы қызыл судың астында қалды. Бір түнде 12 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге шығарылып, қалада қалған ер-азаматтар ауылды аман алып қалу үшін жанталасып, бөгет жасауға жұмылды. Ал бөгет жасауға құм мен кәдімгі қытайдың 50 теңгелік қабы керек. Осы сәтті ұтымды пайдаланған әккі саудагерлер былайғы күні шаң басып жатқан әр қаптың бағасын үш есе өсіріп жіберген. Тасқын судан қалай қорғанарын білмей қиналып отырған ауыл тұрғындарын кей пысықайлардың базардағы барлық қытай қабын жаппай сатып алып, жеке саудаға қымбатқа шығарғаны тіпті ашындырып отыр.
Қарғын судан өмірі мен үй-мүлкіне, малына қатер төнген халық жансауғалап көрші ауыл, аудан, тіпті облыстарға кетуге мәжбүр болды. Мұны да қалт жібермей, қолынан келгенде қонышынан басқандар бар. Қиын-қыстау сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың орнына қалтасын күйттеген таксистер жолақысын қымбаттатып жіберген. Қарт әке-шешесі, бала-шағасымен түнде жолға шыққан жұрттың көлік таппай сенделгенін көрген таксистер күнделікті тарифтерін бірнеше есеге көтеріп, құлсарылықтарды қауіпсіз жерге апаруға «көмектескен» көрінеді. Енді Атырауға аяғы жеткендердің біразы паналайтын ет жақыны, туған-туысы болмағандықтан жалдамалы пәтер іздейді. Мұндай «оңтайлы сәтті» риэлторлар мен жалдамалы пәтер ұстап отырған жеке кәсіпкерлер де «оңынан» пайдаланып қалған. Әдетте 5-6 мыңға жалға беріп отырған баспанасының құнын аспандатып жіберген. «Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» дегеннің кері.
Соңғы ақпараттың ақ-қарасын білу үшін «Крыша.кз» сайтына кіріп көрдік. Атырау қаласында 1-2 бөлмелі пәтерлерді жалға алу құны 12 мыңнан бастап 20-25 мыңға дейін деп көрсетілген. Өзін Жанна деп таныстырған атыраулық риэлтор жалға алу бағасының өспегенін, пәтер құны аудан, баспана жағдайы мен жөндеу жұмысына байланысты құбылып тұратынын ғана айтты. «Ал су тасқынынан кейін баға күрт өсті дегенге келісе алмаймын. Керісінше, біз Рамазан айында бағаны сәл түсірдік. Жұрттың айтып жүргені элиталы коттедж үйлерді жалға алу құны болар. Олардың бағасы расымен қымбаттау», дейді ол.
Ал Құлсарыда жүрген журналист Өркен Жоямерген «қапшықтың құны өскен-өспегенін тап басып айта алмаймын, бірақ қат екені рас», дейді. «Бүгін ғана қалаға бір КамАЗ қапшық әкелінді. Халықтың, жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігіне таң қалдым әрі риза болдым. Бәрі бір кісідей көмекке ұмтылып, ас-суын дайындап, бөгет салуға атсалысып жатыр. Мұнда жасы да, жасамысы да жүр. Такси бағасы қымбаттады дегенді өзім естіген жоқпын. Қалада қазір жанар-жағармай тапшы. Кеше көрші Маңғыстау облысынан келген азаматтар тегін азық-түлік, жанар-жағар май таратты. Ал 14 көлік жүргізушісі халықты Ақтауға тегін тасуға дайынбыз деп отыр. «Көршідегі жағдайды естіп, тыныш жата алмадық» деп келген Қызан ауылының 15 жігіті де қолдарынан келген көмегін аяп жатқан жоқ», дейді журналист.
Атырау облысында Жем өзені көтеріліп, Жылыой ауданындағы 2 810 тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басқанда сол жаққа арнайы барған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Құлсарыда да болды. Депутат алдымен Қаратон ауылында бөгет тұрғызып жатқан азаматтармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыспен танысқанын айтады.
«Жасыратыны жоқ, қолдан қымбатшылық жасау деректері болды. Бұл – су басқан өңірлерде бастапқыда туындаған мәселе. Қызыл су ауылдарды басып қалғанда көп кәсіпкерге сауда орнын, дүкенін жабуға тура келген. Қап пен күректің қат екенін білген алып-сатарлар осы сәтті пайдаланып, бағаны көтеріп жіберген. Бірақ қазір баға да, жағдай да біршама тұрақтанды. Маңғыстау, өзге де өңірлерден келген гуманитарлық көмектің арқасында азық-түлікке, жанар-жағар майға дәл қазір сұраныс жоқ. Жан-жақтан ағылған көмектің өзі бағаны басып жіберді», деді Дүйсенбай Тұрғанов. Депутаттың айтуынша, қиын-қыстау күннің алғашқы 3-4 күнінде әсіресе қапты қымбат сату оқиғалары тіркелген. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер бір кісідей атсалысқанның арқасында тапшылық біртіндеп шешілген. «Күні кеше Махамбет, Индер ауданының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдадым. Қара халық қаптың, арнайы техниканың әлі де қажет екенін айтып жатыр. Әсіресе бөгет тұрғызуға жұмыс қолы тапшы. Сол жерде жүрген Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бірден Қорғаныс министрлігіне хабарласып, қосымша 300 жауынгер жіберу туралы тапсырма берді. Ашығын айту керек, тасқыннан туындаған мәселе өте көп. Дені сол жерде, халықпен кездесу барысында бірден шешімін тауып жатыр», деген депутат 1-6 сәуір аралығында аймақтағы су тасқынымен күрес жұмысы барысында құм толтырылған 45 902 қап, 174 342 тонна инертті материал төселгенін де мәлімдеді.
Д.Тұрғановтың айтуынша, қазір Құлсары қаласында дүкендер қоры толықтырылып, халыққа әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қолжетімді бағамен және жеткілікті мөлшерде ұсыну мақсатында «Атырау-Құлсары» бағытында темір жол вагоны қойылып, өнімдер тегін тасымалданып жатыр. «Қазір азық-түлік бағасы тұрақты. Қалада қуаттылығы күніне 3 мың нан шығаратын наубайхана жұмысын жандандырып, қала дүкендеріне 110 теңгеден жеткізіп жатыр. Жалпы, қалада 115 азық-түлік дүкені бар, қазір тек 45 сауда нысаны жұмыс істеп жатыр», деді ол.
«Көршімнің үйі өртеніп жатқанда қойымның басын үйітіп алайын» дейтін арамзалар арамызда бар. Бұл – жасырып-жабуға келмейтін шындық, өкінішке қарай», дейді су басқан өңірлерде алғашқы күннен бастап жүрген Мәжіліс депутатының бірі Нартай Сәрсенғалиев. «Дәл осындай төтенше жағдай кезінде онсыз да пайда тауып отырған кәсібіне екі, тіпті үш еселеп баға қосуды адамдықтан мүлде жат қылық деп білемін» деген ол ел-жұртты қызыл су басқанда, әсіресе ең қажет деген азық-түліктің, қап пен күректің, көлік құны мен пәтер бағасының аспандап кеткенін айтады. «Негізі қазір келіп жатқан қаржылық көмектің барлығын арнайы техника алуға, өзен-арықтарға бөгет тұрғызып, судың арналарын кеңейтуге жұмсауымыз қажет еді. Ал біз сол қаржыға қап пен күрек сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Ал бұл тойымсыз кей кәсіп иелерінің ардан аттаған әрекеттерінің салдары», дейді депутат.
Су астында қалған халықтың мұң-зарын құзырлы органдарға жеткізіп жүрген Нартай Сәрсенғалиев: «29 наурызда апат басталды дегенді ести салысымен бірден Премьер-министрдің атына хат жолдадық. Ол кезде тасқынның алдын алуға бөлінген 7 млрд қаражаттың қайда кеткенін, қай өңірлерге бөлінгенін, осының бәріне толық тексеріс жасау қажеттігін де айтқан едік. Су тасқыны қарқын алған 30, 31 наурыз және 1 сәуір күні Батыс Қазақстан өңірінде болдым. Халықтың қиын жағдайын өз көзімізбен көрдік. Шынын айту керек, жағдай өте қиын. Тұрғындар апат кезінде есіріп кететін алып-сатарлар мәселесін айтып, қорқынышын білдірген еді. Жұрттың «Ел басына күн туса, ең бірінші, азық-түлік бағасы қымбаттап кетеді, осының алдын алсаңыздар» деген өтінішін Премьер-министрдің атына жазған хатта да атап көрсеттік. Бұл мәселені тұрақты комиссия мен жергілікті жердегі басшылыққа, облыс әкімдеріне де ұдайы айтып келеміз», деді.
Депутат алаңдаушылық білдіріп отырған тағы бір мәселе бар. Ол ертең апаттың беті қайтып, тасқынның салдарын жою кезінде туындайтын өзекті сұрақтың бірі – құрылыс материалдарының құны. «Бұл күн де өтер. Ертең суға кеткен мыңдаған үй, сан мың қора-қопсыны қайта тұрғызуымыз керек. Сол кезде құрылыс материалдары жаппай қымбаттап кете ме деген қорқыныш бар. Қазірдің өзінде осы мәселені дабыл қағып айтып жатырмыз. Себебі қысыл-таяң кезде қат дүниені қымбаттатып жіберу – өте сорақы, сұмдық жағдай. Әсілінде базар аралап, мобилографын ертіп алып, сауда орындарын тексеріп, оны видеоға түсіруді ұнататын әкімдер өз өңіріндегі бағаның тұрақты болуына, оның негізсіз өсіп кетпеуіне толықтай жауапты және осы бағытта жұмыс істеуі керек. Себебі баға себепсіз өсетін болса, оның ақыры үлкен әлеуметтік дүмпуге әкеп соғуы әбден мүмкін. Бұған жол бермеуіміз керек», деген депутат өңірлердегі, жергілікті жердегі баға саясатына құзырлы мемлекеттік органдардың жауапты екенін тағы бір еске салып өтті.
Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Уайс Ерсайынұлы арам пиғылдағы адамдар қай елде де болатынын жасырмайды. «Ондай адамдар бір күнде түзеле салмайды. Ел іші болғасын ондай болады. Тіпті төтенше жағдай емес, жай күннің өзінде түсінбестік болып жатады. «Мал ашуы – жан ашуы». Қара шаңырағынан айырылған жұрттың ашуы қаттырақ келеді. Бір елдің телі, тентегіне бола, міндетсінгендей болып, мыңның жасаған жұмысын, ниетін зая кетірмейік. Мұның барлығы, түптеп келгенде, елдігімізге – сын, ерлігімізге көлеңке түсіреді. Қазір бізге бірлік керек. Онсыз тоз-тоз боламыз!», деді.
Рас, қазір бір-бірімізге сын айтып, тас лақтыратын емес, жұдырықтай жұмылып елге көмек беретін, халық болып бірігіп апатқа қарсы тұратын кез. Алайда апат болған аймақтарда құтқару жұмыстарына қажет құрал-жабдықтар, жанар-жағармай тапшылығы, бағаның қымбаттағаны туралы ара-тұра көзіміз шалып қалғанда «Қызыл судан қиналған халықтың онсыз да тесік қалтасына қол салатындай ниетіміз соншалықты тарылып, адамшылығымыз аяқ жақта қалғаны ма?» деген сұрақ қинайды. Адамның адамдығы дүние-мүлікте, жылтырақты қомағайлықпен жинай беруде емес, қиналғанға қолұшын созып, зардап шеккендердің көңіліне кірбің түсірмеу, еңсесін көтеру еді. Дәл осындай апат кезінде ақша жасап қалуды ойлау адамда пайдакүнемдіктің асқынғанынан болар.
Анығы ар мен ұят, обал мен сауап жоқ жерде береке-бірлік те болмайды, байлық та тұрақтамайды. Елдің басына күн туғанда... «Бүлінгеннен бүлдіргі алмай», бірлікке бастайтын іске жұмылғанымыз керек!